Жақында елімізде жаңа Ата Заң жобасы жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия құрылып, елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізілді. Талқылаулар барысында Конституцияның басым бөлігі қайта қаралып, қоғамның сұранысы мен заманауи сын-қатерлерге сай жаңа модель ұсынылды. Осы орайда біз Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Қожағұлқызымен маңызды құжаттың мазмұны жайлы сұхбаттасқан едік.
– Гүлнар Қожағұлқызы, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады. Бұл бастаманың негізгі мәні неде?
– Бұл – еліміздің саяси және қоғамдық дамуындағы аса маңызды кезең. Жаңа Конституция жобасы азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен 2000-нан астам ұсынысқа сүйене отырып дайындалды. Яғни құжат қоғамның нақты сұранысын ескере отырып әзірленді. Реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламент құру бастамасы аясында жүзеге асырылып отыр.
– Конституцияны жаңарту жұмыстары қалай және қашан басталды?
– 2025 жылғы 8 қазанда Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына құқықтанушылар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері кірді. Ал 2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы өзгерістерге қатысты өз көзқарасын білдірді. Бастапқыда Ата Заңның шамамен 40 бабына өзгеріс енгізу жоспарланған еді. Алайда жұмыс барысында бұл реформаның әлдеқайда ауқымды екені, саяси және қоғамдық өмірдің көптеген саласын қамтитыны белгілі болды.
– Конституциялық комиссияның құрылуы туралы айтып өтсеңіз.
– 2026 жылғы 21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, БАҚ басшылары, мәслихат төрағалары, аймақтық қоғамдық кеңестердің өкілдері, сарапшылық және ғылыми қауымдастықты қоса алғанда, барлығы 130 адам кірді.
Комиссияға Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Азимова жетекшілік етеді. Оның орынбасарлары болып Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тағайындалды.
– Комиссияның басты миссиясы қандай болды?
– Эльвира Азимова алғашқы отырыста атап өткендей, комиссияның құрылуын секторлық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өтудің көрінісі ретінде қарастыруға болады. Алдағы міндет – бір жағынан конституциялық құрылыстың негізгі принциптерін сақтау, екінші жағынан қазіргі заманғы сын-қатерлерге сай жаңа көзқарасты Ата Заңда бекіту.
– Жаңа Конституцияның мазмұндық ерекшеліктеріне тоқталсаңыз.
– Комиссия Конституцияның барлық негізгі түзетулерін қарап шықты. Нәтижесінде өзгерістер 77 бапқа, яғни мәтіннің 84 пайызына қатысты болды. Жаңа Ата Заң адамға бағытталған, қоғам құндылықтарын көрсететін және саяси институттардың тиімділігін арттыруға арналған маңызды өзгерістерді қамтиды. Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде бекітілді.
– Қандай құндылықтар Конституция деңгейінде нақтыланды?
– Бірлік, ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім – Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде айқындалды. Егемендік, тәуелсіздік, біртұтастық және аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар ретінде сақталды. Сонымен қатар әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіліп отыр. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі – Қазақстан халқы екені тағы да нақты жазылды.
– Адам капиталы мен цифрландыру мәселесі қалай көрініс тапты?
– Жаңа Ата Заңның басты идеясы – білім, ғылым, мәдениет пен инновация. Мемлекеттің болашағы адам капиталына және азаматтардың жетістіктеріне негізделеді. Сонымен қатар цифрландыруға ерекше мән берілді. Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма енгізілді.
– Зайырлылық пен отбасылық құндылықтар мәселесі қалай реттелді?
– Дін мен мемлекеттің ара-жігі нақты ажыратылып бекітіледі. Білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқындалады. Неке ер адам мен әйел адамның ерікті әрі тең құқықты одағы екені туралы ереже енгізілді. Бұл дәстүрлі құндылықтарды қорғауға және әйелдердің құқықтарын күшейтуге бағытталған шешім.
– Конституция жобасындағы негізгі институционалдық жаңалықтар қандай?
– Ең басты жаңалықтардың бірі – 145 депутаттан тұратын бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтайдың құрылуы. Ол пропорционалды сайлау жүйесі арқылы жасақталып, депутаттар 5 жыл мерзімге сайланады. Сонымен қатар Қазақстанның Халық Кеңесі атты жаңа жалпыұлттық диалог платформасы құрылады. Ол заң шығару бастамасы құқығына ие жоғарғы консультативтік орган болады. Вице-президент институты енгізіледі. Бұдан бөлек, адвокаттық қызметке арналған арнайы бап, зияткерлік меншік құқығын қорғау, азаматтардың құқықтық кепілдіктерін күшейту, «Миранда ережесін» бекіту секілді маңызды нормалар қарастырылған.
– Құжаттың түпкі мақсатын қалай сипаттар едіңіз?
– Жаңа Конституция еліміздің қалыптасқан мемлекеттік құрылымын, халықаралық беделін, адами капиталды, білім, ғылым және инновацияларды дамытудағы басымдықтарын айқын көрсетеді. Сонымен бірге қазіргі Конституцияға, оның Қазақстан тарихындағы рөліне құрмет сақталады. Жалпы, жаңа редакцияда Преамбула, 11 бөлім және 95 бап бекітілу ұсынылып отыр. Қазір ұсыныстар e-Otinish және eGov порталдары арқылы қабылданып жатыр. Ал түпкілікті шешімді Қазақстан азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





