Иран келіссөздерді қайта бастау үшін АҚШ-қа үш талап қойды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Al Mayadeen телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, Тегеран келіссөздерді жалғастыру үшін бірнеше шарт ұсынған.
– Иранның шарттары: соғыс қайта басталмауына кепілдік беру, ядролық отынның толық циклін иелену құқығын мойындау және келтірілген шығын үшін өтемақы төлеу, – деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастаған. Тель-Авив бұл соққылардың мақсаты – Тегеранның ядролық қару иеленуіне жол бермеу екенін мәлімдеген.
АҚШ президенті Дональд Трамп та Иран флоты мен қорғаныс өнеркәсібін жоюға ниетті екенін айтқан.
Сонымен қатар жексенбіге қараған түні Иранның жоғары көсемі Әли Хаменеи қайтыс болғаны жарияланды.
Бұған жауап ретінде Тегеран Израиль аумағына, сондай-ақ Таяу Шығыста орналасқан АҚШ әскери базаларына шабуыл жасаған.





