Халық санасында «тоқырау жылдары» деген атпен қалған шақ. Марксизм-ленинизм идеяларының арқасында Кеңес одағында басталған «кемелденген социализм дәуірі» жайлы ел арасында үгіт-насихат жүргізуге басқарма басшылары, облыстық партия комитетінің нұсқаушылары, ғалымдар шалғай аудандарға сапарға шығатынбыз. Бұл – сол кезде қалыптасқан дәстүр еді. Біздің топтың жетекшісі кең маңдайлы, орта бойлы ғылым кандидаты, сол кездегі облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлімбатыр Исабеков болатын.
Сапарластың біразы Ұйғыр ауданына бірінші рет бара жатқан соң Әлекең әңгімені алыстан орағытып, аудан тарихына тоқталды. Сапарластар бір уақытта аудан туралы әңгімені түйіндеп, осы аумақтағы өздеріне қарасты бөлім жұмыстарын сөз етті. Көпшіліктің бірауыздан мойындайтыны – кадр тапшылығы. Диплом алған жас мамандар Алматы қаласында, тым болмағанда қалаға жақын аудандарда қалуға тырысады екен. Сондықтан олар шалғай аудандарда зейнеткер жасындағы жоғары білімді және арнайы орта білімді адамдарды алуға тура келетінін де жасырмады.
– Меніңше, – деп бастады өз сөзін Әлекең. – Жас мамандарды биліктің пәрменімен шалғай аудандарға баруға зорлағаннан гөрі, сол ауданда туып-өскен, білімге ынтасы бар жастарды жоғары оқу орнына тартуға күш салу керек. Екіншіден, Нарынқол, Кеген, Ұйғыр, Балқаш аудандарына өз еркімен барған жас мамандарға мүмкіндігінше сенім артып, олардың қызмет тұрғысынан және қоғамдық жұмыстардағы белсенділігіне қолдау көрсету дұрыс сияқты. Осы орайда, мен қазір сіздерге Ұйғыр ауданында қызмет істеп жүрген жас маман туралы айтқым келіп тұр. Ол менің, қазіргілердің лексикасымен айтқанда, «екі туып, бір қалғаным да емес». Бірде іссапармен келіп, аудандық аурухана палаталарын аралағанда науқастармен ашық-жарқын сөйлесіп отырған жас маманды көзім шалды. Қойындәптеріме жас дәрігердің аты-жөнін жазып алып, ол туралы ауданның бас дәрігері З. Сәдуақасовпен пікірлестім. Бас дәрігер де осы жас дәрігердің өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтынын айтып, оның ұйымдастырушылық қабілетіне тәнті болғанын жасырмады. 1968 жылы аудандық денсаулық сақтау мекемелерінің штат кеңсесі кеңейтіліп, бас дәрігердің орынбасарлығына штат берілді. Ұйғыр ауданының бас дәрігерінің орынбасарлығына институтты жаңа ғана бітірген әлгі жас дәрігер ұсынылып, бекітілді. 1969 жылдың қазан айында ауданның бас дәрігері көлік апатынан қайтыс болғанда, еңбек өтілі екі жыл да болмаған сол жас маманды ауданға бас дәрігер етіп тағайындадық. Қорыта айтсақ, сенім артқан азаматымыз қазір де үмітімізді ақтап, жемісті қызмет атқаруда. Бүгін сол азаматпен жүздесудің де сәті түсер.
Әлекеңнің әңгімесіне арқау болған азамат отыздың қырқасына әлі шыға қоймаған, орта бойлы, қызыл шырайлы, қой көзінен мейірім шуағы төгіліп тұрған, өзі осы ауданның төл тумасы – Болат Еділбайұлы Жуашев екен.
