«Әкең жынды болса, байлап бақ» дейді қазақ. Бұл, әрине, тұтас бір жауапкершілікті арқалаған өмірлік қағида. Яғни, ата-ананың қандай күйде болса да, оған немқұрайлы қарамау – перзенттік парыз. Бір өкініштісі, соңғы кезде осы қағиданың қадірі қашып бара жатқандай.
Қоғамды дүр сілкіндірген оқиға көптің көңлін күпті етті. Түркістан облысында өз әкесін өлтірген ұл туралы тараған бейнежазба елдің жағасын ұстатты. Дәрменсіз қарияны тепкілеп, ауыр сөзбен балағаттаған көрініс тұтас қоғамның қасіретіне айналған болатын. Ол 2020 жылдан бері жүйелі түрде ұрып-соққан екен. Сөйтіп қорлық көрген 70 жастағы әке көз жұмды. Ал 40 жастағы ұл 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ соттың үкімі әлеуметтік желідегі жұрттың үкімінен әлдеқайда жеңіл көрінді. «Кешірім жоқ», «Мұндайды тірі қалдыруға болмайды» деген пікірлер қаптады.
Бұл бір адамның қатыгездігі ғана ма, әлде ел ереңіне балта шабатын үлкен дерт пе? Бүгінгі қоғамда қатыгездік үйреншікті құбылысқа айналып кеткендей. Отбасындағы зорлық-зомбылық, үлкенге құрметтің азаюы, ата-ана алдындағы жауапкершіліктің әлсіреуі – қоғам болып мән беретін мәселе. Тәрбиенің үзілуі, рухани құндылықтардың екінші орынға ысырылуы, адамдық өлшемнің көмескіленуі байқалады.
Жай күндері «әке – асқар тау» деп жалпыға жар салғанда сондай қазақ, бүгінде сол тауды өз қолымен құлатқан ұрпақты көріп отырмыз. Ақсақалдың әлсіздігіне мүсіркемей, күш көрсеткен баланың бойында мейірімнің мүлде жоғалғаны жасырын емес. Қазақтың дәстүрінде бұл заңмен ғана өлшенетін қылмыс емес, ар-ұятпен, иманмен таразыланатын ауыр күнә.
Тағы бір ойланатын жайт, қоғамның алдын алу тетіктері. Мұндай жағдайға жеткізбей, дер кезінде дабыл қағуға болмас па еді? Отбасы ішіндегі ахуалды бақылау, психологиялық көмек, әлеуметтік жауапкершілік қайда қалды? «Өз үйім – өлең төсегім» деп, жабулы қазан күйінде қалдырғанымыз ақыры осындай трагедияға алып келді емес пе?!
Егер бүгін біз мұны тек шулап, ертең ұмытып кетсек, дәл осындай қасірет тағы қайталануы мүмкін. Қоғам қайда барады деген сұрақтың жауабын әркім өзінен бастауы керек сияқты. Үлкенге құрмет, кішіге ізет деген іс жүзінде көрінбейінше, мұндай жаға ұстатар жағдайлар азаюы неғайбыл. Заң жазалайды, бірақ адамды адам ететін – ар.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ




