Баққанын, өсіргенін айтқанда «тістеп бақтым» дейтін қазақ баласының қауіпсіздігі мен тәрбиесін қадағалағанын айтқанда да «екі шоқып, бір қарап» сөзімен бейнелеуге бейім. «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» дегенді де қазақ балаға аса қорған болып өсіргегін айтқанда қосады. Ол да сөз дәмі. Алайда әлпештеген ұлының, аялаған қызының басқасы басқа, дәл бүгінгі таңда зейіні бұзылғанын көретін ата-ана көбейді. Мұны заманнан дейміз бе, телефонды теп-тегін ұстатып қойып «тыныштығы керек осылардың» дейтін адамнан дейміз бе, бір кінәрат бар бізде.
Нәтиже сол – зердесі тұтпайтын, кісі айтқаны түгіл өз әрекетін бағалап ұқпайтын «меңіреу» ұрпақ өсіп келеді. Ең қорқыныштысы, олардың кейбіріне медициналық, психологиялық диагноз қоюға болса, ал кейбірі «тұрған бойы сол» дейтіндей табиғи мінезге айналып кеткен бөлек өмір. Мүмкін бұл біздің жылдам «смартты» қоғамға өтуіміздегі жіберген ағаттықтарымыздың «барометрі» болар.
Біз бұл жолы медициналық тұрғыда белгілі жағдайда басынан зақым алатын, соның салдарынан зердесі зақымдалатын балалар жөнінде айтпақпыз. Шындап келгенде бұндай соққының адами факторы көп екенін жасыра алмаймыз. Төбе тесер жуан жұдырық, ми тесер айқай көп отбасында «дәстүрлі» өкінішке орай.
Нақтылап айтсақ, зейін-зердесі, ақыл-ой ерекешеліктерінің, жаратылыс қабілетінің өсіп-жетілуі кешіккен жасөспірімнің қатарында көбіне бас бөлігі зақым алған балалар байқалады. Бұндай зақымданулар бала өмірге келіп бастаған сәттерде болуы да мүмкін. Кейін өсіп жетілу барысында да күнделікті оқыс себептерден де туындайды. Ал келесі бір жағдайдың «жуан жұдырықтан» келетінін жоғарыда атап өттік.
Сонда қалай дейсіз бе, бұл жағдайда баланың психикалық ерекшеліктері саналатын сіңіру-қабылдау, дербес зейін, сөйлеу, сондай-ақ сөздік-логикалық ойлау жүйесі бұзылады. Салдарынан балада өзгеше қасиеттер байқалады. Тым ашуланшақтық немесе эмоцияналды шектен тыс белсенділік, болмаса керісінше зауқы болмау сияқты кенжелеген әрекеттер көрініс бере бастайды. Зейіні зақымдалған балалардың басым бөлігінде физикалық даму кемшіліктері кездеседі.
Осы арада қысқаша бір түсіндірме айта кеткеніміз ләзім. Біз қаузап отырған тақырыптың ғлымилығы, терминдік сөздерге жүгіну ықтималдығы көп болғандықтан кейде сөйлем арасында иілмейтін, сірескен терминдерді сол күйінде атап өтіп, тиісінше жатық тілмен түсіндіріп отырмақпыз.
«ә, бісіміллә» деп аталған зақымдалу түрінің медициналық белгілерін атап өтсек, дисплазия, бас сүйектің деформациялануы, аяқ-қол формулировкасындағы, ұсақ және ірі моториканың, сондай-ақ, артикулияцияның бұзылыстарынан көреміз. Мұндай кемшіліктер түсінігі бұзылу белгілеріне қарай олигофрения және деменция деп бөлінеді.
