Бүгін Талдықорған қаласына қарасты «Жастар-3»тұрғын үй алабында 55 жаңа баспананың кілті табысталды. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қуанып, шашу шашылып, ақ тілектер ақтарылды. Бірнеше жыл күткен үйлеріне қолы жеткен әр отбасы өз баспанасында қоныстойын тойламақ. Кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы қуаныш иелерін облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ құттықтады.
Қоныс иелерін құттықтаған өңір басшысы әр отбасының өз баспанасының болуы олардың өмір сүру сапасына оң әсер ететінін атап өтті.
– Бұл үйлердің алдында 5-6 сотық жері бар. Оған бау-бақша егіп, пайдаланатын боласыздар. Электр жарығы, суы, газы тартылған. Жолды асфальттау жұмыстары аяқталуға жақын. Автобус маршрутын да жүргіземіз. Үлкен мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт, саябақ салынады. Сөйтіп бұл тұрғын алап көрнекті шағын қалашыққа айналады, – деген аймақ басшысы кезектегі азаматтарға үйлердің кілтін тапсырды.
Жеті бала тәрбиелеп отырған алтын алқа иегері, жалғызбасты ана Ләйлә Болғанбаева 10 жылға жуық уақыт200 мың теңге төлеп, пәтер жалдап тұрған. Балалардың алды 23 жаста болса, кенжесі 10 жаста. Қуаныш иесінің айтуынша, тапқан табыстың көп бөлігі пәтер төлеуге кетеді. Енді балаларымен өз қоныстарына көшіп, бау-бақша егуді жоспарлап отыр.
Азамат МЫРЗАҒАЛИҰЛЫ, 46 жаста:
– «Талдықорғанжылусервис» мекемесінде жұмыс істеймін. Зайыбым Айжан Ысқаққызы көпсалалы ауруханада медбике. 5 баламыз бар. Үлкеніміз 20 жаста, кенжеміз 10 жаста. Баспаналы болу мақсатында 2017 жылы кезекке тұрдық. Бүгін үйіміздің кілтін алып, қуанып жатырмыз. Бұйыртса жаңа үйімізге көшіп келеміз. Бірнеше уақыт осы үйлердің құрылыс жұмысында істедім. Үйлердің шатырын жауып, сыртын қаптадық. Баспана сапалы салынғанына өзім куә болып, бүгін осы ауылдың тұрғыны атанып жатырмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Балаларымыздың несібесі деп білемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!Мадина ҚАЙЫРЖАНҚЫЗЫ, 25 жаста:
– Ата-ана қамқорлығынан айырылған тұлға есебінде кезекке тіркелдім. Енді, міне, бүгін өз үйіміздің кілтін алғашқылардың бірі болып қолыма алдым.Өте бақыттымын. Енді біздің өз үйіміз болады дегенге әлі де сене алмай тұрмын. Шаңырақ көтергенімізге 6 жыл болды. Ұл-қызымыз бар. Қарабұлақта пәтер арзан болғандықтан сол жақта тұрып жатырмыз. Жұмысымыз Талдықорғанда. Қатынап істеп жүрміз. Күні ертең-ақ көшіп келіп, ағайын-туысты жинап, қоныстойын тойлаймыз. Мемлекетіме алғысым шексіз.Арайлым ДӘУКЕЕВА, көпбалалы ана:
– Жеті баланың анасымын. Тұңғышым Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанды. Екіншім студент. Кішкентайым 2 жастан асты. Туған-туыс болып, үйіміздің кілтін алуға кеп қалдық. Облыс әкімі өзі жеке-жеке құттықтап, қолымызға кілтті табыстады. Халқымыз «Өз үйім, өлең төсегім» деп текке айтпайды ғой. Енем қуаныштан жылап жүр. Жиырма жылдай пәтерде тұрып, әбден қиналған біздер үшін бұл үй ақ сарайдан кем емес. Ел ағаларына аналық жүрегіммен рахметімді айтамын.
Талдықорған қаласындағы «Жастар-3» тұрғын алабында жобаға сәйкес 790 жеке тұрғын үй салу жоспарланған. Қазіргі таңда 309 баспананың құрылысы аяқталған. Соның ішінде бүгінгі үйлерді қосқанда 166 үй пайдалануға берілді. Жалпы, өткен жылы қалада 630-дан астам адам жаңа қонысқа кірсе, жыл соңына дейін шамамен 1 400 тұрғынды баспанамен қамту жоспарлануда. Бүгінгі таңда облыс орталығында 20 000-нан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр.
Еңлік КЕНЕБАЙ





