Талдықорған: 0°C
$ 494.66
€ 581.87
₽ 6.43
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

20 жылым 20 күндей өте шықты

21.02.2026
ЖАНСАРАЙ
20 жылым 20 күндей өте шықты
WhatsAppTelegramFacebook

Ақын Нұрлан Мәукенұлының жарымен тілдесудің сәті түсті. Бұл жүздесу – жай ғана естелік айту емес, жүрек түбінде қатталған сағыныштың үнін есту еді. Ақын жырларынан таныс мұң мен мөлдір сезімнің қайнарын біз оның жарының жанарынан аңғардық.

Жақсының жары болу – тағдыр сыйлаған бақыт қана емес, көтерер жүгі ауыр жауапкершілік. Ол – жардың биігін қызғанбай, қайта соған сүйеніш болу, оның мұратын өз мұратыңдай көру, кеткен соң артында қалған сөзін, есімін, рухын аманаттай сақтау. Гүлмира Амангелдіқызының әр сөзі осының айғағындай әсер қалдырды.

Жиырма жылдық ортақ ғұмырдың жиырма күндей өте шыққаны – өмірдің өткіншілігін емес, махаббаттың шынайылығын сездіреді. Айырылысу, перзент қасіреті жүректі жараласа да, ол сынбаған. Себебі жақсының жары болу – қайғыдан құламау, сағынышты сабырға айналдыру, аманатты адал алып жүру.

– Мен – Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданының Сартерек ауылында дүниеге келдім, – деп бастады әңгімесін Гүлмира Амангелдіқызы. – Әкем Амангелді Аужалұлы небәрі отыз жасында жол апатынан дүние салды. Анам Бикамал Төлегенқызы бес бірдей баламен жесір қалып, тағдырдың ауыр жүгін қайыспай көтерді. Үйдің тұңғышы болғандықтан, ерте есейіп, анама сүйеніш, бауырларыма қорған болуға тырыстым.

Сегізінші сыныпқа дейін ауыл мектебінде оқып, кейін Зайсандағы Ломоносов атындағы орта мектепті тәмамдайды. Сол мектепте Нұрлан ағаймен бірге оқиды. Жамбыл ауылының тумасы Нұрлан Мәукен-ұлымен басталған достық уақыт өте үлкен сезімге ұласады.
1979 жылы екеуі Алматыға оқуға келеді.

– Мен Халық шаруашылығы институтына (Нархоз), ал Нұрлан ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсті. Студенттік шақ – біз үшін арман мен үміттің кезеңі болды. Алматының кинотеатрларын бірге аралап, талай кешті кино залдарында өткіздік. Жастықтың сол бір жарқын сәттері әлі күнге жүрегімде.

Нұрлан бала кезінен шығармашылыққа бейім болды. Аудандық «Достық» газетінде өлеңдері жарияланып тұрды. Арман қуып журналистикаға түскен ол қаламын ешқашан қолынан түсірген жоқ. Оның өміріндегі ең үлкен мақсаты – сөзге деген адалдық болды. 1982 жылдың 10 желтоқсанында шаңырақ көтердік. Бір жылдан кейін Гүлрең дүниеге келді. 1985 жылы Гүлден өмір есігін ашты. Сегіз жылдан соң ұлымыз Наздан туды. Балаларының есімін ерекше болсын деп Нұрлан өзі қойды. Әр есімнің астарында әке жүрегінің жылуы бар еді, – деп жалғады сөзін жақсының жары.

Институтты бітірген соң Алматыда қалу оңай болмай, ауылға оралады. Нұрлан ағай Зайсандағы аудандық «Достық» газетіне тілші болып жұмысқа орнығады. Бірте-бірте бас редакторлыққа дейін көтеріліп, кейін аудандық баспа үйінің директоры болады. Қызметтік жолы жылдам өрлеп, еңбекқорлығы мен таланты оны алға жетеледі. Кейін аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарады. Одан соң аудандық партия комитетінде еңбек етеді. 1990 жылы Алматыдағы Жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі.

