Көксу ауданында былтыр 169 неке қиылып, 90 неке бұзылған. Бұл біздің жастар үшін өте қорқынышты көрсеткіш, қауіпті жағдай. Бір ғана Көксу ауданында емес, Қазақстанның барлық жерлерінде де осылай болуы мүмкін.
Күні кеше бірін-бірі сүйіп қосылған жастардың ажырасып, жанжалдасып немесе дүние-мүлік, тұрғын үйге таласып, жаға жыртысып жататынына қандай баға береміз?! Мүмкін «Заманына қарай адамы» демекші, уақыт ағымына байланысты жастар психологиясының өзгеруі ме? Әлде батысқа еліктеуден туған түсінік пе?
Жастардың көбі отбасын құруға жүрексінеді. Бақытты отбасылық өмірдің іргетасын қалағысы келген жас «алдымен материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілуім тиіс» деп ойлайды. Басты себеп осы. Әрине, жастар арасында мұндай ойдың туындауына да негіз бар. Мәселен, жұмыссыздық, баспанасыздық, ақылы медицина, сапасыз өнімдер және тағы-тағылары. Иә, мұндай әлеуметтік-экономикалық жағдайлар да көбіне ажырасудың себебіне айналады. Шайлыққа жетпейтін айлық, отбасыға тарлық ететін пәтер – осының бәрі адам төзгісіз мәселеге айналады.
Ажырасудың түпкілікті себебі – мінездердің үйлеспеуі. Үйленгенге дейін білінбеген ерлі-зайыптылардың оғаш қылықтары, бір-бірімен ойының дөп түспеуі, бірінің алдында бірі кішіреймей өз дегендерін алға тартуы, көкбеттеніп ұрысқандарынан, тіпті бір-біріне беттерінің ашылып кетуі – ажырасуға алып келер жағдайлар.
Неке – некеге отыратын адамдардың тікелей қатысуымен тіркеуші органдарда не арнайы мемлекеттік Неке сарайларында тіркеуші органға өтініш берген күннен бастап, бір ай мерзім өткен соң қиылады. Некеге тұруға тілек білдірген адамдардың біреуі тіркеуші органға келе алмайтын ерекше жағдайларда – ауыр науқастануы, қамауда немесе бас бостандығынан айыру орындарында болуы некені қиюды мемлекеттік тіркеу үйінде, медициналық немесе өзге ұйымда тиісті ұйымның әкімшілігімен міндетті түрде келісе отырып, некеге отыратын адамдардың қатысуымен жүргізіледі.
Некені тоқтату, бұзу, некені бұзу кезінде ерлі-зайыптылар арасында туындайтын дауларды қарау Қазақстан Республикасының Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексі негізінде жүргізіледі. Соның ішінде некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу кезінде ерлі-зайыптылардың арасында ортақ мүлікті бөлуге, еңбекке қабілетсіз жұбайын, сондай-ақ, кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға қаражат төлеуге қатысты туындайтын даулар сот тәртібімен қаралады.
Судья арызды қабылдағаннан кейiн, әдетте, ерлі-зайыптының екiншiсiн шақырып алып, бұл арызға оның көзқарасын, ерлi-зайыптылардың сот арқылы шешiлетiн басқа да даулы мәселелерiн анықтап, олардың талаптарының қайсысы некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы талаппен бiрге қаралуы мүмкiн екенiн түсіндiреді.
Ортақ кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлi-зайыптылардың өзара келісiмдерi бойынша некелерiн (ерлі-зайыптылықты) бұзу, араларында мүліктiк және өзге талаптар болмаған жағдайда, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын аумақтық әділет органдарында, яғни тіркеуші органда жүргiзiледi. Бiрақ, егер жұбайлардың бiреуi, қарсылықтары болмағанына қарамастан, некенi (ерлі-зайыптылықты) азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын аумақтық әділет органдарында бұзуға жалтарса, ортақ арыз беру үшiн өз басы келе алмаған жағдайда немесе арызды бергеннен кейiн ажырасуды тiркеу үшiн келгiсi келмеген және т. б. жағдайда ортақ арыз беруден немесе жеке арыз беруден бас тартса, арызданушы тіркеуші органдарға некенi (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы арыз бергенiн және ерлi-зайыптылардың бiрiнiң оған келуден бас тартқанын растайтын анықтамасы болған жағдайда неке бұзу сот тәртібімен қаралады.
Гүлжазира САДАБАЕВА,
Көксу аудандық сотының судьясы





