Текелі қаласының көркіне көрік қосқан «Серкесай» шатқалында экопарктің алғашқы кезеңінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қала күні қарсаңында ұйымдастырылған айтулы шараға тұрғындар мен қонақтар қатысып, табиғаты тамылжыған мекеннің жаңа тынысына куә болды.
Тау мен таза ауаны, бұлақ пен табиғи көріністі тоғыстырған «Серкесай» енді тұрғындардың отбасымен серуендеп, табиғат аясында тынығуына мүмкіндік беретін көрікті орындардың біріне айналмақ. Экопарк аумағында демалыспен қатар туризмді, ұлттық қолөнерді, спорт пен шығармашылықты дамытуға бағытталған түрлі алаң қарастырылған.
Салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтау сөз сөйлеп, жаңа экопарктің қала тұрғындары үшін маңызын атап өтті.
Шараның ерекше сәті «Серкесай» жазуы бейнеленген муралдың ашылуымен жалғасты. Ақ шымылдық түріліп, көпшілік назарына ұсынылған мурал экопарктің өзіндік көркем нышанына айналды. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, жаңа демалыс аймағының игілікті бастамасына ақжолтай тілегін білдірді.
Экопарктің ашылуына орай арнайы мәдени-спорттық бағдарлама да ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлері мен кәсіпкерлер өздерінің ұлттық бұйымдары мен табиғи өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Қонақтарға бауырсақ пен қымыз таратылып, ұлттық тағамдардан дәм татуға мүмкіндік берілді.
Көрме шатырларында бүркіт пен тазы ұстау дәстүрі, атәбзелдері, ұлттық қолөнер және зергерлік бұйымдар, табиғи жолмен дайындалған экологиялық өнімдер, омарта шаруашылығының өнімдері мен кондитерлік тағамдар таныстырылды. Ұлттық өнердің дәстүрлі үлгілерінен сыр шертетін әшекейлер, шашбау, шолпы, білезік, сақина, ерлер белдігі мен түрлі сувенирлер де көпшілік қызығушылығын тудырды.
Шара барысында «Скандинавиялық жүру» спорттық жарысына да старт берілді. Қатысушылар таулы аймақтың таза ауасын жұтып, белгіленген бағыт бойынша жүріп өтті. Салауатты өмір салтын насихаттаған спорттық шара экопарктің табиғи мүмкіндігін тиімді пайдаланудың бір үлгісін көрсетті.
Ал шығармашылық алаңда балалардың өнері мен суретшілердің туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Музыкалық бағдарламада домбыра, қобыз, жетіген үні әсем табиғатпен үндесіп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар суретшілердің пленэрі ұйымдастырылып, табиғат көріністері қылқалам арқылы бейнеленді.
Туризм бағыты да назардан тыс қалған жоқ. Туризм орталығының мамандары көп сайыстан көрсетілім жасап, кәсіби колледж өкілдері «Туристің жиынтығы» атты арнайы көрме ұйымдастырды. Бұл алаңдар жас ұрпаққа туристік мәдениет пен табиғат аясындағы қауіпсіздік дағдыларын таныстыруға мүмкіндік берді.
Шара соңында «Скандинавиялық жүруге» қатысушылардың мәреге жетуімен жарыс қорытындыланып, белсенді қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті.
Серкесайдың алдағы жылдары Текелі тұрғындарынан бөлек қалаға келген қонақтар да ат ізін салатын көрікті мекенге айналуы, туризмді түлетуге жасалған нақты қадамдардың жалғасы болмақ.
Медет ЖҰМАБАЙ