Олигофрения (грек тілінен «оlygos» – азаю, кішірею, «рhren» – ақыл) – тұқымқуалаушылық жолмен таралатын дамудың ерте кезеңінде (2 жастан — 2,5 жасқа дейін) зақымдануынан болатын психикалық жетіспеушіліктің күрделі формасы. Олигофрения диагнозы кезіндегі биологиялық-анатомиялық жетіспеушілік салдары психологиялық-физикалық даму заңдылықтарына байланысты түзету әрекеттеріне бейімділік көрсеткенімен, бұнда баланың зейіндік дамудағы тежелуін байқаймыз.
Деменция (латын тілінен аударғанда dementia – аз милылық) – танымдық әрекеттердің тұрақты түрдегі әлсіреуі. Деменцияның негізгі себептері нейроинфекцияның, соққылардың әсерінен болатын түрлі зақымдалулармен түсіндіріледі. Деменция кезінде түрлі факторлар әсерінен интеллекті төмендейді. Халықаралық аурулар жіктелісі бойынша ақыл-ой дамуының кешеуілдеуін үш деңгей бойынша қарастырады.
Дебиль термині – интеллект дамуының ауыр емес түрдегі зақымдалуы, имбецил – бұл ақыл-ой өсіп-жетілуінің орташа деңгейдегі зақымдалуы, идиотия – интеллект дамуының ауыр түрдегі бұзылуы. Қазіргі таңда бұл бойынша интеллект өсіп-жетілуінің жеңіл, орташа, күрделі және өте күрделі деңгейі деп түрліше деңгеймен анықталады.
Зерттеуші М.С.Певзнердің зерттеу бойынша олигофренияның жеңіл және ауыр формалары белгіленген. Ресейлік психиатрия ғылымында Г.Е.Сухарева көп еңбектенген. Ол 1956 жылы өз еңбегінде олигофренияның негізгі үш тобын анықтап көрсеткен.
- бірінші тобы – ата-аналардың генеративтік клеткаларының жетіспеушілігінен, ата-аналардағы тұқымқуалаушылық аурулардан болатын олигофрения;
- екінші тобы – ұрықтық даму кезеңіндегі патология (инфекция, интоксикация);
- үшінші тобы – туылу кезіндегі соққылар және ОНЖ-нің постнатальдық кезеңдегі зақымдануы. Ақыл-ой дамуындағы кемшілікті диагностикалау критерийлері үш түрде қарастырылады:
- клиникалық жағдайда (бас миының органикалық зақымдануы);
- психологиялық жағдайы (танымдық әрекетің тұрақты түрдегі бұзылуы);
- педагогикалық жағдайы (білімді игерудегі қиындық);
Көмекші мектеп жағдайында оқушы балалар тобының психологиялық мінез-анализы мұғалімнің баланы қадағалап-бақылаудағы керекті ақпараттармен хабардар-құлағдар болуы арқылы анықталады. Бұл ретте даму, өсіп-жетілудегі кемшіліктің тарихы мен диагнозын білу зерттеу аймағындағы оқушының психикалық жағдайы мен тәрбие-тәртібіндегі ерекшеліктерді қабылдауда, сондай-ақ ары қарай оқыту-тәрбиелеу ісіндегі әдістерді лайықты таңдауға көмегін тигізеді. Аталған мектеп түріндегі оқушылардың құрам жағдайын анықтау үшін төмендегідей жағдайды ескеруіміз керек.
Біріншіден, бұл жағдай әуелі эмбрион (ұрық) жағдайында пайда болған болуы мүмкін. Бұл ананың жүктілік кезіндегі жағдайлармен қарастырылады. Ал екіншісі, туылғаннан кейінгі өсіп-жетілу, мектеп қабырғасындағы тұлғаның түрлі белсенді әрекеттерінде пайда болуы мүмкін.
Өсіп-жетілудегі ақыл-ой дамуында кемдігі (ақаулығы) бар балалар арнайы VIII типтегі көмекші мектептерде тәрбиеленеді. Бұндай мектептердегі оқушылар қатары клиникалық «олигофрения» диагнозы қойылған балалардан құралады. Соған сай бұндай ақаулары бар балаларды оқыту-тәрбиелеу ісінде де маңызды тәртіптер бар. Ендеше оқыту ерекшелігін атап өтер болсақ: ақыл-ой дамуы кешеуілдеген оқушыларда физикалық статусы ауытқиды.
Дәлірек айтқанда, бала тұлғасындағы физикалық кемістік бас миының ауыр деңгейдегі зақымдалуларының ерте кездегі зерттеліп-анықталуымен белгіленеді. Ішкі органдардың өзгеріске түсуі, туған соң пайда болатын жүрек аурулары, тыныс алу мүшелерінің қызметінің бұзылуынан байқалады. Осы жағдайлардың барлығы оқушыға еңбек сабақтарында, физикалық күш түсіру сәтіндегі дәрістерде коррекциялық жұмыстарды алып барудың керектігін анықтайды. Күрделі локальдық неврологиялық симптомдар аталған ауру түрі – олигофрения кезінде жиі кездеспейді. Тиісінше сирек дей аламыз.
Жіктеп айтсақ, бас сүйектің, мидың зақымдануынан болатын қылилық, жоғарғы қабақтың төмен түсуі, нистагм (көз алмасының ритмикалық қозғалысқа түсуі), бет нервсі мен тіл асты нервтерінің салдануы; қимыл-қозғалыстың бұзылуы: салдану (парализование), буындар тонусының өзгеріске ұшырауы; қимыл-қозғалыстың дамуындағы кешеуілдеу, қимыл-қозғалыстың бұзылуы жылдамдықтың, дәлдіктің, ептіліктің бұзылуы; сөйлеу функцияларының қалыптаспауы; анализаторлар жұмысының бұзылуынан бала психикасындағы белсенділіктің төмендеуі; вегетативтік нерв жүйесінің бұзылуынан қан тамырларының дистониясы, тершеңдік.
Міне, осы аталған жағдаяттардың барлығы біз зерттеу нысанасына алған олигофрен-балаларды дайындаудағы коррекциялық түзету жұмыстарының керектігін дәлелдей түседі. Бұндағы психикалық әрекеттік өзгеруі – олигофрения жағдайындағы кемшіліктің негізгі белгісі болып сипатталады. Әрі бұндай бұзылулардың клиникалық сипаттамасы төмендегідей болады:
— орталық нерв жүйесінің бүлінуі; — психикалық функциялардың дамудағы белсенді кезеңдегі жағымсыз әсерлер;
Психикалық кемшіліктер кезіндегі олигофрен балаларға тән ерекшеліктер:
— қоршаған ортаны тану, өмір сүріп жатқан ортаның ерекшелігін байқау, табиғатты зерделеу секілді белсенділіктің төмен болуы, ұмытшақтық;
— сөздік-логикалық ойлау жүйесінің артта қалу салдарынан өз ойын, жеке көзқарасын, белгілі бір орта туралы пікірін, мінездемесін берудегі қиыншылығы;
— эмоциялық-ерік сферасының бұзылуынан ойындағыны жүзеге асыра алмау, мақсатқа жетудегі және өз позициясын, инициативасын жеткізудегі әлсіздік;
Пункттерде аталған кемшіліктердің бәрі олигрофен диагнозындағы балаларды оқытуда, тәрбиелеуде арнайы тәртіп пен жүйені қажет етеді. Жеңіл дәрежедегі олигофрен балаларды оқыту мен тәрбиелеу оларды өмір сүру дағдыларына бейімдеу мен негізгі білім беруді қарастырады. Зияты зақымдалған балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі коррекциялық жұмыстар бірнеше этапты кезеңдерден тұрады:
Бірінші кезең (4-8 жас аралығы) – санитарлық және жеке бас гигиенасын сақтауын, моториканың дамуын анықтайды. Баланың қызығушылық-танымдық қабілетінің дамуына, сөйлеу тілінің дамуына, ортаға бейімделуіне көңіл бөлінеді. Бұл уақыт аралығында баланы әлеуметтік ортаға бейімдеуге бағытталғандықтан, тәрбие беру жүйесінде білім, дағды, іскерлік маңызды рөл атқарады. Соған сәйкес, баланың болашағы, тәрбиесі мен білімі осы негіздердің қалыптасуына тікелей байланысты болады.
