Панфилов ауданы соңғы жылдары экономикалық белсенділігі артқан өңірлердің қатарына еніп келеді. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы, Қазақстан – Қытай шекарасына жақындығы аудан экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналуда.
Әсіресе, көлік-логистика, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларында оң өзгерістер байқалады. Дегенмен, бұл өсімді тұрақты әрі сапалы ету үшін инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығында өңдеу өндірісін дамыту және маңызды жобаларға басымдық беру. Яғни экономикалық әлеует бар, ендігі міндет – сол мүмкіндікті тиімді пайдалану.
Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарын дамытуда кеден бекеттерінің рөлі айрықша. Соның ішінде «Нұр Жолы» кеден бекеті – елдің транзиттік әлеуетін арттырып, халықаралық сауда айналымын жеделдетуге қызмет етіп отырған маңызды стратегиялық нысандардың бірі.
«Нұр Жолы» кеден бекеті арқылы өтетін тауар айналымының көлемі жылдан жылға артып келеді. Бұл – ел бюджетіне түсетін кедендік төлемдер мен салықтардың өсуіне тікелей әсер етеді. Сонымен бірге, бекет маңында логистикалық орталықтар, қоймалар, сервистік қызметтер дамып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Экономистердің пікірінше, мұндай нысандар экспорт-импорт теңгерімін жақсартып, отандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығуына жол ашады. Сондай-ақ, Қазақстанның транзиттік ел ретіндегі беделін нығайтып, жұмыс тиімділігін арттырады. Осы ретте былтыр «Нұр Жолы» кеден бекеті арқылы екі бағытта 542 мыңнан аса жүк көлігі жолға шықты. Теміржол өткелі Алтынкөл стансысы арқылы 15 млн. тоннаға жуық жүк тасымалданады.
Құрғақ портта «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-да тіркелген 67 инновациялық жобаның жартысы іске асырылды. Осының арқасында аудан экономикасына 3 жылда 200 млрд. теңгеге жуық инвестиция түсті.
Айта кетейік, Азиядағы ең ірі бекеттердің бірі саналатын Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан «Нұр Жолы» автомобиль кеден бекеті 2018 жылы ашылды. Осы уақыт ішінде мұнда жүк ағыны 10 есеге артты. Қазір тәулігіне екі жаққа 2 мыңнан аса ауыр жүк өтеді. «Нұр Жолы» кеден бекеті өткен жылдан бастап тәулік бойғы режимге көшті. Мұнда барлығы цифрландырылған, ал ірі көлемді жүктер мен көлік үшін айналма жол салынды.
– Бұл кеден бекеті ішіндегі жағдайды айтарлықтай жақсартты. Біз биылғы жылы жүк ағынын шамамен 30 пайызға дейін арттырамыз деп жоспарлап отырмыз. Өйткені үлкен жүктер айналма жолмен жүреді және көлік құралдары бізге тезірек келеді, – дейді «Нұр Жолы» кеден бекетінің бастығы Мұрат Есенбеков.
Алтынкөл стансысының ашылуынан бері жалпы жүк айналымы 81 млн. тоннаны құрады. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы да стратегиялық жағдайға ие. Бұл аймақ аумағында жалпы құны 660 млрд. теңгені құрайтын 67 жоба тіркелген. Бүгінгі таңда олардың басым бөлігі іске асырылып, салынған инвестициялардың жалпы сомасы 65 млрд. теңгеге жетті.
– Барлық 67 жоба пайдалануға берілген кезде 10 мыңнан аса жұмыс орны, сондай-ақ, 3 мыңнан аса уақытша жұмыс орны құрылады деп күтілуде, – дейді «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА басқарушы компаниясы бас директорының орынбасары Әсет Сейсембек.
Соңғы 3 жылда «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» аумағына шамамен 3,5 млн. турист келген.
– Қазақстан аумағында құрылыс жүргізіліп, жаңа нысандар пайда болып жатқаны көрініп тұр. Егер туристер Қытайға өту үшін Қазақстаннан кіріп, сол жаққа шығатын болса, бұл айналымды бірнеше пайызға арттырады, – дейді турист Мирослав Ройтт.
Аудан экономикасының тірегі – ауыл шаруашылығы саласы. Егін және мал шаруашылығы тұрақты дамып, жергілікті халық жұмыспен қамтылып отыр. Өндіріс көлемінің жыл сайын өсіп келе жатқаны бұл саланың әлеуеті әлі де жоғары екенін көрсетеді. Осы ретте жүгері өсірумен айналысатын бұл өңірде жыл сайын шамамен 200 мың тонна күн сүйетін дақыл өндіріледі. 3 жыл ішінде агросалаға салынған инвестиция деңгейі 7,6 млрд. теңгені құрады.
– Тауарлы-сүт фермасының қуаттылығы 1150 бас, оның ішінде аналық мал басы – 800 бас. Қазіргі таңда 650-700 бас сауылып жатыр. Жылына 7 мың тонна сүт өндіріледі. Ай сайын сүтке 45 теңге субсидия аламыз. Ферманы кеңейту үшін біздің өз жоспарымыз бар. Ол үшін мемлекеттің көмегі қажет, – дейді кәсіп-орын басшысы Қуаныш Тұрдахунов.
3 жыл ішінде аудан экономикасына 200 млрд. теңге инвестиция тартылды. Іске асырылған 70 жоба аясында 3,5 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды. Барлығы 1 млрд. теңгеге жуық сомаға онға жуық ірі бизнес-жобалар мемлекеттік қолдау алды. 2023 жылдан бастап ауданның елді мекендерінде 25 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді, емдеу мекемелері, Мәдениет үйлері, мектептер, оның ішінде «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында.
Мамандардың айтуынша, оқудан басқа балалар түрлі үйірмеде жұмыс істейді. Сандық зертханалардың арқасында олар биология, қолданбалы математика мен инженерия салаларында инновациялық жобалар жасайды. Бұдан басқа, Arduino датчиктері пайдаланылады. Балалар «Ақылды үй», «Ақылды жылыжай» және «Ақылды қоқыс тасығыш» жобаларының жеңімпаздары атанған.
Биыл ауданның 40 елді мекенінің жартысынан көбі газдандырылып жатыр. Негізгі мақсат – ауыл тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Талды ауылындағы үйлерге газ құбыры желілері жеткізілді.
– Біздің ауылға табиғи газ келгеніне қуаныштымыз. Енді отын мен көмірді пайдаланбаймыз. Біздің өміріміз жайлы болады, балалар жылы әрі жайлы өседі, – дейді Талды ауылының тұрғыны Балгүл Талғатқызы.
– Биыл 25 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етеміз. Оған өңірдің 114,5 мыңға жуық тұрғыны қол жеткізе алады. Қалған 6 ауыл бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. 2027 жылдың соңына қарай аудан толық газдандырылады, – дейді Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек.
Биыл мұнда халықаралық жүк және жолаушылар әуежайы салынады. Барлық өзгеріс жаңа өндірістерді ашуға және жүздеген жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Шекаралас ауылдар да абаттандырылып, жаңа әлеуметтік нысандар пайда болады.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





