Талдықорғанда «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен «QH Оңалту орталығы» ашылды. Заманауи талаптарға сай жабдықталатын орталық балалардың денсаулығын қалпына келтіруге және олардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Ғимараттың аумағы 1 078,8 шаршы метр. «Қазақстан халқына» қоры орталықты заманауи медициналық жабдықтармен, жиһазбен және қажетті техникамен қамтамасыз етуге 241,9 млн. теңге қарастырған. Емдеу мекемесі 35 төсек-орынға арналған. Орталықтың жобалық қуаты – жылына 600 баланы емдеуге арналған. Ай сайын 50 балаға амбулаториялық және стационарлық оңалту көмегін көрсету жоспарланған. Орталықта балалардың қозғалыс дағдыларын қалпына келтіруге қажетті арнайы тренажерлер, физиотерапиялық және жоғары технологиялық оңалту жабдықтары, сенсорлық әрі интерактивті бөлмелер жұмыс істейді. Бұл мүмкіндіктер баланың жеке қажеттілігіне қарай оңалту бағдарламасын құруға жол ашады.
Балаларға көмек мультидисциплинарлық тәсіл негізінде көрсетіледі. Яғни емдеу үдерісіне дәрігерлермен бірге логопед, дефектолог, психолог, эрготерапевт және басқа да мамандар қатысады. Мұндай кешенді тәсіл баланың тек дене қимылын ғана емес, сөйлеу, психологиялық және әлеуметтік дағдыларын да жетілдіруге бағытталған.
– Біздің орталықта әр баланың диагнозына және оңалту қажеттілігіне қарай жеке бағдарлама жасалады. Мұнда неврологиялық аурулар, тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары, жарақаттан кейінгі жағдайлар, күйіктен кейінгі өзгерістер және басқа да оңалтуды қажет ететін диагноздары бар балаларға көмек көрсетуге мүмкіндік бар. Ең бастысы – баланы бір ғана маман емес, бірнеше бағыттағы маман бірігіп бақылап, нәтиже шығаруға жұмыс істейді, – дейді дәрігер Перизат Жеңісбекова.
Дәрігердің айтуынша, жаңа орталықтың тағы бір ерекшелігі – заманауи құрал-жабдықтар. Оның көмегімен баланың қозғалысын жетілдіру, бұлшықет қызметін қалпына келтіру, күнделікті тұрмыстық дағдыларын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі.
Орталықтың мүмкіндігін қазірдің өзінде оңалту көмегін алып жатқан балалардың нәтижесінен көруге болады. Солардың бірі – Торғын Амангелді. Кішкентай қыздың аяғының 19 пайызы күйіп, ұзақ уақыт ем мен оңалтуды қажет еткен.
– Қызымның аяғы күйіп, қатты қиналған едік. Оңалту шараларын алғаннан кейін жағдайы айтарлықтай жақсарды. Қазір бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Қызыммен жұмыс істеп жүрген дәрігерлер мен барлық мамандарға алғысым шексіз. Әр баланың жағдайына алаңдап, қолдарынан келгенше көмектесіп жатыр. Осындай орталықтың біздің облыста ашылып жатқаны үлкен қуаныш, – дейді Торғынның анасы Аяулым Төлегенқызы.
Гүлжан ТҰРСЫН





