Кейде өткен өмірің, артта қалған күндерің еріксіз еске түсетін сәттер болады. Сондайда кездескен кезде көңіліңе сәуле түсіретін жандарды іздейсің, емен-жарқын әңгімелескің келеді. Сол сағынған, іздеген адамдар арасында енді кездесе алмайтындар да бар. Олар – бақилық болған, өмірден озған жандар. Жазмыштың қаталдығы да осында шығар.
Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Сарқан ауданының Құрметті азаматы Сейілхан Базарханов 1949 жылы Бөрлітөбе ауданының Мұқан Төлебаев атындағы кеңшарында туған. 1966 жылы Үлгі орта мектебін бітіріп, Алматы Халық шаруашылығы институтына түсіп, экономист мамандығын алған. 1982 жылы Жоғарғы партия мектебін бітірген.
Уақыт деген қандай жылдам?! Біз Сейілхан ағаны жап-жас кезінде көрдік. Аудандық газетке тілші болып қабылданғанда Сейілхан аға «Прибалхаш» кеңшары партия комитетінің хатшысы болатын. Жиындарда өз жұмысын тиянақты жүргізіп, атқарылған істі жеткізе білетін отты жанарлы қара торы жігіт ағасына қызыға қарайтынбыз. Бүгін, енді жетпісті орталап қалған ағамызбен сұхбаттасып отырып, өткеннің өнегелі істерін жадымызда қайта жаңғырттық. Бұл кісілер төрде отырғанда өзімізді төбеде отырғандай сезінетін сәттеріміз есімізге түсті. «Жақсының қартайғаны да жарасымды» дейді халқымыз. «Жақсысы кеткен ауылдың артынан жақсы шықпаса өртеніп кеткен жермен тең», – дейді Ақтамберді жырау. Шын мәнінде Сейілхан аға әке жолын жалғастырды, елдің есінде жақсы істері қалды.
Қарттық, кәрілік дегеніміздің өзі не нәрсе? Қияметтен келген бір керемет пе? Әлде қара шашыңды ағартып, ақ жүзіңді оңалтып, қадіріңді жоғалтып, қайратыңды тоналтып, сұсыңды қашыратын құдірет пе?
Орыстың әйгілі жазушысы Лев Толстой 82 жасында өзінің жазу кітапшасында мынандай сөздер қалдырыпты: «Адамдар қызық. Тым қартайған шағында асарымды асадым, жасарымды жасадым, маңдайға жазған азды-көпті ғұмырымды тауыстым» деп ойлайды. Керісінше өмірдің өзің үшін де, өзгелер үшін де ең бір бағалы сәті осы кезден басталады». Расында да алпысқа алқынбай жетіп, жетпістен желіп өткен ағамыз шабытты еңбегімен өзіне де, өзгеге де бақыт пен қуаныш сыйлайтын жаста еді. Амал не, айналдырған ауру етегінен тартып жүріп, бір-ақ күнде ағайындарынан, балаларынан, немерелерінен алыстатты.
Өткен жылғы Наурыз күні ағайын-туыстары, жора-жолдастары, замандастары қимастықпен Сейілхан ағамызды соңғы сапарға шығарып салды. Талдықорған қаласындағы ағамыздың шаңырағының алдында қоштасу рәсімі өтті. Жетісудың танымал тұлғалары тірлігінде ел игілігін еселеуге бір адамдай үлес қосқан, соңында айшықты ізі бар азаматтың қадір-қасиетін айтып жатты.
Сейілхан Базарханұлы 1970-1972 жылдары М.Төлебаев атындағы кеңшарында бас бухгалтердің орынбасары, бас экономист болып еңбек жолын бастады. 1972-1974 жылдары Бөрлітөбе аудандық жоспарлау комитетінің төрағасы, 1974-1977 жылдары «Прибалхаш» кеңшары партия комитетінің хатшысы, 1977-1980 жылдары аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1980-1982 жылдары аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары – Бөрлітөбе аудандық агроөнеркәсіп бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары – Бөрлітөбе аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасы, 1989-1991 жылдары «Құрақсу» кеңшарының директоры болды.
– Сейілхан ағаны матайлықтар Құрақсуға жол салдырған көшелі азамат ретінде таниды, – деп еді прокуратура саласының ардагері заңгер досымыз Марат Асқарбеков.
Әлі күнге дейін есімде бұрын құм шағылдың ортасынан туыстары тұратын шаруашылыққа әзер жететін матайлықтар Сейілхан Базарханұлы кеңшарды басқарып тұрғанда асфальт жол салынғанын жыр қылып айтады. Осы жол арқылы құрақсулықтардың Матай интернатында оқитын балаларының қатынасы жеңілдеп, ауылға серпіліс туғызып еді.
Осындай ізгі істері қалың елдің есінде. Шаруашылығы төмендеп қалған кеңшардың ісін ілгерілеткен ағамызға айтылар алғыс мұнымен шектелмейді. Сейілхан Базарханов басқарған жылдары Құрақсуда Қаракөл тұқымдас қойлар өсіріліп, өнімдері бағаланып жатқанын да жұртшылық ұмыта қойған жоқ.
Артта қалған шаруашылықты өрге сүйреген Сейілхан Базархановтың іскерлігі жоғарыдағылардың назарынан тыс қалмады. Кеңшар директорлығынан Сейілхан аға 1991-1992 жылдары Қаратал аудандық атқару комитетінің төрағасы лауазымына жоғарылатылды.
Тәуелсіздік алған жылдардағы өліара кезеңде жауапты жұмыстар атқарды. 1992-1996 жылдары Қаратал ауданы әкімінің орынбасары, 1996-1998 жылдары «КомбикормАгро» ашық акционерлік қоғамының бас директоры қызметтерін абыройлы алып жүрді.
Кейіннен кәсіпкерлікке бет бұрды. Жетісуды, республиканы сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін «Үштөбе-Айдын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры ретінде облыс экономикасына үлес қосты. Соңғы демі үзілгенше ержетіп, өз қолдары өз ауыздарына жеткен, мемлекеттік қызметте, кәсіпкерлікте жолдарын айқындаған үш ұлының ақылшысы, немерелерінің сүйікті атасы болды.
Бұл кісінің азаматтығы мол еді. Қандай қызметте жүрсе де адалдығынан, турашылдығынан танбады. Осы мінезі оның қасиетіне айналды. Жұртшылық алдындағы беделін өткен жылдары әкесі Орманбай туралы кітап шығарып, сол кітаптың тұсаукесерін өткізгенде көріп сүйсінген едік. Бірақ айтып келмейтін ажал азаматты алып, орнын ойсыратып кетті. Соңында іздейтін балалары бар, бауырлары бар, ниеттес достары бар. Сейілхан ағамыздың жатқан жері жайлы, алды пейіш болсын деген көпшіліктің ізгі тілегіне қосыла отырып, соңында өшпес із қалдырған тұлғаның өнегесі ұрпағы арқылы жалғасын таба берсін дейміз.
Жомарт ИГІМАН,
Жазушылар одағының мүшесі





