Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германия арасындағы инвестициялық және қаржылық ынтымақтастықты кеңейту маңызды екенін атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Еуропа мен Германия капиталын Қазақстан тарапынан бірлескен қаржыландыру, кепілдік беру және тәуекелдерді бөлісу тетіктерімен ұштастыратын платформа құруға болады.
– Мұндай платформа Еуропаның және Германияның капиталын Қазақстан тарапының қоса қаржыландыру, кепілдік беру және бірге тәуекел ету тетіктерімен ұштастырар еді. Ал «Бәйтерек» холдингі мақсатты жобаларды құрылымдау жағын қамтамасыз етеді. Біз елімізде жұмыс істеп жатқан халықаралық қаржы ұйымдарының қатарында экспортты кредиттеумен және инвестицияны сақтандырумен шұғылданатын германиялық институттар да болғанын қалаймыз. Бұл ретте Қазақстанда қызметін бастаған Euler Hermes компаниясымен ынтымақтастыққа айрықша маңыз артамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент аса маңызды материалдар саласындағы ықпалдастыққа да ерекше мән беру қажет екенін айтты. Осы бағытта Қазақстан Германияның Шикізатпен қамтамасыз ету қорымен ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Сонымен қатар Германия өнеркәсібіне қажетті шикізат жеткізуге мүмкіндік беретін және UFK кепілдігін беру талаптарына сәйкес келетін жобаларды ілгерілету маңызды.
Бұдан бөлек, энергетика мен өнеркәсіп секторларын жаңғырту, оның ішінде жаңартылатын энергия көздері мен «жасыл» сутегі жобаларын дамыту мәселесіне назар аударылды.
Мемлекет басшысы Еуропа инвестициялық банкі мен Қазақстанның Даму банкі Германия капиталының қатысуымен аталған бағыттардың барлығында өзара тиімді ынтымақтастық орната алатынын атап өтті.