Міне, содан бері жарты ғасыр екеуміздің өмір соқпағымыз бір арнада тоғысып келеді. Осы жылдар кезеңінде Болат Еділбайұлының баршылықтан асып-тасығанын, жоқшылықтан жасып, күйрегенін көрмеппін. Әркез алға қойған мақсаты ауқымды, атқарған жұмысы абыройлы. 1969-1975 жылдары Ұйғыр ауданының бас дәрігері болып істеген кезінде 33 орынды екі қабатты ғимарат бой көтеріп, 1930 жылдары салынған Голощекиннің тоқал тамдары сүріліп, қазіргі заман талабына сай медициналық қоймалар, гараждар еңсе тіктеді. 4 гектардай жерді алып жатқан аудандық аурухана қоршалып, аумағына асфальт төселді. Әр бөлімше өздеріне бөлінген телімдерде ағаш отырғызып, гүлзарлар өсірді. Мамандар жоспарлы түрде ауыл-ауылдарды аралап, кәсіби көмек көрсетті. Әрбір тоқсан сайын ауданның елді мекендеріндегі фельдшерлерді жинап, конференция, семинар өткізіп, бірінің жұмысын бірі тексеріп, пікір алмасты. Сондай-ақ, әр елді мекенде көшпелі дәрігерлік кеңестер өткізілді. Осының арқасында балалар, екіқабат әйелдер өлімі азайып, аурухананың басқа да көрсеткіштері көңіл толарлықтай жақсарды. Аудан көлемінде балаларға сүт дайындайтын асхана, бұрын алыс аудандарда болмаған физиотерапия бөлімі жұмыс істей бастады. Дардамты ауылында дәрігерлік амбулатория, Шошанай, Кіші Ақсу, Бөгеті ауылдарында ФАП-тар ашылды. Сүмбе ауылындағы 50 орынды аурухананың құрылыс жұмыстары жалғасты. 1970 жылдардың басында ауданның қара дала алқабында 300-500 метр тереңдікте жерасты ыстық суы бары анықталған болатын. 56 градустық ыстық судың құрамын анықтау үшін оны ауданның бас дәрігері Алматыдағы курортология институтына зерттеуге ұсыныс тастап, судың құрамы полиартрит, радикулит, неврология, плексит, түбелікті гастрит, колиттер холецистит, асқазан жарасы, экзема секілді ауруларды емдеуге болатынына кепілдік алды. Алғашқы кезде жай ғана ванналары бар қарапайым бөлмелер салып, пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда бастауында Болат Еділбайұлы тұрған бұл істі жергілікті іскер азаматтар жалғастырып, осы жерлерге сауықтыру корпустарын, бассейндер салып, пайдасын шаш-етектен көріп жатқанын да айта кету керек.
Міне, осы атқарылған шаруалардың арқасында Ұйғыр ауданының денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысы облыс көлемінде алдыңғы орындардан көріне бастады. Егер бұрындары 1975 жылдарға дейін халықаралық денсаулық сақтау ұйымдарынан, министрліктен, орталық комитеттен, облкомнан келетін комиссияларға Алматы төңірегіндегі аудандарды ғана көрсетіп, шығарып салатын болса, енді шалғай аудандардағы денсаулық сақтау мекемелеріндегі озат тәжірибелерді көрсету үшін олар Ұйғыр ауданына жиі-жиі ат басын бұратын болды. Ауданда денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылып жатқан соңғы бастамалармен танысып, іс-тәжірибесін тереңірек зерделеп, талдап қорыту үшін Туберкулез ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Терлікбаев бастаған, құрамында 20 шақты маман бар, комиссия келді. Бір айдан кейін комиссия мүшелерінің жазған анықтамасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісі өтті. Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрі, академик Т. Шармановтың өзі жүргізген алқа мәжілісінде Болат Еділбайұлы 20 минуттық баяндама жасап, берілген сұрақтарға тұжырымды, нақты жауап берді. Алқа мәжілісі қабылдаған қаулы бойынша аудандағы денсаулық сақтау жұмыстарына оң баға беріліп, 4 санитарлық автокөлік, медициналық аппараттар, ауруларға арналған киім-кешек, барлығы 200 мың рубль ақшалай көмек көрсетілді. Тегінде бұл алқа мәжілісі Бөкеңді тұлғалардың алдында баяндама жасап, жауап бергенде өзіңді-өзің еркін ұстап, өткір мәселелер туралы пікіріңді кібіртіктеп, сипай қамшыламай, төтесінен жеткізуге баулыды. Соның арқасында Болат Еділбайұлы 1980 жылдары КСРО Денсаулық сақтау министрі, академик Е. Чазовтың 2-3 алқа мәжілісінде, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы өткізген жиналыстарда сөйлеген сөздері әріптестерінің көңілінен шықты.
