Биыл жылу маусымына дейін Текелі және Ескелді ауданына қарасты Өтенай ауылының тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Текелі қаласының ішкі газ тарату желілерін салу жұмыстары 2022 жылы республикалық бюджет есебінен басталды. «Әлия сервис» ЖШС мердігерлік еткен жұмыстың құны 5,8 млрд. теңге. Бүгінгі танда, 2,9 млрд. теңге игерілген.
Жоба бойынша газ құбырларының жалпы ұзындығы 195 шаршы метр. Айта кетейік, бүгінге дейін 148,7 км. (76,2%) газ құбырлары салынды.
Бүгінгі таңда Достық шағын ауданын газбен қамту кешені бойынша жұмыстар аяқталды. Нәтижесінде 1200 абонент газға қол жеткізді.
– Жасым 73-те, мен осы қалада дүниеге келдім. Қазір егде тарттым, сондықтан көмір тасып, от жағу, күл шығару маған оңай емес. Біз газды асыға күттік. Бүгін, міне, көптен күткен арманымыз орындалды, – деп қуанышын жеткізді Людмила Проскурякова.
Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі жоспар бойынша осы жылдың қазан айына межеленген. Нәтижесінде Текелі қаласының 30 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізетін болады.
Текелі қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Жетібаевтың айтуынша, алдағы уақытта қаладағы бірнеше шағын аудан кезең-кезеңімен газбен толық қамтылатын болады. Соның ішінде, Металлург, Алатау шағын аудандарының тұрғындары да табиғи газдың қызығын көрмек.
Табиғи газға қосылу, біріншіден, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталса, екіншіден, ол экологиялық жағдайды едәуір жақсартуға мүмкіндік береді. Газдандыру – елді мекендердің дамуына әрдайым оң әсер етеді, өндірістік және әлеуметтік саланың одан әрі өсуі үшін алғышарт жасайды. Газ – бүгінгі таңда ең ыңғайлы отын түрлерінің бірі, бірақ қауіпсіздік туралы бір сәтке де ұмытуға болмайды. Тұрмыста газды пайдаланудың барлық ережелерін сақтау қажет, сонда сіздің үйіңіз әрдайым жылы әрі жайлы болады, – деді қала әкімінің орынбасары.
Текеліліктермен бірге табиғи газға Ескелді және Қаратал аудандарының бірнеше ауылының тұрғындары да қол жеткізді. Көгілдір отын жалпы 1700-ден астам адам тұратын Өтенай, Жаңалық және Ортатөбе ауылдарына берілді.
– Ескелді ауданында 33 елді мекеннің 21-і газдандыруға жатады. Оның 10-ы бүгінде газдандырылды, 9 елді мекенде газ тарату желілерін салу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Қайнарлы ауылына газ тарату желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстарының конкурстық процедуралары аяқталды. Жалғызағаш ауылын газбен қамту бойынша жобалық жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде 2025 жылы аталған барлық жобалар іске асырылғаннан кейін аудан 100% газдандырылады, – деді аудан әкімінің орынбасары Айдын Исабеков.
Қаратал ауданы туралы айтатын болсақ, бүгінгі күні Көкдала, Достық, Қанабек, Жаңаталап, Кәлпе, Оян, Бастөбе, Ортатөбе ауылдарында газ тарату желілерінің құрылысы аяқталды. Үштөбе қаласы тұрғындарының 40%-ы немесе қаланың батыс бөлігінің 8 мыңнан астам тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін 11 мыңға жуық адам тұратын қаланың шығыс бөлігін де газбен қамту жоспарланған. Сонымен қатар ауданның 5 ауылында газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл елді мекендерді газға қосу жыл соңына дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп межеленген. Жалпы Қаратал ауданы да 2025 жылдың соңына дейін толық газдандырылады.
Айғаным АЙТМҰХАН





