Бүгін «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының мүшелері Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп ұжымымен кездесті. Коалиция өкілдері Мейірман Тілеуберлинов, Ришад Тұрғанбай және Салтанат Тинистанова жаңа Конституция жобасындағы маңызды өзгерістер мен оның басты бағыттарын таныстырды.
Кездесу барысында спикерлер референдумның ел болашағы үшін маңыздылығына, азаматтық жауапкершілік пен құқықтық сауаттылыққа ерекше назар аударды. Мейірман Тілеуберлинов атап өткендей, жаңа Конституция мемлекеттің құқықтық және саяси жүйесін заманауи талаптарға сай жетілдіруді көздейді. Жоба билік тармақтарының теңгерімін нығайтып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмдерін күшейтеді, мемлекеттік басқаруды тиімді етеді.

Ришад Тұрғанбай реформалардың негізгі бағыттарына тоқталып, цифрлық технологияларды енгізу, сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелерін бөліп көрсетті. Салтанат Тинистанова өз сөзінде білім мен ғылымның елдің бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын негізгі ресурс екенін атап, жаңа Конституцияның осы салаға ерекше көңіл бөлетінін айтты. «Еліміздің басты құжатында білім, ғылым және инновация ұзақ мерзімді стратегиялық басымдық ретінде қарастырылған. Мемлекеттік байлық тек жер қойнауы немесе табиғи ресурстар емес, білімді және білікті жас ұрпақ болып табылады», – деді ол.
Кездесу барысында ұстаздар өз сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Қорытындысында коалиция мүшелері педагогтарды алдағы референдумда азаматтық белсенділік танытып, елдің дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылдауға шақырды.
«Жетісу-Ақпарат»





