Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – көгілдір аспандай мөлдір, бейбіт өмір мен сенімнің белгісі. Тудың ортасында алтын күн мен қалықтаған қыран бейнеленген. Бұл бейне – биік армандар мен еркіндіктің символы. Ал Ту жиегіндегі ұлттық өрнек – қазақ халқының мәдениетінің, дәстүрі мен тарихының көрінісі. Көк түстің өзі де терең мәнге ие: ол – бейбіт аспан, татулық пен тұрақтылықтың түсі. Автор Шәкен Ниязбеков Ту арқылы ел болашағына деген сенім мен ізгілік идеясын жеткізді.
Елтаңба – мемлекеттің жүрегі іспетті. Оның ортасындағы шаңырақ – бірліктің, отбасы мен Отанның нышаны. Шаңырақтан тараған уықтар ел азаматтарының ортақ мүддеге бірігуін білдіреді. Қанатты тұлпарлар – ел намысын қорғаған батыр бабалардың рухын бейнелейді. Ал төбесіндегі жұлдыз – Қазақстан халқының жарқын болашаққа ұмтылысын көрсетеді. Бұл Елтаңбаны жасаған белгілі сәулетшілер – Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Мемлекеттік рәміздердің ішінде жүректі ерекше толқытатыны – Әнұран. Ол – халықтың рухын көтеретін, елге деген сүйіспеншілікті арттыратын ұлы ән. Қазіргі Әнұранның негізі – Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі «Менің Қазақстаным!» әні. Бұл ән шырқалған сәтте әрбір қазақстандықтың бойында отансүйгіштік сезімі оянып, жүрегін мақтаныш пен сенім билейді.
Рас, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әр азаматтың парызы. Өйткені рәміздер – жай ғана белгілер емес, олар – ұлттың тарихы мен тағдырының көрінісі. Әрбір мектеп қабырғасынан бастап, әрбір мекемеде, әрбір жүректе осы рәміздерге деген құрмет болуы қажет.
Аида БЕРДЕШЕВА





