Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі мәслихаттардың II республикалық форумында сөйлеген сөзі жай ғана оқиға емес, бұл ел дамуындағы жергілікті өзін-өзі басқару рөлінің артып келе жатқанының белгісі. Әсіресе, халықпен тікелей байланыс орнатуға, жергілікті жердегі мәселелерді шешуге, халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған нақты іс-шараларға баса мән беру керек.
Мемлекет басшысының сөйлеген сөзі мәслихат депутаттарын бұдан да белсенді әрі жауапты жұмысқа шабыттандырады деп ойлаймын. Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттарға өкілді билік функцияларын тиісті деңгейде және халықтың талап-тілектеріне сай атқаруға мүмкіндік беретін бірқатар міндеттерді тапсырды. Атап айтқанда, мәслихат депутаттарының құзыреттілік деңгейін жүйелі түрде арттыру қажеттігін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, мәслихаттардың аймақтардағы экономикалық саясатқа ықпал ету тетігін кеңейту маңызды міндет болып табылады. Мемлекет басшысы депутаттарды жан жақты болуға үндеп, жұртшылықтың мұң-мұқтажын үнемі назарда ұстауы тиіс екенін жеткізді. Ол үшін қажет болса, жергілікті депутаттардың біліктілігін арттыру қажет деді. Мәслихаттар мен әкімдіктерді алдағы уақытта үйлесімді жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тағы бір жарқын көрінісі болып табылатын алдағы жалпыхалықтық референдумның маңыздылығына тоқталды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумда халқымыз Қазақстанда атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. Дауыс беру нәтижесі қандай болса да, бұл – айтулы уақиға. Алдағы референдум – Қазақстанда соңғы бес жылда болған ауқымды өзгерістердің тағы бір мысалы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі. АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады», – деді.
Осымен қатар ел Президенті қоғамда Құқықтық тәртіпті орнатуға, тазалық мәдениетін қалыптастыруға шақырды. Мемлекет басшысының сөздері жай сөз болып қалмауы маңызды. Оларды нақты іс-әрекеттерге, тиімді бағдарламаларға және халық өміріндегі нақты өзгерістерге айналдыру қажет.
Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жүктелген міндеттердің орындалуына жауапкершілікпен қарап, халықпен бірге еліміздің гүлденуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды деп ойлаймын.
Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА,
облыстық мәслихат төрағасы





