Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға жұмыс сапары көне Бұхара қаласындағы Бахауддин Нақышбанди мемориалдық кешеніне барудан басталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысын Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қарсы алып, бауырлас елдердің басшылары ислам әлемінің киелі орындарының біріне тағзым еткенін мәлімдеді.
Президенттер медресе, екі мешіт пен зәулім мұнарадан тұратын бірегей сәулет ансамблін аралап көрді. XVI ғасырда бой көтерген бұл кешен Нақышбандия тариқатының негізін салушы Бахауддин Нақышбандидің құрметіне салынған. Зиярат барысында қасиетті Құран аяттары оқылып, екі халықтың бірлігі, бейбіт өмірі мен бақ-берекесі үшін дұға жасалды. Сонымен қатар Президенттер кешен жанындағы мұражаймен танысты. Мұнда XIX ғасырға тиесілі Құран қолжазбасы, сирек кездесетін тарихи құжаттар мен құнды кітаптар сияқты бірегей жәдігерлер сақталған.
Ресми іс-шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев кешенге келуші жергілікті тұрғындармен және туристермен жылы жүздесті. Мемлекеттер басшылары халықпен емен-жарқын әңгімелесіп, естелікке суретке түсті. Бұл қадам екі ел арасындағы саяси ғана емес, терең рухани-мәдени байланыстардың нышанына айналып, Қазақстан мен Өзбекстанның достық қарым-қатынасын нығайта түсті.