Екінші кезең (8-16 жас аралығы) – өз бетінше өзіне қызмет ету алуы мен гигиеналық дағдыларды игеруді қорытындылау, тұрмыстық қажеттіліктерді қагнағаттандыру кезеңі. Осы аралық кезеңде коммуникацтя орнатуды, сөйлеуді, базалық сауаттылықты игереді.
Үшінші кезең (16-18 жас) – әлеуметтік бейімделу кезеңі. Ақыл-ой дамуында потология бар балалармен түзету жұмыстарын жүргізудің өзіндік маңызы бар. Сол маңызды қадамдардың алғышарты балаларды болашақ өмірге, еңбекке араласуға үйрету, әлеуметтік ортаға бейімдеу. Бұл аралықта төмендегідей басқыштар орындалады: дайындау барысында ақауы бар баланың танып-білу танымдық әрекеті мен психикалық қызметін дамыту, жетілуші бойындағы психофизикалық кемшін дүниелерді қалпына келтіру; ақыл-ой жетілуінің күрделі қалыбындағы олигофрен-балаларға тәртіп нормаларын ұқтыру; спорттық дағдыларға үйрету, еңбекке баулу, жеке тұлға ретінде өзіне қызмет ету қабілетін қалыптастыру; күнделікті өмірде кездесетін тұрмыстық қажеттіліктер мен әлеуметтік өмір дағдысына бейімдеу.
Олигофрен диагнозы қойылған балалармен жұмыс істеудегі басты қағидаларға мән берсек:
Медициналық-клиникалық бағыты – ақыл-ой өсіп-жетілуіндегі жетіспеушіліктің этиологиясын анықтау, жеке интеллектінің жетілуіндегі кемшілікке жеткізетін генетикалық себептерге назар салу, психологиялық бағыты – интеллект жетілуі кешіккен баланың эмоциялық-ерік сферасына (байланыструшы нүктесі), психикалық қозғалыс тәртібіне назар аудару, педогогикалық бағыты – интеллект жетілуі кешіккен жеке тұлғаны оқыту-тәрбиелеу тәсілдері мен қалыптарына, принцип-шарттарына көңіл бөлу;
– Психометриялық бағыты – интеллектінің өсіп-жетілу артықшылықтарын бағалау. Интеллектісі ақау алған балаларға лайықталған мектептен бұрынғы дайындау, білім беру орталықтарында тағайындалатын коррекциялық-педогогикалық басқыштың басты бағыттары ақауы бар баланың әлеуметтік және потенциялдық қабілет-қарымын қалыптастыру болып табылады.
Мектеп табалдырын аттағанға дейінгі балаларды оқыту мен дайындау теориясы мен әдістемесін Л.Б.Баряева, О.П.Гаврилушкина, Е.А.Екжанова, А.Зарин, Т.Н.Исаева, А.А.Катаева, Н.Д.Соколова, Е.А.Стребелева және тағы басқа авторлардың еңбектерінде толықтай зерделенген. Соның ішінде Е.А.Екжанова мен Е.А.Стебебелева ақыл-ойы бұзылған балаларға арналған мектепке дейінгі орталық-мекемелердегі диагностикалық, коррекциялық-дамытушылық, тәрбиелік секілді дамытудағы міндеттерді талдап-шешуді ұсынады. Бұл мәселені біз жекелеген тәртіптегі блогтармен қарастырамыз.
Диагностикалық блог, тәрбиелік блог, коррекциялық блог қатарлы зерттеу обьектілері бар. Оның ішінде диагностикалық блоктағы негізгі міндет – баланың жеке өсіп-жетілу бағдарламасын құруға тисті жан-жақты тексерудегі медициналық-психологиялық-педогогикалық жұмыстарды ұйымдастыру. Тәрбиелік блоктың міндеті – ақыл-ойы артта қалған бала мен оның отбасының әлеуметтенуі, жеке тұлға есебінде өз бетінше дамуға ұмтылдыру, жеке шекаралық автономиялығын анықтау, баланың тәрбие-тәртібі мен жеке тұлғалық қасиеттерін дамытуды ұштастыру. Коррекциялық блог міндеті – біріншіден, баланың псизикасы мен әрекеті арасындағы байланысты компенсациялауға бағытталса, екіншіден балабақша жағдайындағы ұжыммен өсіп-жетілудегі басқалай кемшіліктердің болмауын қадағалау міндеті болып табылады
Ақыл-ой дамуы кешеуілдеген балаларды оқыту мен тәрбиелеу VIII түрдегі (түзету) мектептерде жүргізіледі. VIII түрдегі (түзету) мектептерінде бала дамуындағы кемшіліктерді түзету, оларды еңбекке баулу, әлеуметтік-психологиялық оңалту жұмыстары жүргізіледі. Сыныптағы оқушылар саны — 12. Оқытудың ұзақтығы 10-11 жыл. Мектепте оқытудың кезеңдері бірнеше кезеңдерден тұрады:
- пропедевтикалық-диагностикалық кезең 0 (дайындық сыныбы) ;
- бастауыш оқыту кезеңі – 1-4 сыныптар;
- жалпы білім беру кезеңі – 5-8 (9) сыныптар;
- әлеуметтік – еңбекке дайындықтың аяқталу кезеңі.
Мектепте білім алу, ортаға бейімделу жылының ұзақтығын аймақтық, экономикалық, материалдық жағдайларға байланысты өзгертуге болады. Берілген уақыттың ұзақтығы дайындық сыныптарына байланысты өзгеріп отырады. Ал, оқу пәндеріне келер болсақ, оқыту жүйесі жалпы білім берушілік және коррекциялық-дамытушылық секцияларға топтастырылады.
Олигофреон-балаларға білім беру, жетілдіру ісінде базистік оұу жоспары тыңғылықты дайындалады. Оған отан тарихы, ана тілі, өнерге баулу, музыка, биология, география, бейнелеу өнері, дене тәрбиесі сынды баулу пәндері кіреді. Аталған ауытқу ерекшелігі барлардың ішіндегі сөйлеу тілінде кемістігі бар балалармен жұмыс істеуде топтық (2-4 баладан) және жеке сабақтар жүргізіледі. Бұндай жұмыс кезінде арнайы маман – логопед 15-20 оқушымен жұмыс істейді. Әдетте 10-11 сыныптардағы еңбекке баулу дәрістері оқушының еңбекке дайындығын тереңдете жақсартуға арналады. Бұнда балалардың ерекшеліктері ескеріледі. Қабілеті мен икемі, дағды-дайындығына қарай ағаш шеберлігі, тігін тігу ісі, аяқ-киім шебері сынды түрліше мамандықтар тағайындалады. Осы бағытта жақсы нәтиже көрсеткен балаларға біліктілік разяды табысталады.