– Сол жылы Зайсанда жойқын жер сілкінісі болып, ата-енемнің үйі қирады. Өзіміз тұрған екі қабатты үйдің қабырғасы жарылып, қазақ үйде тұруға мәжбүр болдық. Нұрлан жоғары партия мектебінің ректоры Әбдеш Қалмырзаевқа кіріп, жағдайымызды айтқанда, ол кісі бірден қолдау көрсетіп, Алматыдағы қазіргі Достық даңғылы мен Абай көшесінің қиылысындағы ғимараттан (қазіргі КИМЭП орналасқан орын) үлкен бөлме бергізді. Кең бөлмені бөліп, шағын шаңыраққа айналдырдық. Партия мектебін аяқтаған соң ауылға барып қызмет атқарамын деп жүрген тұста Кеңес өкіметі ыдырады. Заман өзгерді. Сол кезде Нұрлан: «Алматыда қалайық, өлеңімді жазып, әдеби ортада жүруім керек. Мен – ақынмын ғой», – деп шешім қабылдады. Жазушылар одағына мүше болып, мүшәйраларға қатысты. «Жас қазақ» газетіне қосымша жұмысқа тұрды. Ол кезде бас редактор ақын Ұлықбек Есдәулетов еді. Редакцияға мені де есепші етіп алды. Осы газетте партия мектебінде бірге оқыған досы Ғалым Жайлыбай, Есжан Айнабеков (марқұм), Темірғали Көпбаев сынды азаматтар қызмет атқарды. Сол кездегі жастар бір-бірімен жарыса өлең жазып, үлкен ағалардан тәлім алды. Ұлықбек Есдәулетов, Иранбек Оразбаев, марқұм Темірхан Медетбек, Рафаэль Ниязбек, Жәркен Бөдеш сынды ақындар ақылдарын айтып, шыңдалуына ықпал етті. Өз замандастары – Ғалым Жайлыбай, Қасымхан Бегманов, Темірғали Көпбаев, Әбділдабек Салықбаев, Маралтай Ыбыраев, Жарас Сәрсек, Бақыт Беделхан, Жанарбек Әшімжан сынды қаламгерлермен араласты.

Нұрлан адамгершілігі мол, парасатты, үлкен-кішімен тіл табыса білетін, мәдениеті жоғары жан еді. Марқұм Асқар Сүлейменов те бір сөзінде: «Өлеңдері де «шик», өзі де «шик», жылқыдай сұлу азамат екенсің», – деп бағасын берген еді.

1993 жылы сол кездегі әкім Заманбек Нұрқаділов 20 мың қазаққа тегін жер бергізді. Біз де Таугүлден жеті сотық жер алдық. Бұл жер алғашында қызыл қызғалдақ көмкерген алқап еді. Жиырма жылға жуық асарлатып жүріп үй салдық. Құрылыс материалын табу қиын заман болатын. Ал 1997 жылы Нұрлан ауыр ота жасатып, денсаулығына байланысты мүгедектік рәсімделді. Аракідік қан қысымы көтеріліп, жүрегі мазалайтын. Бірақ өлеңнен қол үзбеді. Мүшәйралардан жүлдесіз қайтқан емес. Абайдың 150 жылдығында жүлделі орын алды. «Түркі әлемі» поэзиясында екінші орын иеленді. «Бойтұмар», «Құсни хат» жинақтары жарық көрді. «Құсни хат» кітабы үшін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Ол кезде небәрі 41 жаста еді, – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Айтуынша, Нұрлан ағай балаларын адал еңбекке тәрбиелеген екен. Бүгінде үлкен қызы – бизнес саласында, екінші қызы – есепші. Ал ұлы Наздан 2020 жылдың алғашқы таңында мәңгілікке көз жұмған.

– Назданым ерте есейді. Әкесіне Құран бағыштап отыратын. Нұр-Мүбарак университетіне түсті. Бакалавр мен магис-тратураны қызыл дипломмен тамамдап, 25 жасында докторантураға қабылданды. Құлыным-ай, қайтейін, ғұмыры сонша қысқа болады деп кім ойлаған?! Әкесі ерте кетті, небәрі 43 жасында деп жүргенде, ол 26-ақ жасында, мезгілсіз бұл өмірмен қоштасты. Жүрегі тоқтап қалды. Әкесі сияқты өте талантты, білімге құштар, көп оқып, көп білетін. Ойлаған арманы көп еді. Амал қанша?! Аллаға қарсы тұра алмадық. Артында қос құлыны – Әбдірахман, Ілияс қалды. Келінім Жанерке бар. Осыларға көрмеген, көре алмай кеткен қызықтарын, шыға алмай кеткен шыңдарын бағындыруды нәсіп етсін. Алладан қалғандары аман болса екен деп тілеймін, – дейді Гүлмира апай.

Өз анасы көз жұмғанша Гүлмира апайдың жанында болып, әркезде демеу болыпты. Ата енесі Мәукен Нұрболұлы мен Дәметкен Рамазанқызы келінін қызындай көрген.

