Әуелі «Дала қоңырауы» атанған Ыбырай баба: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұстаз беделінің биік екенін бағамдап берді. Алтынсарының баласының ізімен Алаштың «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» перзенті Мағжан ақын «Педагогика» туралы ілімін қалдырып, терең зерттеп, зерделей келе: «Алаш баласы бас қосқан жерде төр – мұғалімдікі» деп алар орнын айнымастай қылып белгіледі. Қазақтың төл дыбыстарын түгендеп, әр әрпімізді өз орнына қойып «Әліпбиімізді» жазып берген Байтұрсынның Ахметі «Ұлт ұстазы» атанды. Жұртымыздың рухани шамшырағы болған дана, дара бабаларымыздың айтқан сөзі де, қылған қарекеті де ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатыр. Бірақ…
Жасыратыны жоқ, дәл осы «біраққа» келгенде жоғарыдағы тегеурінді теңеулердің, оны сөзбен айтып қана қоймай амалына айналдырған тұлғалардың сеніміне селкеу түсе бастағандай сезіледі. Сол сенімді селге ағызбай жүрген санаулы мұғалім болмаса, сөз шындықтан бұзылмайды ғой, бүгінгі ұстаздың біразы емес, көбі газет-жорнал оқымайтын жағдайда. Бұл көзіміз жетіп жүрген дүние. Ел ішіне жиі шығамыз. «Қонақ аз отырып, көп сынайдыны» жақсы меңгергеніміз рас. Сыр суыртпақтап отырып, шынын айтқызып алатын сәтіміз де бар енді. Ойламаған жерден газет оқымайтынын білдіріп қояды. Ал енді басылым бетін парақтап көрмеген ұстаздың көз майын тауыса кітап оқиды дегеніне сену де қиын. Осы жолдарды оқып отырып, газетті машығына айналдырған санаулы мұғалім өре түрегелмесе, қалғаны ащы шындық шымбайына батса да «шыңқ» ете қоймайды-ау!
Әлқисса, Асхат Аймағамбетов министр болған жылдары аспандағы Айды әпермесе де мұғалім беделін біраз көтеріп кетті. Ол әкелген реформаның бір тармағында «Дала қоңырауының» жолын жалғаған жандардың мерейі тасыды. Жалақыларының да көтерілгені осы тұста болды. Ұлағат иелерін қорғайтын заңды таразыға қайта тартып, «Педагог мәртебесін» айқындап берді. Осы бір аралықта ел арасында «антикор» атанып кеткен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі» «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықтының» керін келтірді. Жылдағы газетке жазылу дәстүрін «Даудың басы Дайрабайдың көк сиырына» айналдырып жіберді. Яғни, «баспасөз науқанында әкімдік күштеп жаздырса жауапқа тартамыз» деген сипатта мұғалімдердің жел жағындағы қорғаны, дауылдан сақтар орманы бола қалды. «Өзі қашайын деп тұрған киік еді, құлағына таяқ тиіп еді» деген ниетте болды ма, әйтеуір «алтын ұядағы» зиялы орта бірден бізден сырт айналды. Нәтижесінде «Өзінің уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған», «Ұстаз – ұлағатты есім», «Сыңғырла, күміс, қоңырау!» деп сан түрлі тақырыппен есімдерін ерекшелеп, дарындысын даралап, атағын елге паш етіп жүрген газеттерге шекесінен қарай қалды. Оған Аймағамбетов айшықтап берген «Педагог мәртебесі туралы» заңның қуатын қосыңыз. Сөйтіп, «Бұдан да жаман күнімде тойға барғам» дегендей, айлығы төмен кезінде де түрлі мерейтойда сабағы жайына қалып, қонақ күтіп, дастарқан жасап, сенбілікке шығып, көше сыпырып, саяси сайлау уақытында сенімді сарбаздай сап түзеп, соңында «дауыс ұрлағыш» атанып, сынға ілініп жатса да ұстаз деген атын, мұғалім деген қызметін құрметтеп, жұртпен бірге жабыла соқпай, тек жақсылығын паш етіп, еңкіш тартқан еңсесін көтеріп, насихаттаудан жалықпаған жанашыр басылым едік, аяқасты керексіз болдық та қалдық. «Жұт – жеті ағайынды» дегендей, басылым мен оқырманның ортасында алтын көпір болуды өздеріне міндеттеген «Қазпоштаның» салғырт қимылы, тасбақа жүрісі арамызды тіптен алшақтатып жіберді. Бұл ойыма ел арасына барып, кездесулер өткізгенде айтатын оқырмандардың: «Он-он бес күнде жиып-теріп әкелетін гәзитіңді оқып қарық қылмаймыз, қарағым. Ескіріп кеткен жаңалығыңды не қыламыз? Бәрі мына телефонда тұр, сол жетеді бізге», – деген уәж айтады байырғы аға буын оқырманның біразы. Ол ағайынға газет тек қана ақпарат таратудан, бес күнгі жаңалықты ғана жариялаудан тұрмайтынын түсіндіреміз. Қоғамның көлеңкесі мен шуағы, жетістігі мен кемшілігі, тал бесіктен басталатын тәрбие мен жүгенсіз кеткен жастардың жан ауыртар әрекеті, ауырмай тұрып ем іздеудің, адаспай тұрып жол табудың бәрі айтылатынын жеткіземіз. Бірақ сананы торлаған ғаламтордағы әлем әдемі көрініп, әлемжелідегі әлем-жәлем дүниенің әсерінен айыға алмай жатқанын қашан бағамдар екен бейғам жұрт?!