Елдегі зейін-зердесі зақымдалған зақымдалған балалар қатарының өсуі бізді алаңдатады. Бұл тиісінше оларды оңалту-дамытудағы тиімді тәсілдерді зерттеп, жан-жақты әрекет етуді қажет етеді. Әрі бұндай жұмыс тәсілі осы бағытта жүйелі жұмыс жасап келе жатқан арнайы мамандардың кеңесімен анықталады. Олар әуелі баланың жас ерекшелігіне сай жекелеген ерекшеліктерін назарға алады. Баланың жоғары психикалық функцияын жетілдіру үшін мынадай әдістер ескерілуі керек:
- Баланық қимыл-қозғалысы (әрекеттік ерекшелігін) дамыту тиіс. Оған қол бұлшық еттерін, саусақтарының ұсақ моторикасын жетілдіру; ұсақ допты ұстау‐қысу немесе ермексазды пайдалану, қыштан жапсырма жасау; шиеленген түйін-түйіншектерді шешу; құмыраларды ашып-жабу, қатты қағаздарды жүйеленген сызықтар бойынша тесу; контур немесе трафарет үстін бойлата сызу; түрліше қию, бояу; қағазды бүктеп жаттығу, саусақтармен жасалатын жаттығулар;
- Кеңістіктегі бағдарлануды дамыту: өз тұлғасындағы, айнадағы бейнесіндегі, суреттердегі оң және сол жақты білу; балаға қатысты заттардың координаталарын анықтау; тегіс кеңістікте, мәселен қағаз бетінде ориентир жасау (сол жағында, оң жағында, үстінде, астында, ортасында); заттарды симметриялы бояу; таяқшалардан фигураларды, сызықтарды үлгі көмегімен және есінде сақтау арқылы құрау.
- Есте сақтау қабілетін арттыру үшін мынандай ойындар арқылы жаттығады: кескін-өрнектерді есте сақтауы бойынша салу; цифрлар мен сөйлемдерді қайталау, алдын-ала есте сақтауды жаттықтыру;
- Ойлаудың басқа да түрлерін одан әрі жетілдіру үшін сурет салу, жапсырмалар жасау, аппликациялар қолданылады.
Аталған жаттығулар ақыл-ойы кейін қалған баланың сенсорлық қабілет-қарымын жетілдіреді және танымдық қабілетін дамытады. Мұндай кешенді жаттығулар барысында балалардың сөйлеуін коорекциялау (түзету, қалпына келтіру) қажет. Қалпына келтіру жұмысы психикалық басқыштарды емес, жеке тұлғаға толықтай бағытталуы тиіс. Коорекциялық жұмыс топталған немесе жеке түріндегі формаларда болуы мүмкін әрі келесідей тәсілдерден көрініс табады:
— Интеллект дамыту;
— Адекватты темпте дамыту;
— Еңбек әрекетін және дағдыны дамыту;
— Коррекциялық жұмыс өткізілген бағдарламамен дамыту;
— Интеллект дамытатын әр түрлі әрекеттерге қызықтырып, тарту (ойын);
— Құрдастары арасында өздерін жайсыз сезінуді жою;
— Материалдарды қызықты түрде түсіндіру;
— Толық отбасында тәрбиелеу (басқа балалармен);
— Стандартты емес түрдегі оқыту;
Ақыл-ойы артта қалған мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі балаларды тәрбиелеу немесе түзету ісінде жұмыс кешені есебінде жеке сабақтармен айналысатын дефектологтың маңызы зор. Бұл маман алдымен ақауы бар балалардың жеке ерекшелігін бақылайды. Сонымен қатар психикалық жетілуіндегі тек сол балаға тән спецификалық ауытқуларды байқайды. Тиісінше енді болжанған я расталған кемшіліктерді максималды деңгейде жою немесе бәсеңдету үшін сарапталған әдістемелік тәсілдерді қолданады. Бұндай жұмыстар әдетте көп жағдайда оң бағасын береді. Әрине, бұл барыста күтілген нәтижеге жету үшін баланың жеке өзіне тән ерекшелігі мұқият зерттелу керек. Ол жоғарыда айтқанымыздай оқыту барысында байқалатын спецификалық қиындықтарды жеңу мен бәсеңдету ісінде негізгі алғышарттардың бірі деуге болады. Ақыл ойы артта қалған мектеп жасына дейінгі балалармен жеке жұмыстар күтілетін нәтижелерді беруі үшін, жалпы сабақтарда оқыту барысында байқалған спецификалық қиындықтарды жеңу мен бәсеңдетуге мүмкіндік тудыруы үшін ол міндетті түрде балалардың даму ерекшеліктерін мұқият және жан жақты зерттеу негізінде жасалуы керек.
