Бүгінгі таңда TikTok әлеуметтік желісін білмейтін жан кемде-кем. YouTube, Instagram және Facebook сынды алпауыттарды артқа тастап, жастардың тілімен айтсақ, «ең танымал желі» мәртебесіне ие болған осы платформа – қазіргі цифрлық дәуірдің нағыз феномені.
2016 жылы «Musical.ly» жобасының негізінде «Douyin» атымен Қытайда бастау алып, 2018 жылы әлемдік нарыққа шыққан бұл қосымша небәрі бірнеше жылдың ішінде жаһандық мәдениетті өзгертті. Сарапшылардың мәліметінше, қолданба 3 миллиардтан астам мәрте орнатылып, әлемнің 154 елінің күнделікті өміріне терең еніп кетті. Оның басты ерекшелігі адам психологиясына бейімделген алгоритмі мен қысқа видео форматында. Бүгінде ай сайынғы белсенді пайдаланушылардың 60%-ын 16 мен 24 жас аралығындағы жастар құрағанымен, ересектер аудиториясы да жылдам өсіп келеді.
TikTok тек қатардағы желі емес, ол әлеуметтік медиа әлемінде жаңа мәдени және технологиялық стандарттарды қалыптастырды. Қазіргі таңда аталмыш платформа Reels (Instagram) және Shorts (YouTube) сияқты форматтардың негізін қалаушы болып саналады. Тіпті, адамның экранды саусақпен үздіксіз айналдыру әрекетін сипаттайтын «Scrolling» (скроллинг) сөзінің Оксфорд сөздігіне ресми түрде енуі – технологияның өмірімізге қаншалықты терең сіңіп кеткенінің айқын дәлелі.
Бүгінде TikTok – жалаң трендтер алаңы емес, билік пен бұқараны бетпе-бет жүздестіретін виртуалды қабылдау бөлмесіне айналды. Мемлекеттік органдар мен халық арасындағы алтын көпір іспетті бұл платформа ақпаратты жедел әрі еш боямасыз жеткізудің таптырмас тетігі. Егер бұрын ресми мәліметтер ұзақ сүзгі мен бюрократиялық кедергілерден өтсе, қазіргі «скроллинг» дәуірінде кез келген маңызды хабарлама бірнеше секунд ішінде миллиондардың назарына ілігеді.
Расында, біз ерте замандағыдай көгершінмен хат жібермейміз. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін смартфон ұстаған заманда TikTok ақпарат тасымалдаудың таптырмас құралына айналды. Жеке парақша ашып, өз ісінің шебері екенін дәлелдеп, миллиондаған табыс тауып отырғандар да аз емес.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет ашық форматқа көшіп, шенеуніктер халыққа жақындай түсті. Мұның жарқын мысалы – Талғар қаласының экс-әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлы. Ол құрғақ есеп берудің орнына TikTok-ты жұмыс құралына айналдырып, әр мәселені халықтың көзінше, тікелей эфирде талқылауды дәстүрге айналдырды. Алайда, 2026 жылдың ақпанында әкімнің денсаулығына байланысты қызметтен күтпеген жерден кетуі, виртуалды әлемдегі белсенділік пен нақты өмірдегі жауапкершіліктің ара салмағын тағы бір мәрте қоғам назарына шығарды. Аталған желі тек көңіл көтеру алаңы емес, үлкен қаржы көзіне айналды.
Тікелей эфирлердегі сыйлықтар, жарнамалық келісімшарттар мен өз өнімін саудалау арқылы табыс табу – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Кез келген талантты адамның өз еңбегімен танылып, қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуіне жол ашады. Алайда, TikTok арқылы ауадан ақша жасап жатқандарда бар. Ол қалай десеңіз, тікелей эфирлердегі баттлдарда ( жарыс ) табыс үшін түрлі ерсі әрекеттер жасау, намысты таптау немесе этикаға жат тапсырмаларды орындау – қоғамның рухани құндылықтарына нұқсан келтіруде.
