Қазақ тілінің тамыры тереңде. Ол күні кеше ғана пайда болып, жеке ұлттың тіліне бірден айнала қойған жоқ. Қалыптасу кезеңін Талас, Орхон-Енисей ескерткіштерінен, Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін, Мойыншор сияқты жазба жәдігер мұраларынан бастайды. Қазақ тілі Орта түркі дәуірінде де қолданылған, уақыт өте келе неологизмдермен, терминдермен толысып отырған көне тілдердің бірі.
Оның тарихының тереңде жатқандығына Ж. Баласағұнның «Құтты білік», М. Қашқаридың «Түрік сөзінің жинағы», А. Иүгінекидің «Ақиқат сыйы», А. Яссауидың «Даналық кітабы» атты шығармалары дәлел бола алады. Алтын Орда тұсындағы жазба ақындар Саиф Сарайдың «Гүлистан бит-туркиі», Құтбтың «Хұсрау шырыны», Хорезмидің «Мұхаббатнамесі», көне қазақ жазба әдебиетінің өкілдері Қадырғали Жалайыридың «Жамиғат-ат тауарих», Әбілғазы баһадүрдің «Шежіре түрки» естеліктері, ХІХ ғасырдағы ақын М. Өтемісұлының жырлары, ХVІІІ ғасырдағы Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың Ресей патшасы Елизаветаға жолдаған дипломатиялық жазбалары, Шоқан Уәлихановтың зерттеу еңбектерінің тілі болған қазақ тілінің бүгінгі ұрпаққа берері мол.
Тіл – халықтың ең басты және ең үлкен мұрасы, тарих қойнауындағы асыл қазынасы. Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін 1996 жылы «Тіл саясаты туралы тұжырымдамасы», 1997 жылы «Тіл туралы» Заңы бекітілді. Конституцияда қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғышарттары, қоғамдық қызметтері белгіленген. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы саналатын мемлекеттік тілді меңгеру – ҚР әрбір азаматының парызы. Бірақ қазақ тілі қазір мемлекеттік тіл мәртебесіне сай жоғарыда қойылған талаптарға жауап бере алмай келеді. Елбасымыз: «Тәуелсіздік алғалы аюдың да тіл үйренетін уақыты болды», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», – деп мемлекеттік тілді үйренуді бүкіл халық болып жұмыла қолға алуды қанша меңзесе де нәтиже аз. Ата-бабаларымыз баланың тәрбиесі құрсақтан басталу керек екенін әуел бастан білген, ескерген, жасы 11-12-ге толғанға дейін тек ана тілінің үнін, гүлзар сұлулығын сезіндіріп, қуат-құдіретімен суарып өсіруді міндетім деп санаған. Көптеген салт-дәстүр ана тілінде өрілген өлең-жырлармен орындалып, жас сәбидің санасына тілдің әуезділігін, құндылығын сіңірген. Мәселен, құрсақ той, шілдехана, баланы қырқынан шығару сәттерінде қаншама жібектей жұмсақ сөздер, бата-тілектер төгіліп сала береді. Қазір осы дәстүрлер ұмыт бола бастаған.
Француз ғалымдарының дәлелдеуінше, жалпы адамзаттың ататегі ең алғашқы сөзін осы уақытқа дейін саналып келгендей 100-150 мың жыл бұрын емес, 300 мың жыл бұрын айтыпты. Өзімізге белгілі, жас сәбидің тілі айналасындағы үлкендердің тіліне еліктеу арқылы шығып, сөйлей бастайды. Бірақ мидың тілге жауапты бөлігінің қызметі сәби туғанға дейін қалыптасатынын көпшілік ескере бермейді. Яғни, анасы қай тілде сөйлесе, құрсақтағы сәбидің алғашқы коммуникациялық қабілеті сол тілге қарай бейімделеді. Мұны ғалымдар генетикалық байланыс деп атап жүр. Өкінішке қарай, қазір генетикалық байланыстан түбегейлі айырылып қалған азаматтарымыз жетерлік. Осының барлығы кеңес кезінде жүргізілген астарлы саясаттың салдары. Сөйтіп, ХХ ғасыр ұрпағы орыс мәдениетін бойына сіңірген маргинал халыққа айналды. Өз ана тілін менсінбейтін халге жетті. Осылайша рухани мүгедек қоғам пайда болды. Бүгінге дейін соның зардабы байқалып тұр. Қазір егеменді ел болған кезеңде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оны құжат, коммуникация, телеарна, радио, баспасөз тіліне айналдырудың мүмкіндігі молайды. Баласын қазақ мектебіне беремін де- ген ата-анаға шектеу қойылмаған. Сондықтан мемлекеттік тілдің болашағы мен бүгінгі ахуалын көркейту әрбір қазақ азаматының міндеті.
Майра Алдабергенова




