Тағылымды тарихымыздан сабақ алып, жүрегімізді тазарта алсақ, асар асуымыз, шығар биігіміз бүгінгіден да биік болары хақ. Оқтай түзу, көк желек, түрлі-түсті гүлмен көмкерілген Қадырғали Жалайыри даңғылына сүйсініп, көңілі шаттанып келе жатқан жолаушы кіре берістегі еңселі ескерткішке ат басын бұрмай кете алмайды. Елді береке-бірлікке шақырып, жастарды елжандылыққа тәрбиелеуде маңызы ерекше осынау монументальдық туындының құдіретін таспен өрілген тарихпен теңесек, еш артықтығы жоқ. Тас мінберде сырлы кітап шеңберінде ойға бата қолына қалам ұстаған мұқым түрік әлемінің ұлы тарихшысы, әз бабамыз Қадырғали Жалайыри тұр. Сұрағы сан тарау, жұмбағы түгесілмес ғұмыр-дария турасындағы дәрістің шегіне кім жеткен дейсіз?! Гүл шоқтарымен көмкере тәу етушілер қарасы үзілмейді. Тарлан тарихқа ұрпақ тағзымы, құрмет-қошеметінің өшпес көрінісі бұл! Бөрте мүсіннің оң жақ қанатындағы гранит тақтаға қашалып жазылған:
Жаһан ішін, дүниенің түкпірін көрдім мен.
Көп кітаптарды оқып Һәм білдім мен.
Кім көп біліп, көңіліне түйсе дәулеті артар, – деген тұжырымы білім жолын таңдаған жандарға дем беріп, рухын асқақтатады. Жігері жанылған ұрпақтың асыл арман қанатында алғы күнге сан сынақ шыңдайды, шамшырақ адастырмайды. Қазақ деген қабырғалы халықтың бір қажетіне бір кесек кірпіш болып қаланғанға не жетсін?! Еңбек жолы, құрыштай шыңдалау жолы дегеніміз осы енді.
Бас ие бар, жоғыңа жаңылыссаң,
Бағың алда жетерсің сағым ұшсаң.
Бабалардан бой тұмар бәрі бізге,
Санаң ұйып, серпілер сағыныштан, дегендей, салиқалы өмір мектебінен сабақ алып, ғылым жолын таңдаған жанның бірі Өмірәлі Қопабаев 1968 жылы Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің заң факультетіне түсіп, оны 1973 жылы тамамдайды. ҚазМУ басшылары ұстаздық қызметке немесе Қазақ КСР-і Ішкі Істер Министрлігі аппаратына тергеуші болып баруға ұсыныс жасайды. Ілім жолын таңдаған аспирант ҚазМУ-дің заң факультетіне ассистент, аға мұғалім, доцент, кафедра меңгерушісі болып, сатылай көтеріле жүріп, ғылыми жұмыстармен айналысады. Тынымсыз ізденіс, көз майын тауысар зерттеулер, қажетті деректер негізінде бар баянды тарата алар біліктілігінің нәтижесінде атақты ғалымдардың назарына ілінеді.
«Облыстық атқару комитеттері және олардың өздеріне бағынбайтын кәсіпорындармен қарым-қатынасы» деген тақырыптағы диссертациясының ғылыми оппоненті КСРО Ғылым академиясының мемлекет және құқық институты директорының орынбасары А. Е. Лунев еді. Бұл тақырыпта алғаш қорғалған осынау диссертациялық жұмыс Кеңес заң ғылымдарының дамуына үлес қосқан ғылыми жұмыстардың үздігі болып танылды.
Одақтық деңгейдегі кәсіпорындардың жергілікті билікпен санасуы, жергілікті халықты жұмысқа тартуы, салық төлеуі, министрліктер туралы Ережелерге облыстық атқару комитеттерінің жоспарлаушы комиссияларымен тікелей қарым-қатынаста болуын міндеттейтін бап енгізу қатарлы өзекті мәселелерді көтеріп, заңды жетілдіру жолдарын айқындаған жас ғалымның тың бастамасын КСРО жоғары аттестациялық комиссиясы жоғары бағаласа, айтулы ғалым, ММУ-дің профессоры Петров: «Бұл диссертация өте құнды, әкімшілік құқық пен шаруашылық құқықты ұштастыра отырып жазылған» деп айрықша атап өтті.
Мызғымас одақтың ыдырауына байланысты дамудың өзіндік жолын таңдаған бауырлас республикалар сияқты Қазақстанның заңнамасын жетілдіру жолын айқындауда табандылық танытқан Сұлтан Сартаев, Салық Зиманов сынды тұлғалардың қатарындағы Өмірәлі де ел тағдырына қатысты күллі мәселелер тек бейбіт жолмен шешілетінін мойындаған азаматтың бірі. Азаматтардың қоғамдағы қарым-қатынастарымен қатар өзекті шаруаларды реттейтін жай заңдардан мәртебесі жоғары екенін көрсету үшін тұңғыш рет «Конституциялық заң» деген термин пайда болды.