Біздің зерттеу обьектіміз болып отырған ақыл-ойы кенже қалған балалармен жекелей ұйымдастыру мен алып барудағы бастапқы кезең ретінде жан-жақты психологиялық-педогогикалық зерттеу қарастырылады. Бұл барыста дефектолог ақыл-ойы кеміс болған баланың мінез-құлықтық жағдайын зерттейді. оның өз ортасындағы үлкен-кіші адамдармен қарым-қатынас мүмкіндігін, кедергілер мен қиындықтарға көзқарасын, өзгелер тарапынан болған жәрдемді пайдалану-қабылдау ептілігін, түрлі әрекеттерге дайын болу мен келесі біріне ауыса алу қабілетін толықтай бағалап-талдайды. Сол арқылы бұндай сипаттағы балаларға жүйелі тапсырмалар тағайындай отырып, басты назарға баланың дағдысына қояды. Яғни, оның істегі нәтижесіне емес, орындау-орындамауына мән беріледі. Себебі, бұндай тәсілде баланың әрекеті оның күй-жайынан хабар береді. Осы шағын тәжірибелер негізінде маман өз бағалау әдістерін белгілей отырып, ондағы тану әрекетінің белгілі жақтарының қалыптасуы жайлы анализ жасай алады. Бір ескеретін жайт, бұл кезеңде баланың шынай даму деңгейін анықтау үшін оның даму мөлшерін ғана емес өсу аймағын ескеру керек. Бұл дегеніміз оның үлкен адаммен бірге тапсырма орындау әрекетін есепке алу деген сөз.
Дефектолог айқындау нәтижесінде ақыл-ойы жетіспейтін баланың үйренуге тисті мүмкіндіктерін, игере алатын жағдайларын барынша егжей-тегжейлі зерттеп- талдай алғанда ғана оның психиикалық өсіп-жетілуінің дәл деңгейі анықталады. Л. С. Выготскийдің дамудың екі аймағы туралы ережесіне негізделіп, зейіні артта қалған мектепке әлі бармаған баланың бүгінгі жетістіктерін анықтаумен қатар, келешегін де көре алуға мүмкіндік болады.
Интелектісінде ауытқуы бар дамушы топта ең алдымен танымдық процестер зақым алады. Олар: түйсік, ес, қабыллау, сөйлеу, ойлану, зерде. Эмоционалдық-ерік өрісінің, моторикасының және толықтай адамның зақымдалуы анықталады.
1994 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (АХЖ-10 ДДҰ) қабылдаған жіктеуге сәйкес, зиятында ауытқуы зерденің төмендеуінің төрт (негізгі) деңгейін қамтиды: жеңіл (F70), орташа (F71), ауыр (F72) және терең (F73). Қолданыстағы тәжірибе бойынша мектепте білім беру жеңіл және орташа интеллектісінде ауытқуы бар оқушыларға арнап алып барылады. Бұндай арнайы дамуға жетеленетін балалардың ерекшеліктері – мінез құлқының салыстырмалығына байланысты оларға ұғынықты тапсырмалар шеңберінде көздеулі бағытталған әрекет ету мүмкіндігімен расталады.
Интеллектісі дамымай қалған баланың есту қабілеті нормада болған ретте және сөйлеуге қатысатын органдарының құрлымында дәл өзнеріс немесе ауытқу болғаған шарт-жағдай негізінде олардың эксперссивті және имперссивті сөйлеуінің өсіп-жетілуі тежеледі. Моториканың ең маңызды әрі күрделі деген түрлері кенжелеп қалады. Мұндай жағдайдағы балаларға психикалық кезең-процестердің баяулығы мен инерттілігі тән.
