Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сарапшылар мұқият зерделегеннен кейін «Вашингтон моделін» БҰҰ қамқорлығымен әзірленетін халықаралық шарттың негізі ретінде қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар Қазақстанды осы мәселелер бойынша халықаралық диалог алаңы ретінде ұсынды.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) саяси зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Нұрдәулет Затилланың пікірінше, Мемлекет басшысының бұл ұстанымының бірнеше алғышарты бар.
Біріншіден, Қазақстан үшін ЖИ абстрактілі технология болудан қалды.
Жасанды интеллект мемлекеттік қызметтерде, банк секторында және денсаулық сақтау саласында қолданыла бастады. Ұлттық Alem.Cloud суперкомпьютерлік кластері іске қосылды. Екібастұзда деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар өткен жылы қазақстандық IT-қызметтердің экспорты 1 млрд доллардан асты.
Алайда ЖИ күнделікті өмірге неғұрлым терең енген сайын, оның қателігінің салдары да соғұрлым маңызды бола түседі. Сондықтан ЖИ қауіпсіздігі азаматтардың мемлекетке деген сенімімен тікелей байланысты. Егер алгоритм адамға қатысты шешім қабылдау кезінде қателессе, оның салдарына жергілікті басқару жүйесі жауап береді.
Екіншіден, Мемлекет басшысының ұстанымы Қазақстандағы ішкі цифрлық күн тәртібімен үндеседі.
Цифрлық технологияларды пайдалану кезінде жеке деректерді қорғау жаңа Конституцияда бекітілді. Сонымен қатар Цифрлық кодекс және жасанды интеллект туралы жеке заң қабылданды.
Қазақстан бұл бағытты ішкі деңгейде реттеумен қатар, енді жаһандық ережелерді қалыптастыруға да белсенді қатысуға дайын. Президент ЖИ-ді дамыту жөніндегі кеңес мүшелеріне Қазақстанның халықаралық бастамасы бойынша нақты ұсыныстарды қысқа мерзімде әзірлеуді тапсырды. Ортақ пайым желтоқсан айында АҚШ-тың Майами қаласында өтетін G20 саммитінде таныстырылмақ.
Үшіншіден, Президент «сарапшылар мұқият зерделегеннен кейін» деген ұстанымды ерекше атап өтті.
«Вашингтон моделі» ерікті сипатқа ие және оған америкалық технологиялық компаниялар қатысқан. Сондықтан оны жаһандық модельге айналдыру үшін қосымша тетіктерді қарастыру қажет.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы БҰҰ қамқорлығымен жасалатын халықаралық шартты қарастыруды ұсынды. Мұндай форматта әр мемлекет өз ұстанымын білдіре алады. Президент атап өткендей, жасанды интеллект тәуекелдері ұлттық шекаралардан асып түседі және мемлекеттер мен бизнестің үйлестірілген іс-қимылын талап етеді.
Сондықтан бұл үдерісте технологияларды әзірлейтін елдермен қатар, оларды пайдаланатын мемлекеттердің де мүдделері ескерілуі маңызды.
Жалпы, ЖИ саласындағы басты мәселе технологиялық модельдердің даму қарқынымен ғана шектелмейді. Оның салдары үшін кім және қалай жауап беретіні де маңызды.
Қазақстанның ұсынысы компаниялардың ерікті міндеттемелерін барлығына ортақ халықаралық ережелер жүйесіне айналдыру мүмкіндігін қарастыруға бағытталған. Ел мұндай ережелерді әзірлеу процесіне неғұрлым ертерек қосылса, азаматтар мен отандық компаниялардың мүдделерін халықаралық деңгейде ескеруге мүмкіндік те соғұрлым арта түседі.
Нұрдәулет Затилла
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ саяси зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы





