Қазіргі таңда қоғамның бет-бейнесін, мінез-құлқын көрсететін басты айна – әлеуметтік желі десек, қателеспейміз. Алайда соңғы жылдары бұл айна шаң басқандай бұлыңғыр тартып барады. Себебі, желіде өз отбасының жеке мәселесін ашық айтып, ел алдында арын таптап, абыройын айрандай төгіп жүргендердің қатары көбейді. Бір кездері қазақ «ұят болады» деп ұстанған, «ерлі-зайыптылардың арасындағы сыр елге жайылмайтын құпия» деп бағалаған қасиетті ұғымдар қазір көптің күлкісіне айналып бара жатқандай.
Бүгінде танымал болу үшін, жұрттың назарын өзіне аудару үшін кейбір блогерлер мен өнер адамдары өз отбасын әңгіме қылудан да тайынбайды. Кешегі Абайдың асыл шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлы «Өзгеден бұрын өзіңді түзе» деген болса, бүгінгі кей блогерлер, керісінше, өзгені сынап, өз отбасын да жұрт алдында талқылауға шығарып отыр. Айрандай ұйып отырған отбасының ойранын шығарып, жұбайлық өмірін жарнамалағандар ел ішінде «атағы шыққан» тұлғаларға айналды.
Бұрын қазақ қоғамында іштегі реніш, үй ішінің мәселесі сыртқа шықпайтын. «Отбасының ұяты – әйелде, абыройы – ерде» деп ұлт санасы әрқашан тектілік пен тәрбиеге баса мән беретін. Ал қазір сол ұстанымның орнын «контент», «көрілім жинау», «жарнама» деген түсініктер басқандай. Бейнежазба түсіріп, «сұхбат беремін» деген желеумен отбасының құпиясын, ел алдында айтылмауға тиіс сөздерді жария етіп жүргендер аз емес. Бірі тоқал алуын насихаттаса, енді бірі бұрынғы жұбайын кінәлап, өз әрекетін ақтап алуға тырысады. Мұның бәрі – жас ұрпақтың санасын улайтын, қоғамның мәдени деңгейін төмендететін құбылыс.
Қазақтың ежелгі салтында әр істің өз шегі, әр сөздің өз әдебі бар. Ал бүгін сол шекара бұзылды. Кім көрінген «журналист» болып, сұхбат алуға кірісіп кетті. Бірақ журналист болу – микрофон ұстай салу емес, ол жауапкершілігі зор, этиканы, шындық пен әділдікті талап ететін мамандық. Шын журналист ешқашан адамның жеке өмірін әшкерелеуді мақсат етпейді, қайта қоғамға пайдалы, рухани тәрбиелік мәні бар дүние ұсынады. Ал блогердің атын жамылып, әркімнің үй ішін талқылап, көз жасынан пайда көргендер бұл мамандықтың қадірін кетіруде.
Қоғамның дамуы үшін сөз бостандығы керек, бірақ ол еркіндік ар мен ұяттың шегінен аспауы тиіс. Бүгін ұсақ-түйек дау мен жанжалды желіде жариялап жүргендердің ертең ұрпағы не көреді, кімнен үлгі алады? Ұлттың жүрегін сыздататын да осындай жауапсыздық пен жеңіл әуестік.
Қазақ қоғамына бүгінде терең ой мен тектілік жетіспейді. Әлеуметтік желіні ақылдың емес, айқайдың алаңы жасамай, керісінше, мәдениетті пікір мен ізгі ниетті насихаттайтын орынға айналдыру баршамыздың борышымыз. Өйткені қазақтың ұяты – ұлттың іргесі, ал ірге сөгіліп кетсе, қазақтың қадірі қайнаған қара қазаны төңкеріліп қалары анық.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ




