Талдықорған қаласында «Жас ұстаз: Тәжірибе, кәсіби өсу және нәтиже» атты облыстық семинар ұйымдастырылды. Білім беру саласындағы жас мамандардың кәсіби дамуына бағытталған шараға 28 педагог қатысты. Қатысушылар қатарында аудандық және қалалық білім беру ұйымдары ассоциацияларының жетекшілері мен мүшелері бар.
Семинардың басты мақсаты – жас мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, олардың жұмысын жүйелі ұйымдастыруға жағдай жасау және педагогикалық тәжірибеде зерттеушілік мәдениетті қалыптастыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинар нәтижесінде жас ұстаздар зерттеу қызметінің негізгі әдіс-тәсілдерін меңгеріп, білім беру үдерісіндегі өзекті мәселелерді тәжірибе жүзінде талдай алатын деңгейге жетеді. Сонымен қатар кәсіби дамуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік алды.
Шараның ашылуында облыстық әдістемелік орталықтың әдіскері, семинар модераторы Меруерт Нұрғалиева қазіргі мұғалімнің рөліне тоқталып: «Бүгінгі ұстаз – тек ақпарат жеткізуші емес, ол өз тәжірибесін саралай алатын, педагогикалық үдерісті зерттей білетін зерттеуші болуы тиіс», – деп атап өтті.
Бағдарлама аясында қатысушылар психологиялық қолдау, жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беруде қолдану, көпшілік алдында сөйлеу дағдылары, эмоционалды интеллект пен сыныпты басқару, сондай-ақ оқу процесін басқару негіздері бойынша тәжірибелік сессияларға қатысты. Салалық сарапшылар мен тәжірибелі ұстаздар жас педагогтерге кәсіби күйзелістің алдын алу, цифрлық құралдарды тиімді пайдалану және көшбасшылық қабілеттерді дамыту жолдарын түсіндірді.
Ұйымдастырушылар бұл семинар жас мамандардың педагогикалық шеберлігін шыңдап, сапалы білім беруге бағытталған нақты қадамдарға жол ашатынын атап өтті. Шара соңында қатысушылармен кері байланыс жүргізіліп, ұсыныс-пікірлер талқыланды.
«Жетісу-Ақпарат»