Жоғарғы Кеңес пен президенттік институттың үзеңгілесе, тіпті, тайталаса жұмыс істеуі саяси ахуалдың шиеленісуіне әкеліп соқтырды. Мән-мазмұны, мақсат-мүддесі, ұстанымы, тіпті, табиғаты қарама-қайшы екі жүйенің қатар өмір сүруі мүмкін емес болатын. 1992 жылдың басында егемен Қазақстанның тәуелсіз табиғатын, мәңгілік асқақ мұратын, талап-тілегін, мақсат-мүддесін үйлестіретін жаңа Конституцияның жобасы дайындалып, 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Алайда, жоғарыда айтылған Тәуелсіздік туралы Конституциялық заң негізінде жасалған Конституция мәтінінде көптеген олқылықтарға жол берілді.
Сондықтан жетілген, соны үлгідегі Конституция қажеттігін түсініп, заңгер ретінде өз үлесін қосуды көздеген Өмірәлі әлем кеңістігінде және қазақ елінде орын алған бұрынғы-соңғы билік жүйелерін жан-жақты зерттеді. Олардың айырмашылықтарын, ерекшеліктерін, уақыт талабымен үйлесе кетер тұстарын сараптап, көңілге түйген ойларын республикалық басылымдарда жариялады, теледидар, радио арналары арқылы ұсыныс-пікірлерін айтты. Жылдар бойғы ғылыми зерттеулерін қарапайым отандастары да, жоғарыдағылар да қолдағаны шабытына шабыт қосып, бәрін түйіндей келе «Қазақстан Республикасының мемлекеттік биліктің Конституциалдық-құқықтық негіздері және оның қызметі (теория және практика мәселелері» деген тақырыпта докторлық диссертация жазып, оны 2000-жылы сәтті қорғады. Мұнда биліктің үш салаға (заң шығарушы, атқарушы, сот билігі) бөліну қағидаттарының тиімді әлеуетін жүзеге асыру негіздерін дамыту, бұған ықпалын тигізетін тәжірибелік және ғылыми-құқықтық негіздер, құқықтық, атқару және сот салаларының болашақтағы дамуы мен өзара байланысы, олардың өркендеу қажеттілігі, артық кеткен тұстары мен арасалмақ тетіктерінің тиімділігін арттыру, тағы да басқа мәселелер қамтылды.
Бұл докторлық диссертацияны сараптап, талқылаған ғалымдар тәуелсіз республикамызда мемлекеттік биліктің құрылуы әрі әрекет жасауы мәселелеріне байланысты бұған дейін айтылмаған және концептуалдық бағытта тиімді ұйымдастырылу жолдарын іздестіруге қатысты жан-жақты негізделген 60-тан астам тұжырым, болжамдар мен ұсыныстар жасаған Өмірәлінің біліктілігін жазбай таныды. Диссертацияда көтерілген мәселелер қазіргі қолданыстағы Конституцияға енді, кейбір мәселелер конституциялық нормаларды қалыптастыруға негіз болды.
Өмірәлінің жүрек түкпірінде нәзік арман оянды. Ғылым әлеміндегі қос аққу секілді Өмірәлі мен Кәшипа алға қойған мақсаттарына жету үшін батыл қадам жасады. Өркениетке сай қоғамның дамуына үлес қосатын жаңа сипаттағы жеке оқу орнын ашып, шәкірт тәрбиелеуді мақсат тұтты. 1993 жылы О. Жәутіков атындағы Республикалық физика-математика мектебінен кабинеттер жалдап, қасындағы үш бөлмелі үйде жасампаз іс басталды да кетті. Қызығы да, шыжығы да аралас күндер өтті. Талантты жандар қайсар келеді емес пе? Талғамы да, талабы да күшті Өмірәлі Шакарапұлы «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген қағиданы берік ұстанып, замана талабына сай дарынды ғалым, зиялы жандарды топтастырды. Ұстаздар да, шәкірттер де табандылық көрсетті. Оқытушылар сүйікті ісімен айналысу үшін жанқиярлыққа барса, студенттер осы жерден сапалы білім алатындарын білгендіктен басқа университеттерге көз салмады. «Сабыр түбі сары алтын» деген осы да.
Алматы қаласының сол кездегі әкімі Шалбай Құлмахановтың қолдауымен көнетоз балабақшаны күрделі жөндеуден өткізіп, біртіндеп үлкен құрылысты бастады, нәтижесінде 12 қабатты оқу корпусы бой көтерді. Бірер жылдан кейін заманауи үлгідегі он екі қабат жатақхана салынды.
Жасампаздықпен өркендеген осынау іргелі оқу орны бүгінде көп деңгейлі колледж, бакалавриат, магистратура, докторантура бағытында үздіксіз білім жүйесін жалғастырып, шыңдалу шеберлігінің шыңынан көрінуде.
