Қоғамдық көліктің есігі ашылғанда жапа-тармағай кірген жастар орындыққа іркес-тіркес жайғасып, өз әлеміне сүңгіп кетеді. Бірі телефон шұқылап, екіншісі құлағына құлаққап тағып, ендігісі терезеден сыртқа үнсіз көз тастайды. Ал келесі аялдамадан мінген ата-әжелеріміздің жанарынан үміт ұшқыны жылт етіп, «Біреу орнын берер ме екен?» деген әлсіз ой тұрады. Өкініштісі, үміттің оты лезде сөнеді. Өйткені орын беретін, үлкенді сыйлайтын адамгершілік деген қасиетті сезім бүгінде сиреп барады.
Баяғыда «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген қағида қазақ баласының қанына сіңген еді. Сол дәстүрдің ізімен өскен буын автобусқа үлкен кісі мінсе орнынан атып тұрып, «Отырыңыз» деп қолтығынан демейтін. Ал қазір ше? Бірі өтірік ұйықтағансып көзі жұмулы кейіп танытады, екіншісі экранға үңіліп, смартфоннан бас алмайды. Тіпті «Орныңды бер» десең, жанында отырған ата-анасы өзіңе шүйлігіп, «Мміндетті емес» деп қарсы шығады. Бұл не деген безбүйректік? Бұл не деген тасбауырлық?!
Одан қалса, жастар «шаршадым» дейді. Үйде жатса да шаршайды, ұйықтаса да шаршайды, тамақ ішсе де шаршайды. Еңбектің дәмін татпай тұрып, демалыстың қадірін білмейтін ұрпақ қайдан қайырым күтсін? Бұрынғы аталарымыз таңның атысынан күннің батысына дейін еңбектеніп, соның өзінде жүзінен шуақ кетпейтін. Ал бүгінгі буын бәрі дайын заманда өмір сүріп, рақатқа кенелгенмен рухани жұтап барады.
Кейде автобуста әкесі мен баласы қатар отырады. Қасында еңкейіп, таяғына сүйеніп тұрған қарияға екеуінің бірі де қозғала қоймайды. «Тұр, балам, үлкен кісі ғой» деудің орнына ата-ана да үндемей сазарып, теріс қарап отырады. Өйткені өздері де соны қалыпты жағдай деп қабылдаған.
Міне, осындай үнсіздік пен немқұрайдылық қоғамның ең үлкен дертіне айналды. «Тәрбие – талбесіктен» басталады десек, сол бесіктің әуенін әлдеқашан ұмытқандаймыз. Себебі, қазіргі таңда жанашыр адам табу қиын. Біреуінің жаны ауырса, екінші адам бейжай қарайды. Алтын сырға тағып, сәнді киінген, бірақ жүрегі суық жастар көбейіп келеді. Бет қалың, ұят азайды. Ал ұят жоғалған жерде адамдық та, адамгершілік те жоғалады. Қоғамды түзетудің басы – тәрбиеден басталуы керек. Егер әр ата-ана баласына «Үлкенге орын мен сәлем бер, ізет көрсет» деп үйретсе, ертең сол бала да ізгі жолдан айнымас еді. Кішкентай әрекеттен үлкен мәдениет қалыптасады. Ал орын бермеген ұрпақ ертең өзіне орын таппай қалуы мүмкін.




