Талдықорғанда маңызды мереке – Мемлекеттік рәміздер күні ерекше аталып өтті. Шаһар кіреберісіндегі Жастар саябағы жанындағы 97 метрлік Тудың қасына жиналған мыңнан астам өңір тұрғыны көтеріңкі көңіл күймен әнұранды бірге шырқады, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.
«Менің рәміздерім – менің мақтанышым» атты акцияда әлем чемпиондары, халқаралық жарыстардың жүлдегерлері, «Ұлы дала жорығы» марафон – бәйгесінің жеңімпаздары, мәдениет қайраткерлері сынды қала мақтаныштары да жиналды.
Шара әуелі жетісулық ардагерлер бастаған топтың көк туды желбірете «Патриоттар шеруіне» шығуымен айшықталды. Жиналған топ қала көшелерінде патриоттық әндерді қосыла салып мереке маңызын ұғындырғандай болды.
Бұдан соң ту тұғыр жанына жиналған қалың жұрт Мемлекеттік гимінді асқақтата шырқап, көк тудың көк аспанда еркін желбірегеніне сүйсінді. Д.Рақышев атындағы облыстық филармония әншілері әннен шашу шашып, мереке қызығын одан әрі тасытты.
Жетісу облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Абибеков бұл күннің ел халқы үшін маңызды екенін айтады.
Қазақ даласында небір зұлматты оқиғалар болған. Соның бәрі бүгінде ертегі секілді. Себебі елтаңбамыз елге үлгі, көк Туымыз аспанмен таласып тұр, ал әнұранымызды кішкентай бүлдіршіндер жатқа айтуда. Мұның бәрі азаттықтың арқасы. Бабаларымыздың қанымен келген қуаныш. Қала десек те, ұлттық рәміздерімізді құрметтей білуіміз қажет. Оның қасиетін балалар да бағамдай алуы қажет, – дейді Бауыржан Абибеков.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, аталған акция аясында «Туымыз – төрімізде» флэшмобы мен «Менің туым – менің мақтанышым» атты челендждер ұйымдастырылған.
Фото: Жеңіс ЫСҚАБАЙ