Аудан жұртшылығымен біте-қайнасып, әр ауылдың денсаулық сақтау саласындағы сұраныстарына қанық болған Болат Еділбайұлы 1975 жылы жаңа ашылған облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерлігіне тағайындалды. Ауруханаға Қаскелең қаласындағы бұрынғы аудандық орталық аурухананың аты бар, заты жоқ, төрт тағаны ғана түгел ескі ғимараты бөлінген болатын. Жасыратыны жоқ, енді өрісі кеңейіп, биіктеген сәтте Болат Еділбай-ұлының ұйымдастырушылық қабілетіне, кәсіби біліктілігіне, іскерлік қарымына бұл да үлкен сын болды. Уақытпен санаспай 3-4 айдың ішінде ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, керекті медициналық жабдықтарды орналастырып, аурухананы тез арада іске қосты.
Болат Еділбайұлы бас дәрігер болып істеген 5 жыл ішінде жаңа құрылған жұқпалы аурулар ауруханасы облыстық денсаулық сақтау мекемелерінің алдыңғы шебіне шықты. Жан жанашырының ұйымдастырушылық қабілетіне риясыз сенген облыстық денсаулық сақтау саласының басшылары Болат Еділбайұлын облыстық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары, Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің емдеу және аурудың алдын алу жөніндегі бас басқармасының басшысы қызметтеріне ұсынды. Қырықтың қырқасынан жаңа асқан азамат кейін республикалық Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мүшесі ретінде еңбек ету бақытына ие болды. Әйтсе де, Болат Еділбайұлы өзінің көнекөз әріптесі, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Е. Арғымбаевтың өтінішіне немқұрайды қарай алмады. 1989 жылы кезінде өзі іргетасын бекітуге атсалысқан Алматы облыстық клиникалық ауруханасына бас дәрігер болып ауысты. Бұл ауруханада Бөкең аттай 12 жыл бас дәрігер болып абыройлы қызмет етті.
Кеңес одағы тозығы жеткен бөздей ыдырап, оның орнына тәуелсіз 16 мемлекет пайда болды. Бұрынғы экономикалық, әлеуметтік байланыстар үзіліп, қаржы тапшылығы алқымнан алған 1990 жылдардың аласапыранында облыстық аурухананың шаңырағын шайқалтпай ұстап тұру – нағыз ердің сойы сыналар тұсы еді. Жылына 11-12 мың науқасты емдеуге қажетті дәрі-дәрмек, төсек-орын, киім-кешек, науқасты тамақтандыру мәселесі, 5-6 айлап еңбекақы алмайтын ұжым мүшелерінің күнделікті сұраныстарын шешу сияқты сағат сайын бас дәрігердің алдынан шығатын мәселелер шаш-етектен болды. Бас дәрігер ретінде Болат Еділбайұлы ауруханаға ауадай қажет 30 орынды нейрохирургия, 40 орынды пульмонология бөлімдерін ашты. Сондай-ақ, ауруханда мануалдық, гемотерапия, ЛФК, тұзды шахта кабинеттері ашылып, санаториядағыдай түрлі ванналар іске қосылды. Аурухананың клиникалық екені ескеріліп, медицина институтының кардиология, ЛОР, хирургия, педиатрия кафедралары жұмыс істей бастады. Осы кафедралар базасында студенттерге дәріс оқытылып, практикалық сабақтар жүргізілді. Сонымен қатар, әр ауданнан келген дәрігерлер интернатурада өз білімдерін жетілдірді. Қан құю, диализ орталығы ашылды. Республикада бірінші болып 100 орынды перинаталдық орталық ашылды. Ана мен бала өлімінің көрсеткішін төмендету үшін тәулік бойы 3 санитарлық автокөлік, санитарлық авиация кезекшілікпен жолға шығуға, оған кезекші дәрігерлердің 1 сағат ішінде дайын болуы бас дәрігердің тікелей бақылауында болды. Осындай ұйымдастыру жұмыстарының арқасында облыс аумағында әйелдер мен балалар өлімінің көрсеткіші айтарлықтай азайды.
