Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берді.
Күллі әлемді жайлаған пандемиядан кейінгі кезең мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында елді одан әрі жетілдіру, ұлттық құндылығымыз – егемендігімізді нығайту, елдегі бейбіт өмір, тұрақтылық пен тыныштықты сақтау, саяси жаңғырту, білім беру мен денсаулық сақтау саласын дамыту, еңбек нарығында тиімді экожүйе құру, адам құқығын қорғау, ұлттық бірлікті нығайту бойынша нақты міндеттерді айқындаған Мемлекет басшысы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтті.
Жолдауда атап өтілген негізгі 5 бастаманың маңызы өте жоғары. Біріншіден, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылданды, бұл шара 1 млн. адамды қамтитын болса, еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға жанама түрде әсер ететіні айқын. Екіншіден, соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Осы орайда Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Жұмысшыларының жалақыларын өсірген жұмыс берушілерге сатып алуларда жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық беріледі. Үшіншіден, микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендету ұсынылды. Бұл бизнестің мыңдаған қызметкерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал етеді. Төртіншіден, Президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілері және басқа мамандардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл бастаманың игілігін 600 мың қазақстандық көреді. Бесіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп санайды. Оның айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді.
Жолдауда көрсетілген басым мақсаттар – дамуымыздың шешуші кезеңінде тұрған егемен еліміздің қарқынды дамып, нығаюы үшін тұрақтылық пен ел тыныштығын сақтап, халықтың әл-ауқатын күшейту жолында жауапкершілікпен, абыройлы еңбек етсек, белгіленген мақсат-межелерімізге жететініміз айқын. Ел болашағы ретінде баршамызға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бірлесе, аянбай еңбек етейік. Жолдауға қолдау көрсетейік.
Алмасбек Сатибаев,
«Nur Otan» партиясы Іле аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары





