«Мамандардың миына (бар болса) қандай шатпақ кірерін болжау мүмкін емес», – деп ашына жазады белгілі журналист Серік Әбікен. Мамандар деп тіл мамандарын айтып отырғаны белгілі. «Ережеге емес, еріккен филологтардың тиын табар ермегіне айналған тіл ғой, іздеушісі, сұраушысы жоқ», – деген сөздерін оқығанда рас айтады деппін өз-өзіме сөйлегендей дауысым шығып. Айтса – айтқандай, десе –дегендей. Осы тақырыпта көптен бері менің де көкейімде біраз дүниенің жүргені рас.
Неге екені белгісіз, «қош» деген бір- ауыз сөзді біз орынды жерге де, орынсыз жерге де пайдаланып жүрміз. Мысалы, мектептердің есігінде біздің кезімізде «Хош келдіңіздер» деген жазу тұрушы еді. Бүгінде «Қош келдіңіздер» деп тұр. Бұл қалай деп айтайын десең, бүкіл ақпарат құралдарында осылай жазылуда. Менің түсінігімде «хош» деген сөз көтеріңкі көңіл-күйді білдіреді. «Көңіл хошы жақсы екен», «хош иісті гүлдер», «біздің ортамызға хош келдіңіз!» деген сияқты. Ал «қош» деген сөз «қоштасу», «қош бол», «қимай-қимай қош айтысты» деген мағынада қолданылады емес пе? Мен ақымақпын ба, мамандар ақымақ па? Тағы да осы «х» мен «қ» әріптеріне байланысты, «хас батыр», «хас жүйрік», «хас сұлу», «хас шебер» деген сөздер бүгінде көбіне-көп «қ» әрпімен жазылып жүр. Оу, бауырлар-ау, «қас» деген қазақтың сөзін «қас-қабақ» дегеннен басқа «қас дұшпан», «қаскөй адам», «қастық жасады», «қастандық» сияқты мағынада қолданбаушы ма еді? Неге біздер «хас» пен «қас» сөзін шатастырып алдық?! Онда «хат-хабар» дегенді «қат-қабар», «хат келді» дегенді «қат келді» деп жазамыз ба? Бұл не жасанды орашолақтық? Енді, керісінше, «Қасымбек» дегенді «Хасымбек», «Бақтияр» дегенді «Бахтияр» деп жазатын да, айтатын да әдет таптық. Адамдардың тегі мен есімдеріндегі келеңсіздектер бір бұл ғана емес, толып жатыр. «10 миллион қазақ бірінің тілін бір ұғудан қалып барады» деп шырылдаған журналистерді тыңдайтын тіл мамандары бар ма? Бар болса неге үндемейді? Тіліміздің бүгінгі тілім-тілім ахуалына неге үн қоспаймыз? Тілді шұбарлап, мектеп табалдырығын аттаған балалардың санасын сансыратып, шатастырып отырған тіл мамандары, терминология комиссиялары халықпен неге санаспайды? Бастауыш сынып оқушыларының оқулықтарын жасап отырған ғалымдар, сәбилерді аясаңыздаршы. Оқулықтағы берілген тапсырмаларды 7-8 жастағы бала түгілі ата-аналар қиналып орындайтынын білесіздер ме? Бір тапсырманы орындау үшін мұғалімге телефон соғып, көмек сұрайтын халге жеттік.
Оқулықтар мен баспасөз беттеріндегі біз тиіп-қашып мысал келтірген былықтарға тоқтау болмаса, ұрпағымызды жасанды түрде мәңгүртке айналдыратын түріміз бар.
Ол аз десеңіз, бүгінгі жастар қысқартпа сөздерді қолдануды әдетке айналдырды. Жастар «Барамыз ғо», (барамыз ғой дегені), «баратырық» (бара жатырмыз дегені), «келатырық» (келе жатырымыз дегені) деген сүйкімсіз сөздермен сөйлесетін болып алды. Әлі жас қой, әлі түзелер десек те, «ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей, өмірге келетін ұрпақтарына да солай сөйлеп, тәрбие бермесіне кім кепіл? Онда олардан үлгі алған келешектің тілі не болады? Ел болып, халық болып бүгін қолға алмасақ, ертең кеш болары анық, ағайындар!
Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ,
Панфилов аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы




