Қазақ халқы «Қыз жат жұрттық» деп қыз баланы қатты құрметтеген. Қыздың абырой, беделін, жоғары бағалап, «оның ибалы болуына анасы жауапты» деп санаған.
Ұрпақ – ұлт болашағы. Тәрбиені айтсақ, ең алдымен жас жеткіншектердің отбасындағы тәрбиесі айтылады. Оларды өмірге бейім, еңбекқор, білімді де әдепті, сезімтал, саналы, мәдени өресі биік тұлға етіп қалыптастыру әр ата-ананың міндеті. Дана халқымыз «Қыз» әдеміліктің, жан-жақты сұлулықтың жаршысы деп пайымдаған. Қызға тән қасиеттер сүйкімділігі мен нәзіктігін, алғырлығын алған білімімен ұштастыра отырып, қалыптастырары даусыз мәселенің бірі.
Қазақ халқы қыз баланы ардақтап, қатты сөз айтпай, мәпелеп өсірген. Әрине, адамның мінезі белгілі бір қалыпқа құйып шығара салатын бұйым емес. Ол әркімнің алған тәлім-тәрбиесіне, көрген, білгеніне, ақыл-ойына байланысты. Орыс жазушысы Максим Горький «Сүйіспеншілік – бір-бірінің кемістігін аңғармау, бір-біріне кешірімді болуы», – деген-ді.
«Баланы-жастан», – дейді халық даналығы. Бұл – өміршең пікір. Зерделі халқымыз баланы жастайынан жақсы өсиет, кеңестер айту арқылы өнегелі тәрбие беріп, қимыл-әрекетіне бақылау жүргізіп, оның ішінде, әсіресе, ойынға үлкен мән берген. Қыз баланы ар-ұятын жасынан сақтауға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білуге, үй тазалау, қонақ күту, көпшілік ортада өзін-өзі ұстау, қарқылдап қатты күлмеу, айғайлап сөйлемеуге, отбасының берекесі болуға дағдыландырған. «Қыз бала – қонақ, қонақты сыйлар болар», десе, «Есік жақта отырған қыздың төркіні кедей болар», деп ырымдай отырып төрге оздырған, ұл балаларды жастайынан қызды, әйел ананы сыйлауға баулыған. Қай заманда да болсын, отбасы бақыты әйел-анаға байланысты екені аян. Қыз бала жасөспірім шағында яғни он төрт-он беске келгенде бойын түзеп, сәнді киініп, есейгенін сезініп, әдемі көрінуге тырыса бастайды. Бұл – табиғи заңды құбылыс.
Әрине, бұл кезеңде олардың жақсы мен жаманды, сыпайгершілік пен тұрпайлықты еркін аңғаруға талғамы жете бермейді. Сондықтан ала-құла киімдер киіп, бет-аузын әлем-жәлем етіп, боянып, «бойы бұлғаң, сөзі жылмаң», жастарға еліктеуі мүмкін. Қыз баланы әр нәрсеге еліктеп, әсіресе қызылды-жасылды киініп, боянудан және әртүрлі нәрсеге еліктегіш болудан сақтандырып, оның ақыл-ойының аумалы-төкпелі кезеңінде анасы дұрыс жол көрсетіп, ақ-қараны ажыратуына көмектесуі тиіс. Қыздың ұқыптылығы алдымен тазалықтан яғни өзінің киімін кіршіксіз, таза киюден басталатыны сөзсіз. Екінші шаш күтімі, бет күтімі, тіс күтімі сияқты әдемі болып өсуіне қажетті жағдайларды білгені жөн.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып, жүрсе ақырын.
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?
Кең маңдайлы, қолаң шаш,
Я, бір кез, я, құлаш, – деп суреттейді ұлы Абай. Хакім айтқандай ұзын шашты, білектей бұрымды қызға қарап тұрудың өзі көңілге әдемі бір сезім ұялатады. Әрине, әдемі, ұзын шаш өсіріп, күтім жасау да оңай емес. Ол үшін жаңа туған баланың (нәрестенің) шашын қайшымен қырқып, ал, жеті, сегіз ай болғанда немесе бір жасқа толғанда шашын ұстарамен алу керек. Өйткені баланың қарын шашы өте жұмсақ және сирек болады. Шашты ұстарамен алғаннан кейін баланың шашы қайратты да, жиі болып өседі. Ал, жиі жуылған шаш тез өседі. Ұзын шашты ұшынан бастап тараған жөн. Себебі, шаш деген нәзік нәрсе. Шашты жас баладай аялап өсіру керек. Қыз бала он алты, он жеті жасқа келгенде өмір есігі айқара ашылғандай ойына алған арманының бәрі мүлтіксіз орындалатындай сезініп, албырт қиял, шартарапқа шапшиды. Ал, келешекте қандай адам болары дәл осы кезде яғни мінез-құлқы, мақсат-мүддесі, денсаулық дәрежесі қалыптасатын шағында айқындалуы тиіс. «Қыздың қадір-қасиеті мен қылығы ұлттың ұлылығын танытады», – деп пайымдаған. Қазақ халқы қыз балаға тән қасиеттерді бойына сіңіру мақсатында мына қағидаларға тоқталған: ізеттілік, әсем киіну, әкесін күту, анасын сыйлау, дөрекі сөйлемеу, қабақ шытпау, үлкеннің алдын кесіп өтпеу, уақытты бос өткізбеу, өсек айтпау, бала тәрбиесін білу, ұлттық дәстүрді сақтау, ана тілін құрметтеу сияқты асыл қасиеттерді анасы үнемі айтып отыру міндет болған. Себебі: болашақта басқа үйге келін болып баратынын ескере отырып, үй тірлігіне қажетті жұмыстарды үйреткен. Дана халқымыз: «Бір ұл тәрбиелесең – бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең – бір ұрпақты тәрбиелегенің», деген өсиетнаманы ұрпақ жолына арнаған халық екені аян.
Нұржан Кәпқызы,
№17 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Талдықорған қаласы





