Ақыл-ой, сана-сезім қабілеті кең, өрісті адамдардың тіл байлығы, оның қандай да бір жазбалары, әңгімесі тіршілік бақытын баяндай алса, өзінде барын өзгеге қызғанышсыз бере алса, өткен өмірдің үлгі-өнеге, тағылымынан түйген тәлімін көппен бөлісе алса, өзгелерге бір пайдасы тиер ақыл-кеңес, ұсыным бере алса, ынтымақтың қадір-қасиетін өзгеге үлгі ете алса, біреудің ісіне орынсыз араласпаса, менмендік, пасықтық деген жағымсыз қылықтардан аулақ болса, өзгенің тағдырына қызғаныш сезімімен соқыр құрсау ілегінде килікпесе, ондай жанды нағыз бақытты да рухани бай адам деуге болады.
Бірнеше ғасырға созылған бөгденің саяси жүйе, өктем ойының, басым билігінің құрбаны болып, отаршылдықтың отына жанып-күйген жан жарамыз енді ғана жазыла бастады. Бұл қасірет қаныңа біткен қасиетті бұза алмаса да сүйектен өтіп сеніміңе салған селеудің сіңген жерінен серпіле шығады. Осыдан кейін де көп жағдайларда, әсіресе, қазақи құндылығымыз бен ұлт ұлылығы өз тұғырына құлаштап қона алмай келеді.
Тәуелсіздіктің баянды бақытының өз ел, өз жерімізде өз ұлтымызға бақуатты өмір бастауы болып ұялағанын әлі де болса сезіне алмай, рухани жаңғыруға сана қабілеті жетіспей жүрген жандар қаншама? Осындай жандардың кесірінен және өзіміздің көңілшектігімізден өмір деген ұлы өзеннің ағысымен ғана жүзіп келеміз. Оған қарсы жүзуге табиғи ақкөңілдігіміз бен сенгіштігіміз кері әсер етуде. Ал ұятсыз, арсыз жандар мен көке-жөкесіне сенім артқан, елі мен жеріне, тілі мен дініне, ұлтының ұлы құндылық қасиеттеріне бас қатырмай өз қалтасындағы қаржыны еселеуді ғана ойлайтындар ойран салып, оза шауып елді дүрліктірулерін қояр емес. Бұл үрдіс қазақия қоғамына кері әсерін тигізуде.
Осы жолы Ауғанстандағы билікті еш қарсылықсыз басып алған “Талибан” діни экстремистік ұйымының қаракеті көп жайттардан тәлім береді. Халыққа, Қазақ еліне қажетті басты қағида – бейбіт өмір, тыныштық! Өз Отанымызда Көк туымыздың мәңгілік желбіреп тұруы әр қазақтың және Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық ұлт пен ұлыстың арман, тілектері!
Әлемде 5 мыңға жуық ұлт пен ұлыс бар. Соның ішінде тәуелсіздікке ие 230 елдің қатарында Қазақ елінің болуы – қазақтарға бұйырған теңдесі жоқ бақыт! Тәуелсіз ел деген ұғымның қасиет, құдіреті де осы болмақ!
Ел басына күн туа қалса ертеңіне сенімсіз болған жұртшылықтың басы ауған жаққа босып кететіні осы жолғы Ауғанстан оқиғасынан көрініс алды. Ал басына қилы-қилы тағдыр тауқыметі тиіп шетел асып босып кеткен, соғыстың сұрапыл саясатынан өз елінен жырақта қалып, көз жанарлары қанға толған қазақ ұлтының ұрпағы мұндай қасіретті оқиғаларды қалай ұмыта алсын? 1930-1932 жылдарғы қолдан жасалған ашаршылық кезінде қазаққа төнген қысымның кесірінен жат өлкеге ауып кетіп, сонда қалып қойған, содан бері де өз Отандарына жете алмаған Ауған еліндегі азғана қандастарымызға Президентіміз Қ. Тоқаевтың қолдау танытып, елге оралуларына көмек жасауы қазақ деген ұлы елдің өз қандастарына қандай қиын-қыстау кезеңде де қамқор бола алатынының айқын да ашық айғағы болып, әлемге үлгі ретінде танылды. Бұл – қазақтың қанына сіңген ұлы қасиет!
Қазақстан тәуелсіздігінің елең-алаң тұсында сол кездегі Президентіміз Н. Ә. Назарбаев әлемнің 44 елінде өмір сүріп жатқан этникалық қазақ ұлты өкілдеріне «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» деген тақырыппен үндеу жасап, Отанына оралуларына шақырды. Сол кезде шетелде жүрген біздер осынау тарихи шешімді ет жүрегімізбен етене жақын қабылдап, бөркімізді аспанға аттық. Аталарымыз «ақсарыбас» атады. Бүгіндері өз елімізде уайым-қайғысыз тірлік кешіп, ана тілімізде асқақ сөйлеп, ұрпағымыз өсіп-өніп, бейбіт өмірдің берекетін көріп отырмыз! Ауғанстандағы ат төбеліндей қандастарымыз бен әлемдегі 7 миллионнан астам этникалық қазақтардың арасынан Отанымызға келеміз, атамекенімізге тұрақты қоныстанамыз дегенді мақсат еткендеріне біздердің жолымызды берсін!
Өнерлі де өнегелі қазақтың өрен ұрпақтары өз елінде өсіп-өніп, өркениетті елдердің қатарына бейбіт өмірдің берекетімен жете берулерін Алла нәсіп етсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Құрметбек Сансызбайұлы,
Алматы облысы бойынша «Қандастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Сурет ғаламтордан алынды