Сонымен қатар виртуалды қайыршылық белең алып барады. Еңбек етіп, тер төгудің орнына, экран алдында отырып түрлі оғаш қылықтармен көрерменнен сыйлық сұрау үлкен рухани дертке айналды. Тіпті, дініміз бен дәстүрімізге жат, ғылыми негізі жоқ бал ашу, болашақты болжау секілді айла-шарғылар арқылы халықты алдап, пайда тауып жатқандар да жетерлік. Мұндай әрекеттер жастардың санасында білім мен ғылымның қажеті жоқ, тек арам жолмен болса да қаражат табу маңызды деген қате түсінік қалыптастырады. Бұған нақты мысал ретінде TikTok пен Instagram желілеріндегі өте эмоционалды, бейәдеп сөздер араласқан тікелей эфирлерімен және даулы мәлімдемелерімен танылған Мұрат Әбділдәнің тағдыры тағы да темір тормен түйісті. Ол алғаш рет 2022 жылы желіде ұлтаралық араздықты қоздыратын (ҚР ҚК 174-бабы) ауыр сөздер айтқаны үшін 4,5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Жазасын өтеу кезіндегі оң мінез-құлқы ескеріліп, 2024 жылдың қыркүйегінде мерзімінен бұрын шартты түрде босап шыққанымен, блогер бостандық талаптарын сақтай алмады. Түркістан қалалық сотының мәліметінше, ол түзеу бақылауының ережелерін, атап айтқанда, түнгі уақытта үйінде болу және уақытылы тіркеуге тұру міндеттерін жүйелі түрде бұзған. Осы құқық бұзушылықтардың салдарынан 2025 жылдың сәуірінде сот оны қайтадан қамауға алу туралы шешім шығарып, жазасының өтелмеген 2 жылға жуық бөлігін жабық мекемеде өткізуді міндеттеді. Бұл оқиға виртуалды әлемдегі жауапсыздықтың нақты құқықтық салдары болатынын тағы бір мәрте айқындап берді. Бір қызығы, бүгінде көшеде қоғамдық орында бейәдеп сөйлегені немесе бейберекет түкіргені үшін заң бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылып, айыппұл салынады. Алайда, виртуалды әлемде – миллиондаған көрермені бар TikTok пен Instagram-да мұндай нормалар көбіне назардан тыс қалып жатады. Көшеде жасауға ұялатын әрекеттерді экран алдында ашық жасап, арсыздықты хайпқа айналдыру – бүгінгі қоғамның дерті. Бірақ Мұрат Әбділдәнің тағдыры көрсеткендей, экранның арғы беті заңсыздық пен жауапсыздық мекені емес. Виртуалды кеңістіктегі әрбір сөз бен іс-әрекет үшін де ерте ме, кеш пе нақты өмірде жауап беретіні анық. Сол себепті платформаның зиянын айтып, дабыл қағып жатқан мамандар пікіріне құлақ аспау мүмкін емес. Психолог Жанар Таңсық осынау мәселенің тереңде жатқанын алға тартады:
«TikTok-тың пайдаларын айтып ақтаушылар жететін шығар. Алайда ешкім жалтара алмайтын факт – TikTok «клиптік сананы» қалыптастырып жатыр. Яғни, 15 секундтан 3 минутқа дейінгі ақпараттар жадыға бірден еніп кете алмайды. Өз кезегінде бұл есте сақтау қабілетін төмендетіп, әр адамның жадының нашарлауына алып келеді», – дейді маман.
Аталған құбылыс психологияда «Doomscrolling» (жағымсыз немесе шексіз ақпаратты тоқтаусыз оқу) деген жаңа терминнің пайда болуына әкелді. Платформаның мұндай жетістігі – адам психологиясына, атап айтқанда зейін қою қабілетіне тікелей әсер етуде. Егер бұрын адам ақпаратты ұзақ уақыт бойы қорыта алса, қазіргі «скроллинг» дәуірінде зейініміз бірнеше секундтық видеолардан кейін басқа нәрсеге ауып кететін болған. Бұған қоса, платформа алгоритмі адам қызығушылығын бірден танып, мидағы дофаминнің бөлінуіне себеп болады. Соның салдарынан пайдаланушы виртуалды әлемде қалай уақыт өткізіп алғанын байқамай, психологиялық ілмекке ілінеді. Ол тек уақытты ұрлап қоймайды, сонымен қатар желідегі қудалау мәселесін де ушықтырып отыр. Платформаның анонимділігі мен пікір қалдыру еркіндігі жастардың бірін-бірі келемеждеуіне, сырт келбетіне мін тағуына жол ашты. Платформада видеолардың қатаң сүзгіден өтпеуі теріс пиғылды ағымдар мен этикаға жат қылықтардың өршуіне себеп болуда. Атап айтсақ, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов пен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың тұлғаларын келеке-мазаққа айналдыру сияқты орынсыз дүниелер жиі кездеседі. Сонымен қатар, психологиялық соққы беретін трендтер де баршылық. Мәселен, «Бөлмедегі елес» тренді арқылы ата-аналардың өз балаларын қорқытып, оны видеоға түсіруі – үлкен қателік. Баланың есеңгіреп қалуы немесе жүйке жүйесінің сыр беруі – «лайк» үшін жасалған мазақтың өтеуі болып табылады. Ересектердің міндеті – баланы қорқыту емес, оның шынайы сезімдеріне қолдау көрсету.
Хакім Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде: «Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек…» – деген болатын. Демек, біз технологияны тек ермек үшін емес, білім мен өсу құралы ретінде пайдалануды үйренуіміз қажет.
Желіде қазақ тіліндегі тарих, әдебиет және ғылыми бағыттағы сапалы парақшалар көбейіп келеді. Қазақ тілінде күрделі тақырыптарды қарапайым тілмен түсіндіретін білімді жастар шоғыры – білім беру мен ойын-сауықты ұштастыру орны етіп, зияткерлік контентті қолдау арқылы ғана біз жастардың санасын арзан күлкіден сапалы білімге бағыттай аламыз. Бұл бағыттағы игі істердің басында бүгінде көпшілікке «Нұрлан имам» есімімен танымал болған Нұрлан Байжігітұлы тұр десек артық айтқандық емес. Ол заманауи технологияның тілін тауып, күрделі діни-тұрмыстық мәселелерді қарапайым әрі әзіл аралас тілмен түсіндіру арқылы миллиондаған аудиторияның ықыласына бөленді. Нұрлан имамның тікелей эфирлері – жастардың ең ыңғайсыз сұрақтарына ашық жауап беріп, оларды имандылық пен адамгершілікке үндейтін виртуалды халықпен тілдесетін орнына айналды. Осы – әлеуметтік желінің мүмкіндігін тәрбие мен білім жолында қалай дұрыс қолдану керек екенінің нақты үлгісі.
Атақты әскери қолбасшы Александр Суворов: «Ақша қымбат, адам өмірі одан қымбат, ал уақыт бәрінен қымбат» деген еді. Сондықтан, санамызды сарсаңға салған виртуалды әлемнің тұзағына түспей, алтын уақытымызды мазмұнды істерге жұмсайық.
Арайлым Абылғазы,
ЖУ 4-курс студенті