– Нұрлан «әке аты өшпесін» деп тегін Берғазиевтен Мәукенұлына өзгертті. 1999 жылы мені де әкемнің атына ауыстырды. Содан бері өз әкелеріміздің есімін арқалап келеміз.

Соңғы жылдары жазған өлеңдерінде мұң көбейіп кетті. Түнде, бәрі ұйықтағанда жазатын. Жазғанын маған тыңдататын. Мен кейде: «Мына өлеңдерің тым мұңды, неге көңілді дүние жазбайсың?» дейтінмін. Ол жымиып: «Сен дұрыс түсініп оқы, махаббат жайында да жазылған өлеңдерім бар», – дейтін. «Ақындар ұзақ жасамайды. Ол – маңдайға жазылған заңдылық. Сен дайын бол. Мен аяқасты кетіп қалсам, балаларға сен керексің, саған екі дүниеде де разымын…» – деген сөзін жиі айтатын.

Бірге өмір сүрген жиырма жылымыз жиырма күндей өте шықты. Бірақ сол жылдардың әр күні – мағыналы, әр сәті – қымбат. Нұрландай адал азаматтың жары болғаныма, одан ұрпақ сүйгеніме разымын. Жақсының жары болу – тек бірге өмір сүру емес екен. Бұл – тағдырды бірге көтеру, мұңды бірге еңсеру, үмітті бірге қорғау. Мен сол жолдан өттім. Сол жолға шүкір деймін, – деп тебіренді жақсының жары.

Кейіпкеріміз әңгімесінде Нұрлан ағаның бірге оқыған курсы өте мықты болғанын ерекше ықыласпен айтты.

– Жүсіпбек Қорғасбек, Нұртөре Жүсіп, Серғазы Мұхтарбек, Дархан Мыңбай, Еркін Қыдыр, Баян Бекетова, Бейбіт Сапаралы, Шәмшидин Паттеев, Бейбіт Құсанбек (марқұм), Алтынбек Сәрсенбаев (марқұм) – бәрі Нұрланмен бір курста оқыған, елге белгілі, ауыз толтырып айтар азаматтар ғой. Алтынбек Нұрланмен үш курс бірге оқып, кейін Мәскеуге кетті. Өкінішке қарай, Бейбіт Құсанбек 46 жасында, Алтынбек 45 жасында, ал Нұрлан 43 жасында өмірден өтті. Бәрі де бір-бір тұлға болатын, – деді Гүлмира апай күрсініп.

– Шәмшидиннің балалары біздің балалармен қатар өсті. Үлкен қызым Шәмшидиннің ұлымен бірге оқыды, Назданыммен қатар Данияр білім алды. Кейін ұлымыз үйленгенде сол Данияр күйеу жігіт болды.

Ермұрат Бапимен жерлес болдық, оның отбасымен де етене жақын араластық. Композитор Қалдыбек Құрманәлі де Таугүлден жер алып, көрші боламыз деп жүретін. Сонда олар: «Бір көше Қалдыбек атындағы, енді бір көше Нұрланның атындағы көше болады», – деп әзілдеп, мәз болатын. Мен де: «Өмірден кетпей жатып, өздеріңе көше атын беріп не болды?» – деп күлетінмін.

Нұрлан өмірден өткенде үлкен қызым үшінші курста оқып жүрді, екінші қызым мектеп бітіргелі жатқан. Ал ұлым небәрі он жаста ғана. Пандемияға дейін курстастар бір-бірімен етене араласып тұрды, кейін телефон арқылы ғана хал сұрасатын болдық. Балаларымның тойларын да сол жора-жолдастары көтеріп әкетті. Назданым қайтыс болғанда бірде-бірі қалмай келді.

Алтынбек Нұрланнан кейін үш жылдан соң дүниеден өтті, одан кейін Бейбіт кетті. Пандемия тұсында да талай жолдасы өмірден озды. Алтынбек марқұм Нұрлан қайтыс болған соң бір жылдан кейін Әуезов театрында елді жинап, еске алу кешін ұйымдастырды. Сол кеште Нұрланның кітабын шығарып, тұсауын кестірді. Кітаптың алғы бетіне: «Нұрлан, соңында қалған шығармаларыңды шығаруды өзіме парыз санадым» деп жазыпты. Кейін зират басына мүсінін орнатты. Қалдыбектер бастамашы болып, курстастары қолдап, екі мүсін жасатқан. Бірі зират басына қойылды, екіншісін ауылындағы мектепке орнатпақ болды. Алайда білім ошағына атын беру оңай емес екен. Дегенмен Зайсанда Нұрланның атына көше берілді. Екі жылда бір рет аудан орталығында Нұрлан Мәукенұлының оқулары өтеді. 27 мектептің, 5-11 сынып аралығында оқушылар өлең оқудан жарысқа түседі. Нұрланның өлеңдерін жаттау оңай емес қой. Алайда оқушылар өте тамаша дайындықпен келеді. Мен екі жылда бір сол шараға қатысып, ас беріп, Құран оқытып қайтамын.

