Жамбыл облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаев Қордайдағы соңғы жағдайлар жайлы мәлімет берді. Бұл туралы «Tengrinews.kz» тілшісі жазды.
— Бүгінде жалпы Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы жағдай тұрақты. Құқық қорғау органдары жергілікті атқарушы органдармен жұмыс істеп жатыр. Бес күнде 178 адам медициналық көмекке жүгінді, олардың 19-ы — полиция қызметкерлері. Өкінішке қарай, 10 адам қаза тапты. Қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетіліп жатыр. Комиссия мүшелері Мемлекет басшысының атынан көңіл айтып жатыр, — деді жаңа әкім Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, 33 адам әлі ауруханада. «Қордай ауруханасында — 13 адам, Алматыда — 20 адам жатыр. Қырғызстандағы ауруханаларда жатқандар Алматы мен Таразға ауыстырылды. Барлығына медициналық көмек көрсетілуде. Қордайға Алматыдан мықты, танымал дәрігерлер келді», — деді Жамбыл облысының әкімі. Сондай-ақ, Б.Сапарбаев 10 ақпаннан бастап барлық мектеп пен балабақшаның әдеттегідей жұмыс істеп жатқанын айтып өтті.
— Жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындар үйлер мен сауда орындарын салуға жұмылады. Бизнесмендермен жұмыс істеп жатырмыз. Олар көмек көрсетуге дайын, барлық мүмкіндікті пайдаланымыз. Жалпы жағдай бақылауда. Барлығы дұрысталады деп ойлаймын, — деді жаңа әкім.
Еске салайық, 10 ақпанда Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Б.Сапарбаев түрлі уақытта министрлер кабинеті аппаратының басшысы, бірнеше өңірде әкім, Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, Қаржы вице-министрі, Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары қызметтерін атқарған.
«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»
Сурет ғаламтордан алынды





