Қазіргі кезде саудадағы алыпсатарлықтың түрін тізіп бола алмаймыз. Әркім әлі келген істі күнкөріс көзіне айналдырып, тиыннан теңге құрап, жан бағуға әрекеттенеді.
Жаз айларында оның түрлері тіптен көбейе түседі. Бірі қымыз-шұбатын пұлдаса, енді бірі қауын-қарбыздан пайда көреді. Тұяқ қимылдатып, табан тоздырған жан табыссыз болмайды. Бұлардың қатарында қысы-жазы ірілі-ұсақты мал сататындар да бар. Дұрыс. Сатсын, ақша тапсын, бала-шағасы мен отбасын, тіпті, өзін-өзі асырасын!
Дегенмен, осы сауданың соңында жүрген адамдар оның пайдасын ғана ойламай тазалығы мен халалдығына неге мән бермейді екен деп ойлаймын. Тазалық болған жерде тапқан табыс та бойға сіңіп, берекелі болатыны анық қой. Көшіп-қонып жүрген стихиялы саудадан бөлек атшаптырым алаңды қоршап, иелік еткен кәсіп иелері осы мәселеге неліктен жіті назар аудармайды? Олардың кәсібінің өркендеуіне мемлекет тарапынан аз қолдау болып жатқан жоқ қой. Әлде, мал сою алаңының тазалығы аудандағы санитарлық тазалық мекемесі мен әкімдік мамандарына, тексеру комиссиясына ғана керек пе? Алдымен, халыққа, тұтынушыға керек емес пе?..
Күні кеше қой сатып алатын болып Кеңдала ауылдық округінің аумағындағы «Adilet» базарына ат басын бұрған едік. Мал базардағы бірнеше шарбаққа ірілі-ұсақты мал қамалған.
Мұндағы саудагерлердің сөздері адамды жаңылдырады. Әркім өз малын «ұсынады». Бұйырған қойды алдық. Қасапшылар да жоқ емес екен. «Ақысын берсең сойып, басын үйтіп, ішек-қарнын шайып береміз» дегені жақты. Күн ыстықта өстіп тазалап алған да жөн шығар деген байламға келдік.
Міне, жаға ұстарлық мәселе осы жерден басталды. Мал сою алаңының табалдырығын аттағаннан үйіліп жатқан ішек-қарынның иісі қолқаны қапты. Оған құжынаған шыбынды қосыңыз. Одан әрі ішке өткенде әр жерде бір-екі қасаптың қой союдың қамына кіріскендігін байқадық. Бірі Әділ есімді жігіт. Туысыма бұйырған қойды сойып, бұзып жатыр. Ал шығаберісте бір әйел жаңа сойылған қойдың басын газбен үйтіп, жууға кіріскен. Оның айналасындағы былықты жоғарыда айтып кеттім.
Кезек ішек-қарынға келді. Алаң ортасындағы арық жиегіне лақтырып тасталған ішек-қарынды резеңке шлангімен келген сумен «бұрқыратып» жуып шықты.
Көп нәрсеге көңіл бөлмесеңіз бәрі демде, лезде бітіп жатыр. Ал мен әрбір іс-әрекетті жіті бақылап тұрмын. Үйтілген қойдың басын дәу бөшкедегі қап-қара суға салып, жуа салды. Бұл судың қашан құйылғанын кім білген?..
«Мақұл! Үйге барған соң дұрыстап жуып-шайып аламыз» деумен өзімізді жұбатып тұрмыз. Ал ішек-қарынның жайы анау болды. Оны арнайы ыдысқа немесе төсенішке тастаса жөн еді. Көшеде көрінген жерді басып кірген адамның аяғының астында жуылып, сойылған астың тазалығы турасында не айтуға болады?
Осындай процестен өткен қойдың, жылқы, сиырдың бас-сирағы мен ішек-қарындары барлық ет базарларында саудаланып жатыр емес пе? Бір өкініштісі, оның бізге жаңағыдай жолдармен жеткенін көп ретте біле бермейміз. Содан кейін «ауру – астан» болмай қайтсін?
Біз тұрған бірер сағатта бірнеше адам қой алып, кейбірі сойғызып та жатты. Әлгі Әділ қасаптың айтуы бойынша күніге 5-7 қой сойылады екен. Малдың өтпей қалатын кезі өте сирек көрінеді.
Жасыратыны жоқ, осы мақала сайтқа не газетке шыққан кезде алдымен аудандық, ауылдық әкімдік мамандары «шырылдайды». Сонда базардың антисанитарлық жағдайына солар жауапты ма?
Мен бұл базардың жұмысына жауапты адамның кім екенін білмекке тырыстым. Бірақ «Сіз неге суретке түсіріп жүрсіз, бұл жер жабық» деген жігіт ағасы ондағы асхана есігінен ішке кіргізбеді. Жауапты адамның да бұл маңда еместігін естідім.
Базарда карантин талаптарының сақталмайтыны көзге ұрып тұр. Мал иелерінің бірде-бірінде бетперде жоқ. Сондағы саудагерлердің бүгінгі індет жайлаған қиын жағдайдан хабары жоқ емес, бар шығар… Онда неге карантин талаптарын сақтамай тек пайданы ғана қуып жүр? Ертең, жаман айтпай жақсы жоқ, аты жаман індет жұқса немесе жұқтырса қай ақшаға, қай малға жанын сақтап қала алады? Біздің санамыз қашан оянады өзі?.. Сұрақ көп, жауап жоқ деуге болады.
Айдың соңында келетін Құрбан айтта бұл базардың күйінің қандай боларын ойлаудың өзі қорқынышты.
Ұлбосын ИСАБЕК
Кеңдала ауылы,
Талғар ауданы