Жамбыл ауылында Манарбек Бошақов, Серік Ақтанов және тағы басқа достарының арқасында Нұрлан атындағы керемет саябақ ашылды. Бұл жерге әрбір жаңа шаңырақ көтерген жастар, ауылдың үлкендері де барып, тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды. Ауылдағы мектепке аты берілмегенімен Алматыдағы бір көшеге Нұрланның есімі берілсе деймін. Алматы – оның ақындығы шыңдалып, танылған әсем қала ғой.

Нұрлан салмақты, өз жасынан биік тұратын парасатты жан еді. Ренжігенде айтатын жалғыз сөзі: «Атаңа нәлет» болатын. Өз отбасындағы алты ұл мен бір қыздың бәрі өте тәрбиелі болып өсті ғой. Әкелері механизатор, аналары үй тірлігімен айналысқан қарапайым отбасы болса да, балалары мұғалімнің балаларындай мәдениетті еді. Сол тәрбиені көріп өскен Нұрланның туысқанға, отбасына, жарына деген адалдығы да ерекше болды, – дегенде Гүлмира апайдың жанары бір сәтке жасқа толды.

– Кейде екі әйел алу жайлы әңгіме қозғала қалса, «мұндай әңгімені қозғамаңдар, мен қыз балаларды тәрбиелеп отырған әкемін» дейтін. Бұл да бір әйелге деген адалдықтың белгісі шығар…

Бұл сөздерден Нұрлан ағаның болмысы, оның өмірге, отбасына, жарға деген тазалығы мен адалдығы айқын сезіледі. Ал сол адалдықтың бар салмағын бірге көтерген Гүлмира Амангелдіқызы – нағыз жақсының жары екенін уақыттың өзі дәлелдеп келеді.

– Нұрланның жырларын кейде қайта парақтап отырып, оның әр шумағында жүрек соғысы жатқанын сеземін. Өмірге, адамға, махаббатқа деген көзқарасы қандай таза, қандай шынайы еді… Сол әлем әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Әдебиетші ғалымдар назар аударып, ақын поэзиясының табиғатын ашса, оның лирикасы жаңа қырынан танылар еді. Әсіресе, сезімге құрылған нәзік өлеңдеріне әуен жазылып, сахна төрінде шырқалса – жырдың ғұмыры ұзара түсер еді.

Қазірдің өзінде Еркін Шүкіман орындап жүрген ән бар. Зайсанның өнерлі жігіті Дәлел Уәшев те Нұрланның сөзіне жазылған екі әнді халыққа жеткізіп жүр. Соның бәрін бір арнаға тоғыстырып, жинақтап, бұйырса 70 жылдығына орай лайықты әдеби-сазды кеш өткізсем деймін. Алматының бір театрында ақын рухына арналған тағзым кеші өтіп, жырлары оқылып, әндері шырқалып жатса – көптен бергі арманымның орындалғаны болар еді. Сол күнге дейін кітаптарын қайта бастырып, толықтырып шығарсам деген ниет бар.

Елінің Нұрлан есімін өшірмей, жырларын іздеп, еске алып жүргенін көрген сайын көңілім марқайып қалады. Демек, ол халық жүрегінен орын алған. Қысқа ғана ғұмырында артына өшпес із қалдырған азаматтың жары болғаныма Аллаға сансыз шүкір деймін. Бұл – өмірлік мақтанышым әрі мәңгілік сағынышым, – дейді Гүлмира Амангелдіқызы.

Сарби Әйтенова,
Талдықорған – Алматы – Талдықорған

Қатысты жаңалықтар

Жәнібек чемпиондықтан айырыла ма?

Жәнібек чемпиондықтан айырыла ма?

22.02.2026
20 жылым 20 күндей өте шықты

20 жылым 20 күндей өте шықты

21.02.2026
Сүттен құт өндірген

Сүттен құт өндірген

21.02.2026
Азаматтардың 78%-дан астамы жаңа Конституцияны қолдайды

Азаматтардың 78%-дан астамы жаңа Конституцияны қолдайды

21.02.2026
Көк туды желбіреткендер ел тағдырын да қолдайды

Көк туды желбіреткендер ел тағдырын да қолдайды

21.02.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.