Қазақ болып қалыптасқалы бері қаншама жаужүрек батырлар өмірге келді. Кешегі ел басына күн туғанда шашақты найза қолға алып, кең байтақ алып даламызды білектің күшімен қорғаған Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қарасай, Райымбек сынды көптеген жалын жүрек, откеуделі батырларымыз Ұлы даланың тізгінін қолымызға ұстатты. Қабылиса, Бұқар, Ақтамберді сынды алдаспан ақындарымыз рухымызды оятып, жігерімізді жанитын жыр жаухарларын қалдырды. Шүкірден басқа айтарымыз жоқ. Бірақ жауды жағадан алып сұлатқан батырлардың бүгінгі ұрпағы, яғни тәуелсіз елдің тұғырын құлатпай ұстайды деген кейбір қазақ жігіттерінің әрекеті қарнымызды ашырып жүргенін жасыруға қанша тырыссақ та, менмұндалап көрінулерін қояр емес.
Ерлік, батырлық дегеннің өзі Алланың берген сыйы деп жатады үлкендер. Бүгінгі бейбіт күнде өмір сүріп жатқан біздің көзқараспен салыстыратын болсақ, ерлік – білім мен еңбек, іздену мен жауапкершілік арқылы бойға қонатын қасиеттің бірі деп тұжырымдауға болады. Мұндай ізгі қасиет кез келген жастың қоғам алдындағы міндетін, жалпы адами болмысын биікке көтеретіні шындық. Жалпы адамзат қоғамы өз заманының батырлары мен жігерлі тұлғаларын іздейді, күтеді. Бұл қазақ жұртына да тән нәрсе. Ол – өмір заңдылығы.
Бүгінде жігіттердің жігерін, ар-намысы мен азаматтығын, ой-пікірін пенделігі басып, ұсақ-түйек дүниелерді жіпке тізіп жүргенін көргенде – біздей қаракөз қарындастың қамқоры болады деген азаматтардың асқар таудай тұлғасы төмендеп, төбешікке айналып бара жатады. Ұлттың ертеңгі тұлғасы бүгіннен қалыптасатынын ескерсек, қазақ жігіттерінің бойындағы жігерлілік асық атып, тай мінген кезінен байқалып, бабаларымыздай он үшінде отау құрмаса да өз ойын ашық айтып, жол бастаса сүрінбеуге, сөз бастаса мүдірмеуге дағдылануы керек.
Өз тарихымызды, рухани құндылықтарымызды зерделей қарасақ, өткен күндерден жеткен мұралардың бәрі батырлықты, ерлікті көрсетіп тұрғанын байқайсыз. Ал, біздің сөз етіп отырғанымыз Мағжан ақын айтқан «жолбарыстай қайратты, арыстандай айбатты» жігіттердің мына қоғамда азайып бара жатқандығы. Кезінде ақ киізге отырғызып хан көтерген Абылайдың көрген түсін Бұқар бабамыз: «Қылқұйрыққа мінгенің – хан тағына отырғаның. Ал, алдыңнан арыстан қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады. Одан туған ұл да жолбарыстай қайратты, ержүрек, батыл болмақ. Жолбарыстай тұқымыңнан туған шөберең көкжал қасқырдай азулы, айлалы, күшті болып жаратылады. Ал одан тараған ұрпақ заманына қарай қызыл түлкідей қу, алайда, су жүректеу келеді. Одан кейінгі тұқымың әлгі бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесірткедей майдалана түспек», – деп текке жорымаған ба деген ой да келеді.
Көңілге күмән салған күдігіміз де орынсыз емес. Мұндай пікір қалыптастыруға, айналамызда күнде көріп жүрген жігерсіз жігіттердің тірлігі. Жігіттің қызға ұқсағаны қайбір жақсылық дейсіз?! Сидиған сирағын көрсетіп, жабыстыра шалбар кию, бір кездері қаптап кеткен кәріс сериалындағы жігіттерге ұқсап, шаш үлгісін, киім-киіс, жүріс-тұрысына дейін еліктеп, соларға ұқсауға тырысу ұсақталудың белгісі емей немене. Он үшінде отау құрып, он бесінде ұрандап жауға шапқан батыр елдің бүгінгі ұрпағының әдемілікке әуестенуі әлжуаздыққа апаратын жол сияқты көрінеді. Дауға түссе ортаға қамшы тастап, жауға шапса ту көтерген бабалардың ақберен ерлігі аңызға айналып, ерліктері ертегі әлеміне еніп бара жатқаны қынжылтады. Тамырына сызат түсірмеген текті елдің ұрпағының осыншама ұсақталуына не себеп? Жауабын жаһандану дәуіріне жаба салуға болады, әрине. Бірақ, өзге ұлтта кездеспейтін анасы ұл таптым деп қалжа жейтін ел емеспіз бе? Ұлтымыз ұлықты болуы үшін ұлдарымыз рухты болуы керек.
Қу шөппен ауыз сүртіп, құрдымға құлап бара жатырмыз деуден аулақпын. Көк байрағымыз көкке өрлеп, Әнұранымыз қалықтайтын әлемдік додаларда жауырын жерге тимеген түйе палуандарымыз, зілтемірді асықша иіріп, аспанға көтерген нар ұлдарымыз, былғары қолғапты шебер меңгерген құрыш білек жігіттерімізбен қатар, білім көкжиегінде небір белесті бағындырған алғыр перзенттеріміз, ұлттық өнерімізді әлем сахнасынан қалықтатып жүрген өнерпаздарымыз баршылық. Бірақ, мұның бәрі ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын алып даласы бар қазақ баласы үшін аздық ететіні ақиқат. Ұлтын ойлаған ата-ана отбасындағы тәрбиесінде ұл баланы ұлы мұрат жолында тұғырлы тұлғаға айналуына жол ашқаны дұрыс.
Жоғарыда көңілге алаң ұялатқан келеңсіздіктерді ойлағанда – Ұлы Дала ұрпақтарының ұсақталғанына қарап ашуыңды алты құрлыққа жайып салудың аз-ақ алдында қаласың да амалсыз сабыр сақтайсың. Мәңгілік Елдің ұрпағы ұлы бабаларымен мақтанып қана жүре бермей, соларға ұқсауға ұмтылуы да керек емес пе? Біздің замандастарымыздың көбі «МӘҢГІЛІК» сөзіне аса мән бермей келе жатқандай көрінеді. Біз қайсарлы, айбатты, мықты, жүректі, жігерлі ұрпақтың арқасында ғана өз елімізді адуынды мемлекеттерден қорғап, Көк Туымызды көк аспанда желбірете аламыз. Жүрек түпкірінде жігер орнамаған ұрпақтан зор үміт күтіп, ертең ауыз күймесе деген ой ғой біздікі. Түйінін айтқанда: ЖІГЕРСІЗДІК ЖІГІТКЕ ЖАТ!
Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ




