Түнге таман шырт ұйқыда жатқан бейқам жұрттың ауласын су басады. Ел-жұрт қауіпті жағдайды бір-біріне хабарлауға да мұршасы келместен қауіптен құтылудың қамын жасайды. Долы өзен домалатқан тастар үрей ұялатып, асау тасқын жолындағыны жапырып кетеді. Негізі елде болып жатқан төтенше жағдайлардың көрінісі осындай болып келеді.
Ойда жоқта туындайтын қауіптен жұртшылықты ескерту шаралары дұрыс ойластырылмаған. Апаттың алдын алу жұмыстары дер кезінде жүргізілмеген. Жапа шеккен жамағаттың осы мәселелерді шырылдап айтып жоғарыдағылармен жаға жыртысып жататынын көріп те жүрміз.
Әрине, ашынған халықты түсінуге болады. Жыл сайынғы қайталанатын сол бір сценарий. Дегенмен бұл жерде мен мәселенің басқа жағын қозғағым келіп отыр. Соған орай «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі» деген тәмсіл айтпақ ойға мысал бола қалғандай. Турасында елде болып жатқан табиғи апаттар үшін жұртшылық биліктің жер-жебіріне жетіп кінәлағысы келіп тұрады. Өзімізге сондай түсінікті қалыптастырып алғандаймыз. Біреудің беделін жер бауырлатуға келгенде бізден асқан шебер жоқ екендігі тағы белгілі. Ал, бір нәрсенің байыбына бармай жатып, ұшқары тұжырым жасаудың өзі ерсі емес пе?
Мұнымен мен жоғарыда отырғандарды қорғап, ақтап алудан аулақпын. Тек еміс-еміс естігенмен өз қазаныңа қайнамай жатып ештеңені де білмейсің дегенді алға тартқым келеді. Адам проблеманы бірінші өзінен бастап іздегені жөн емес пе?
Бірде бір қызық жағдай орын алды. Көктем мезгілі болатын. Жұмыстан шығып, түскі ас ішуге үйге келсем үйдің қақпасынан бастап есіктің алдының бәрін су басып кетіпті. Мәселенің мән-жайын бағдарлап қарасам, су арықтың дер кезінде тазаланбауының салдарынан арнасынан шығып, ауланы басып қалған. Бұл мысалға келтіріліп отырған бір ғана жағдай.
Бұл жерде менің де ойланбастан жоғарыда отырғандарды кінәлауыма болар еді. Бірақ, өзімнің шалалығыма көзім жетіп, ұяттан кірерге тесік таппадым. Өйткені, менікі ел дүрлігердей мәселе емес. Тек адамның өз ісіне деген жауапкершілігі болғаны дұрыс дегенді жеткізгім келеді.
Кереғар пікір айтып, ел мен биліктің арасына іріткі салу кімнің болсын қолынан келетін нәрсе. «Апат айтып келмейді» деген тәмсілді естіп жүрген қазақпыз ғой. Тілсіз қияпаттың қашан келерін ешкім болжап болмас. Бәріне басшыларды кінәлап, аузымызды қу шөппен сүрте бергенше «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп біраз мәселені шешуге өзіміздің де талпынып көргеніміз жөн емес пе?
Темірлан АЙТБАЕВ





