Қай халықтың болмасын басты байлығы – ана тілі. Ол адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады және ол бойға дарыған кіршіксіз таза, рухани құндылығымыздың бірі. Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы.Тілсіз сөз жоқ. Сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңызы болмайтыны белгілі. Демек, тіл мен сөздің орны ерекше. Міне, осы орайда ана тіліміз жайлы терең ойлану – әрқайсымыздың басты парызымыз. Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ақпараттық кеңістігін әлемдік стандарттарға сай кеңейте отырып, мемлекеттік тілді қауіпсіздіктің маңызды бір нысаны ретінде жетілдіруді және қорғауды қамтамасыз еткеніміз абзал. Иә, мемлекеттік дәрежеге лайық болған қазақ тілінің бүгіні мен ертеңі жайында айтылып та, жазылып та келеді. Қазақ тілін дамыту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар да қабылданды. Осыған орай Панфилов аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы жастарымыздың бойындағы тіл мәдениетін көтеру, ұрпақты тіл тазалығына баулу, көнеден келе жатқан мұрамызды қастерлеу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастыруда.
Дана халқымыз: «Ертеңін ойлаған ел азбайды», – деп текке айтпаса керек. Ал еліміздің ертеңі болашақ ұрпақтың қолында. Сондықтан ана тіліміздің мәртебесін асқақтату, ұлтжанды ұрпақты тәрбиелеу жолында аянып қалмайық.
Тілге жан бітіретін де, тілге қуат беретін де, тілдің мәңгілік жасауына себепші де біз, ағайын! Тіл арқылы еңсеміз көтеріліп, тұғырымыз биіктей бермек. Тіл – халық қазынасы , ұлттың жаны. Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Ендеше, тілімізді ұлтымызды, отбасымызды қадірлегендей қадірлейік! Ата-бабаларымыз салған сара жолдан таймайық, елдігіміз бен туған тіліміз мәңгі жасай берсін!
Балауса ЖЕҢІС,
Панфилов аудандық «Тіл» оқу-әдістемелік
орталығының меңгерушісі





