Менің ұстазым көп. Ол – мектебімде, жалпы өмірімде, жұмысымда. Адам баласы ешқашан «болдым-толдым» деп айта алмайды. Өмір – үздіксіз ізденіс, оқу-тоқудан тұрады. Өткен ғасырларда өмір сүрген бір ойшыл: «Менің білгенімнен білмегенім көп» депті. Сонда қарапайым жұрт қалай деп таңырқай қарайды. «Таңғалмаңыздар. Көп білген сайын үйренген үстіне үйіле береді» деген екен. Осы сөздің айтылғанына қанша уақыт өтсе де құндылығын жоғалтқан жоқ. Керісінше, кемелдене түскенін таразы – уақыт өлшеп бергендей.
Ақпарат көздерін ақтарып отырып, қарт ағылшын әйелінің Ұлыбританияның белді бір жоғары оқу орнын аяқтап, үздік студент атанғанын оқыған едім. Бұл не? Еріккендік пе? Жоқ, әлде, алжыған кемпірдің әрекеті ме? Екеуі де емес. Өте білімдар, аристократ отбасында тәрбиеленген әже жалғыздық жапасын шегеді. Қарттың үйінің қабырғасын жапқан кітапханасы болады. Онда ол оқымаған кітап қалмайды. Міне, сонда ғана ағылшындық қарт жалғыздықтың не екенін шындап түсінеді. Ұл-қыздарынан жырақтап қалған ана өздігімен өмір сүруге дағдыланғанмен жалғыздықтан жалығады. Байлығы, айлығы мен шайлығы бір емес, бірнеше отбасын асырап-бағуға жететін әже қалған өмірін қалай өткізуді ойланады. Сөйтіп, бір шешімге келіп, тағы да студент атануды мақсат тұтады. Ағылшындық ананың арманын екі етпеген оқу орнының басшысы келісіп, студент қатарына қосады.
Осы оқиға көпке ой салды. Біздің елде де қартайғанша оқуға болады. Бірақ ағылшындық әжейдей құштарлықты кездестірген жоқпын. Хош, қазбалай берсең әңгіме әлеуметтік жағдайға әкеледі. Менің айтайын дегенім – адамның ішкі сұранысы, құлшынысы, бір сөзбен айтқанда – НИЕТІ.
Бізде мықты ұстаздар да, оқу орны да көп. Оқитын адамға оқу құнының қымбаттығы да, жас ерекшелігі де кедергі емес. Кедергі – кержалқаулық. Мұны «ауру» десем айыптамассыздар. Бұл «ауру» жүре жабысады. Кержалқаулықтың кесірінен бала ғана емес, ата-ана да азап шегеді. Сөйтіп, құштарлық, талпыныс, ынта деген қасиеттерден жұрдай болады.
Отбасын бір мектеп деп қарастырсақ, оның ұстазы – атаана екені сөзсіз. Бала әке-шешеден қандай тәлім көрсе, болашақта сол жолмен жүреді. Өмірімізде, жұмысымызда болсын кездесетін қиындықтардан сабақ алып, бармақ тістеп жататын кезіміз де болады. Сондайда еш саспастан «кезінде оқы дегенде оқымадық қой» дей саламыз. Білімге деген ынтамызды ашпады деп мұғалімдерді жазғырудан да тайынбаймыз.
Жұмысқа кешігіп келуімізге, қарапайым есеп шығара алмауымызға, дөрекі сөйлеуімізге, сәлемдесу мәдениетін білмеуімізге мектеп пен ұстаздың не кінәсі бар? Ешқандай да кінәсі жоқ. Кінәні алдымен атаанадан іздеу керек. Оларды «Балаңды аясаң – аяма», «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген бабалар тәлімін ұмыт қалдырғаны үшін жазғырған жөн сияқты.
Өткенімізге өре салып қарайықшы. Қай жерден қате жібердік? Алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәт кім-кімнің де есінде болар. Өз басым үстіме таза кәстөм киіп, шашымды тарап, оқушы деген атқа лайық болуға тырыстым. Сол кездегі ішімдегі аласапыран сезім сіздің де ішіңізде туғаны анық. Сіз де мендей мектеп табалдырығын қорқа аттадыңыз. Бөтен ортаға үйрене алмай қиналдыңыз. Мұғалімге бағындыңыз. Әріп тани алмай әлектендіңіз. Бестік алуға тырыстыңыз. Кітап, дәптер таршылығын да көрдік. Барлығымыздың жағдайымыз тең еді. Арамызда асыптасқан ешкім болған жоқ.
Қарап тұрсаңыз, алып бара жатқан артықтық жоқ. Мен оқыған класта бәрінің дәрежесі бірдей еді. Ұстаз алдында әкімнің қызы да, малшының, еден жуушының баласы да тең болдық. Сонда бізді тырп еткізбейтіндей таяқтап оқытты дейсіз бе? Жоқ. Ешкім де бізді соқпады, алаламады. Тек бәріміз бір ананың, бір үйдің баласындай болдық. Мұндай түсінікті ұстаздар ғана емес, ата-ана да қолдап, құлағымызға құя берді. Міне, бүгінгі үштік – ата-ана, ұстаз, оқушы өз міндетін мінсіз білсе, «түсініспеушілік формуласы» шашаусыз шешілер еді.
Өкініштісі, ОҚУШЫЛАР асықты – айфонға, ҰСТАЗДАР бестікті – байлыққа, АТА-АНАЛАР татулықты – таныстыққа айырбастамаса, МЕНІҢ де, СІЗДІҢ де балаңыз оқушы атына лайық болар еді. Бұл – менің пайымым. Ал сіздің ойыңыз қандай?
Серікжан МУРАСИЛОВ
Райымбек ауданы