Бірді айтып, бірге кетпейін. Мұғалімнің газетке бет бұра алмау себебіне Қазақстандағы «қағазбастылықты» арағайындыққа салып, арашалап алғымыз-ақ келеді. Күні бойы қағаздан миы ашып, кештете үйіне оралғанда алдынан газет-жорнал «маған қарауды ұмытпа» деп тұрса көзі қарауытып құлап қалатын шығар деген жанашырлық сезімге беріліп кететініміз де рас. Біз сөйткенімізбен өздері әңгіме арасында бір сағаттың ар жақ-бер жағында телефонға телміріп, әлеуметтік желіге желімдей жабысып қалатынын байқамай айтып қояды ғой тағы да. Осыдан кейін сол уақыттың бір мысқалын ғана газет парақтау мен кітап қарауға бөлсе ұтылмайтын еді-ау деген ой өзінен-өзі келеді жұмыр басымызға.
Әсілі, педагог мәртебесінің биіктегенін біз де қалаймыз. Өйткені мұғалімдер біздің оқырманымыз ғана емес, ұрпағымыздың көкірегіне ілім нәрін құятын ұстаз әрі тал бесіктен шығып, алтын ұяның босағасынан аттаған ұл-қыздарымызға білім мен тәрбиені қатар беріп жатқан зиялы қауым өкілдері. Өздерінің жиындарында «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген әл-Фараби дананың сөзін жиі айтады. Білім – әр ұстаздың жеке пәндері арқылы берілетін құндылық, ал тәрбиеге жеке көңіл бөлу керек болған соң қосымша уақыт арнап, яғни тұрақты басылымдарға бір қарап, «айналамызда не болып жатыр екен, қай жерден ақсап тұрмыз?» деген сияқты сан түрлі сауалға жауап тауып, соған қарекет жасауға көмекші құрал газет еді ғой. Айдай әлемді ашық көрсететін алақандай ғана телефонның ішіндегі дүниенің бәрі ақиқат емес екенін сезінсе керек еді. Ол жерде кім, не демей жатыр?! Ал басылымда өтірік жазып бүліндіргенің үшін де, жалған ақпарат беріп адастырғаның үшін де жауап бересің. Сол үшін нақты дерек пен шынайы ақпарат газетте!
Алдыңғы толқын аға буын ұстаздардың бақыты – олар дәл бүгінгідей ғаламторға торланып, түрлі ақпарат ағынына батып кеткен жоқ. Олар газет, жорнал, кітап оқыды. Сондықтан заңмен қорғалмай-ақ оқушы алдында ғана емес, қоғамда орны биік тұрды! Ал бүгінгі ұстаздың да, оқушының да қолында бірдей смартфондар, планшеттер, телефондар. Оқушылары құндылықты дүниемен өлшеп, өздерін ұстаздарымен тең дәрежеде ұстайтын дәуірде ұлағат иелерінің беделі бір мысқал болсын қайтсе биіктемек?! ӘРИНЕ, МҰҒАЛІМ ГАЗЕТ ОҚЫСА…
Жұматай ОСПАНҰЛЫ




