Қазақстан құрамасы Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында нәтижелі өнер көрсетіп жатыр. 4 сәуір күні қазақстандық бірнеше былғары қолғап шебері шешуші кезеңдерде жеңіске жетіп, жүлдеге бір табан жақындады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
65 келіге дейінгі салмақта Ертуған Зейнуллинов ширек финалда қырғызстандық Мирзохид Имамназаровты 3:2 есебімен ұтып, жартылай финалға шықты.
90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай өзбекстандық Арман Махановтан 4:1 есебімен басым түсті.
Әйелдер арасында Валентина Хальзова (75 келіге дейін) оңтүстіккореялық Суен Сонды төрт рет нокдаунға жіберіп, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Осылайша, ол да жартылай финалға жолдама алып, жүлдеден үміткерлер қатарына қосылды.
Оразбек Асылқұлов (60 келіге дейін) 1/8 финалда филиппиндік қарсыласын жеңіп, ширек финалға өтті. Енді ол жапониялық Шунсуке Китамотомен кездеседі.