Басқа түрлеріне қарағанда зиятында орташа ауытқуы бар балаларда психикалық, сөйлеу және моторлық өсіп-жетілуінің неғұрлым бәсең қарқыны анықталады. Бұндай балалар өздігінен өз-өзіне қызмет көрсетуге тым кеш үйренеді. Әдеттегі мектептің білімнің өзін барлығы игеруге қабілетті емес. Сонымен бірге, оқу, есептеу, жазу секілді үйренудің ішінара ерекшеліктеріне дағдыланған балалардың өзінің әлеуметтік бейімделуі қиын немесе аздық етеді. Алайда арнайы алып барылған оқыту аясында интеллектісінде орташа ауытқуы бар балалардың көбі өзіне тиісті мінез-құлық дағдыларын меңгеруге, өзіне өзі қарай алуға, керекті жағдайларда өз әлінше әрекеттенуге – еңбектенуге қабілетті. Мұндай жеке тұлғалар өмірде қарапайым, қиын емес операциялапды қоршаған орта тұрақтылығы және алғы шарттар өзгеріссіз қалатын жағдайда, олардың жағдайларын ескере отырып, үнемі қадағалау және жетекшілік болған жағдайда атқара алады. Бұдан шығатын қортынлы да біреу. Олар үнемі әлеуметтік аялауды және көмекті қажетсінеді.
Интеллектісінде ауытқуы бар балалар танымдық қызметі мен жалпы тұлғалық анық дамымауы нәтижесінде оқыту жағдайында біршама қиындықтарға тап болып жатады. Арнайы алып барылған оқыту мен тәрбиелеудің нәтижесінде балалар жетіледі, белгілі деңгейде білім, білік, ерекшеліктерін меңгереді. Дегенмен білім беру және дамытудағы аталған алға жылжу әр оқушыда әр түрлі деңгейде болады. Зияты жетіспейтін балаларды оқытудың түрлі мүмкіндіктері даму зақымдалуының тереңдігі мен таралуына тікелей қатысты. Бұндай балаларды аудандық психологиялық-педагогикалық қалпына келтіру кабинеті мамандарының немесе психологиялық-педагогикалық демеу қызметі мамандарының оңалту арқылы қолдауымен қамту керек. Білім берудің кез-келген ұйымдастырушылық тәсілінде, әуелі баланың жеке тұлғалық мүдделері ескерілуі тиіс. Ол арнайы маманның (олигофренопедагог) көмегіне жүгіне алуы керек, оқытудың арнайы тәсілдері мен оқулықтары қолданылған немесе ескерілгег жүйелі бағдарламалар кешенімен оқуы керек.
В.В. Воронкованың басшылығымен КСРО Педагогикалық ғылым академиясындағы Дефектологияны ғылыми-зерттеу институты қызметкерлерінің көп жылдық зерттеулері зиятында ауытқуы бар оқушылардың арнайы оқу бағдарламаларының материалдарын меңгеру кезінде байқалатын типологиялық ерекшеліктерін, сондай-ақ алынған білі білік және дағдылардың сапасына әсер ететін өзіндік қиындықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Өткізілген тәжірибелік зерттеулер қорытындысы бойынша авторлар оқу мүмкіндіктеріне сай оқушылардың 4 типологиялық педагогикалық классификациясын жасады. Бірінші санаттағы типологиялық топқа фронталды оқыту процессінде бағдарламалық материалдарды жеткілікті түрде игере алған оқушылар жатады. Ол балалар берілген тапсырманы өздігімен орындай алады. Формасы өзгертілген тапсырмалар оларға орындау барысында қиындық туғызбайды. Жаңаша жұмыстарды орындау кезінде өткерген тәжірибелеріне көбірек сүйенеді. Бұл балалар есептеу тәсілдерін, есепті шешу амалдарын тез есте қабылдап алады. Пән бойынша көрнекілік ұүралдарын аса қажет етпейді. Әдетте оларға белгілі бақылауларға, құбылыстартарға сөздік нұсқаулар жеткілікті. Олардың білімдерінің салыстырмалы беріктігі мен икемділігін айтуға болады. Оқушылар пайымдаулардың кері барысын меңгеруге қабілетті.
Қорыта айтқанда, аталған бағдарламаның түпкі негізі, мәні баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған.
Қ. Әбдіғапар