Әйтсе де небір қиыншылықтарға қарамастан жүйелі түрде жақсарып келе жатқан облыстың ең үлкен ауруханасының жұмысы 1999-2000 жылдары орын алған облыстағы денсаулық сақтау мекемелерін оңтайландыру (оптимизация) үрдісінен кейін күрт төмендеп кетті. Алматы облысын дотациясыз облысқа айналдыру үшін денсаулық сақтау, халыққа білім беру, мәдениет ошақтарын оңтайландыруды жүргізу аймақтың әлеуметтік саласына нұқсан келтірді. Болат Еділбайұлының екі әріптесі арыз беріп жұмыстан кетті. Денсаулық сақтау саласын дәл осылай оңтайландыруға облыстық клиникалық аурухана ұжымы қарсы шығып, Алматы – Талғар трассасын уақытша жауып, бұқаралық ақпарат құралдарынан журналистер шақырып, митинг өткізіп, үндеу қабылдады. «Сірә, бар кінәні артатын адам мен болуым керек, облыстық қаржы басқармасы жөн-жосықсыз шаужайға жармасып, жұмысыма кедергі бола берген соң өзім арыз жазып кетуіме тура келді», – дейді Болат Еділбайұлы көңілсіз ғана.
Болат Еділбайұлының денсаулық сақтау саласындағы еңбегі әркез лайықты бағасын алып отырды. Ол адам жанының арашашысы ретінде абыроймен арқалаған ел сеніміне лайықты болып, қызметтік ғұмырында «Октябрь революциясы» орденімен, көптеген медальдармен марапатталып, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» атағымен, ҚР Президентінің, Алматы облысы әкімдігінің Алғыс хаттары, Құрмет грамоталарымен, «Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы» төсбелгісімен марапатталған. Абзал жанның абыройлы ғұмырының негізгі дерегі де энциклопедиялық «Кім де кім» кітабында бедерленген.
Осы орайда айта кететін бір дүние бар. Бөкеңнің анасы аудандық ауруханаға келіп, укол салғызған көрінеді. Жап-жас, аққудың көгілдіріндей медбикенің жүзінің жылылығы, қолының жеңілдігі ұнаған болуы керек, орда бұзар отыз жасқа келгенге дейін үйленуге уақыт таппай жүрген ұлына: «Сен сол қызға үйленесің!» – депті Шағаман батырдың тікелей ұрпағы Гүлімжан апай. Кім біледі, жүрісі киіктің лағындай, аққұбаша өңді медбике де бас дәрігердің назарынан тыс қалмаған ба екен, ананың ықыласы ой салды ма екен, әйтеуір жарты жылдың ішінде Гүлімжан ананың тілегіне сай екі жақсы бірігіп, отбасын құрады.
Міне, содан бері табаны күректей жарты ғасыр уақыт өтіпті. 2 ұл, 2 қыз дүниеге келіпті. Ғалия, Алмаз, Салтанат, еңбек жолдарында әке-шешесінің мамандығына сай денсаулық сақтау саласын таңдап алыпты. Ал 5-сыныптан Теодор Драйзердің «Финансист» деген кітабын жата-жастана оқитын Асылхан қаржыгер мамандығы бойынша Т. Рысқұлов атындағы академияны бітірді. Қазір «ҚазАгро» фирмасының вице-президенті. Ал, әке жолын қуған Алмаз медицина ғылымдарының кандидаты, Алматы қаласының №12 қалалық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет атқаруда. Болат Еділбай-ұлының құдалары Басболат Шыныбаев, Роза құдағиы да дәрігерлер отбасынан екенін атап өтуді жөн деп таптық. Алмаздың қайын атасы Қырым Ахметов медицина ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, республикаға танымал ғалым.
Шүкір, бүгінде дәрігерлер династиясының үшінші, төртінші буындары тәуелсіз еліміздің қабырғасына бір-бір кірпіш болып қалануда. Бұл күнде Еділбай ақсақал мен Гүлімжан ананың қара шаңырағының иесі – Болат Еділбайұлы дүниеден ерте озған Марас ағасының отбасына, әпкесі Мәриямның отбасына қамқоршы аға, өзінен кейінгі інілері Марат, Рабат, Рахаттарға тағдырдың небір қым-қуыт сәттерінде бағыт-бағдар беретін темірқазық жұлдызына айналды. Ендеше, еңбегі жанған ағаны барша тілеулес достары атынан 80 жылдық мерейтойымен және Сәуле Мұхамеджанқызы екеуінің алтын тойларымен құттықтап, ғұмырларының шаттықты күні тарқамасын деген лебізді де арнауды азаматтық деп санадық.
Болат ӘУЖАНҰЛЫ,
Алматы облысы және
Райымбек ауданының
Құрметті азаматы
Сурет ғаламтордан алынды





