Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде арнайы брифинг өткізген Жетісу облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Дәуітов биылғы сайлаудың ерекшелігін таныстырып, барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Парламент Мәжілісіне үміткерлерге қойылар талаптарды ортаға салды.
Оның айтуынша, алдағы 19 наурыз күні өтетін сайлауға үміткерлерді ұсыну 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда аяқталған. Содан бері ұсынылған 597 кандидаттың 18-і Мәжіліске, 66 кандидат облыстық мәслихатқа партиялық тізім бойынша, 63 үміткер бірмандатты округтер бойынша, 450 кандидат аудандық және қалалық мәслихаттарға депутат болуға үмітті екенін жариялаған. Бұл бір мандатқа орта есеппен 3,3 адам келеді деген сөз.
ҚР Конституциясы және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына байланысты Парламент Мәжілісінің депутаты ҚР азаматы ретінде ел аумағында соңғы 10 жыл тұруы тиіс және жасы 25 жастан төмен болмауы керек. Ал ҚР азаматтығы бар Мәслихат депутатының жасы 20 жастан басталуы тиіс. Сайлауға және сайлануға құқығы жоқтардың қатарына сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырғандар кіреді. ҚР Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттығына жазасын өтемеген немесе соттылығы алынбаған; сыбайлас жемқорлықпен сотталған адам кандидат бола алмайды.
Осы уақытқа дейін ҚР Парламенті Мәжілісіне №17 бірмандатты сайлау округі бойынша ұсынылған 13 кандидат аумақтық сайлау комиссиясына тіркелді. Жетісу облыстық мәслихат депутаттығына партиялық тізім бойынша «Аманат», «Ақжол», «Ауыл», «Қазақстанның халық партиясы», «Республика», «Байтақ» партиялары өз кандидатын ұсынып қойды. Ұсынылған тізімнің сәйкестігі тексеріліп, 4 партиялық тізім тіркелді.
Биыл атап айтқанда, барлық деңгейдегі мәслихаттарға 168 депутат сайланады. Оның 32-сі облыстық мәслихаттың, 136-сы аудандық және қалалық мәслихат депутаттары. Жалпы, облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 16 бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша ұсынылған 63 кандидаттың 36-сы өзін-өзі ұсынса, 26-сы партиялардан түсіп жатыр. Ал аудандық және қалалық мәслихат сайлауына барлығы 450 кандидат ұсынылған. Оның 284-і өзін-өзі ұсынса, 166-сы саяси партиялардан. Қазір 291 үміткер тіркеліп үлгерген.
Кандидаттарды тіркеу жұмысы 18 ақпанда сағат 18.00-де аяқталып, кандидаттар сайлау алдындағы үгіт-насихатқа кіріседі.
Сайлауға қатысатын 11 аумақтық, 145 округтік және 458 учаскелік сайлау комиссиясында 3764 комиссия мүшесі жұмыс істейді. Жетісу облысындағы сайлаушылардың саны 450 мың адамды құрайды.
Брифингтің сұрақ-жауап бөлімінде алдымен «Қазақстан» телеарнасының тілшісі Қуаныш Серікханов үміткердің штаб құруға міндетті немесе міндетті еместігін сұрады. Оған жауап ретінде кандидаттың сенімді өкілі ретінде кем дегенде 3 адам тіркелуі тиістігі және штаб құру міндетті еместігі айтылды. Одан соң блогер Дина Таңсәрі депутаттыққа кандидат ретінде өзін-өзі ұсынған Руслан Қожасбаев пен Болат Керімбектің әлдебір газетке шыққан суретін үгіт-насихат ретінде есептеліп, заңбұзушылыққа жататын, жатпайтынын сұрады. Осы мәселеге орай облыстық прокуратураға шағым түскенін атап өткен Тимур Ермекұлы тексеру кезінде қос үміткер жарияланған суретті өздері салмағанын алға тартқанын, соған орай ешқандай заңбұзушылық белгісі анықталмағанын түсіндірді. Егер ондай әкімшілік заңбұзушылық әрекет ретінде үгіт-насихат ашық жүргізілсе айыппұл салынады.
Одан соң бұған дейінгі сайлау кезінде анықталған дауыс ұрлау деректері тіркелсе не болатынын сұраған блогерге аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:
– Барлық сайлау комиссияларының басты міндеті – ашық, адал, турашыл, жария сайлау өткізуді қамтамасыз ету. Сондықтан заңбұзушылықтардың болмауы үшін сайлау комиссия мүшелерін 4 кезеңмен оқытудан өткізіп, біліктілігін арттырдық. Атап айтқанда, ұйымдастыру жұмыстары алдымен қашықтықтан оқытылса, екінші Мемлекеттік басқару академиясының жанынан білім алады. Үшінші – өзіміз аудандарға жылжымалы семинарлар өткіземіз. Төртінші – кезеңдік тәсілмен оқытамыз. Яғни, сайлау кезінде ешқандай заңбұзушылық болмауы үшін комиссия мүшелері толығымен оқытуға қатыстырылады, – деп мәселенің маңыздылығын түсіндіріп өтті.
Бұдан кейін сайлау байқаушыларын тіркеуге, сенімді өкілдердің міндетіне, әділ сайлау өткізуге қатысты сауалдардың жауабы беріліп, көпшіліктің көңілін тербеген мәселелер тарқатылды.
Мәди АЛЖАНБАЙ