Халқымыздың біртуар перзенті Д. А. Қонаевтың ақ батасымен ашылған Қонаев университетінің халықаралық деңгейде беделге ие болуы, айтары жоқ, тынымсыз ізденістің жемісі. Мысалы, Мәскеу сыртқы сауда академиясы кеңестік заманда қалыптасқан беделді оқу орны. Халықаралық деңгейде сауда ұйымының заңдарын жетік білетін мамандар даярлау керектігін түсініп, жоғарыдағы айтылған академиямен білім, тәжірибе алмасу мақсатында келісім-шарт жасасты. Қазір осы бағытта даярланған білікті мамандар ел кәдесіне жарауда.
Университет өмірі қызу тіршілікке толы. Әлемдік, отандық деңгейдегі саясат, өнер, әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен өтіп тұратын кездесу, олардың тағлымға толы еңбектерінен нәр алып, терезесі тең адамдай сырласып, пікір алмасу – өнер алды, жетістіктің төресі. Осынау іргелі орда төрінде небір зиялылар сыр ақтарып, небір данагөйлер ақ батасын берді.
«Жауынмен жер көгереді, батамен ел көгереді» деген адамзат тарихында қалыптасқан қасиетті ұғым. Өмірәлі Рязан облысы, Қасимов қаласында мәңгілік мекенін тапқан, барша түрік әлемі мойындаған тарихшының бірі, қазақ тарихи жазба әдебиетінің негізін қалаушы ғұлама ғалым Қадырғали Жалайыридың басына барып тәу етті. Қабырына белгі қойып, маңайын абаттандырып, жатқан жерінен бір уыс топырақ алып қайтқан иманды азаматтың бірі. Елге оралысымен ғұлама ғалымға арналған тағылымды конференцияның жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болды. Қазақ тарихшыларының атасы Манаш Қозыбаев, тіл жанашыры Рабиға Сыздықова, Қадырғали танушы Мәмбет Қойгелдиев сынды ғалымдар мен зиялы жандардың баяндамалары жинақталып қалың оқырманға жол тартты. 1999 жылы Халықаралық Қадырғали Жалайыри қоры құрылды. Оның Президенті болып сайланған Өмірәліге Мақан Есболатов, Тілепбай Тазабеков, Жексенбек Еркінбеков, Амангелді Бегімбетов, Еділ Ерғожин, Қыдыр Тәжібаев сынды мемлекет және қоғам қайраткерлері ақ батасын беріп, жұмыстың жандануына қолдау көрсетті.
Халықаралық Қадырғали Жалайыри қорының қомақты жұмысының бірі – «Қадырғали би Қосымұлы Жалайыридың «Тарихи Оразмұхаммед» атты еңбегінің «Алатау» баспа-полиграфиалық корпорациясында басылып, ұлттық, ғылыми, рухани мұраның ұрпаққа оралуы, өз елімен қауышуы. Бұл еңбектің екі мың данамен басылып, кеңінен таралуын қамтамасыз еткен Өмірәлі мен корпорация Президенті Ырым Кененбайдың елжандылығын айтқанымыз орынды.
Қоғам қайраткерінің өзге де тарихи жәдігерлерімізбен қауышуға мұрындық болған ізгі іс-амалдары көпке мәлім. Соның бірі Иран Ислам Республикасындағы әйгілі ғалым, «Жалайыр патшалар әулеті (династиясы)» атты докторлық диссертациясын Париждегі Сорбонн университетінде қорғаған Ширин Баянидің маңызды еңбегін Қазақстан Республикасы Байланыс және Ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша 2011 жылы “Astana press group” баспасынан «Иранда билік құрған қазақтар» деген атпен жарық көруіне атсалысуы.
Ол Жетісу өңірінде «Үш бәйтерек» қоғамдық қорының, «Анда» шежіре отауының бастамасымен ұйымдастырылған игі шаралардың ұйымшылдықпен өтуін қолдап жүрген меценаттың бірегейі. «Үш ата» ескерткішінің бой көтеруіне әулет атынан екі миллион теңге көлемінде демеушілік көрсетсе, Алматыдағы ағайындардың басын қосып, он бір миллион қаржымен қор қоржынын толықтыруға белсенділік танытты. Қадырғали Жалайыр ескерткішін орнату барысында, Нұрмолда Алдабергенов, Кемел Тоқаев, Бикен Римова сынды ұлт қайраткерлерінің жүз жылдығын атап өту шараларында белсенділік танытса, күні бүгінге дейін «Анда» шежіре отауының бастамашылдық шараларын қолдаумен келеді.
Тек соңғы жылдары ғана Жазылбек Қуанышбаев пен Жолбарыс бабамызға арналған конференциялардың әлемдік деңгейде өткенін естеріңізге сала кетейін. Қытай, Түрік, Әзірбайжан, Қырғыз, Өзбек, Түрікмен мемлекеттерінің атақты оқымыстылары мен жазушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Алматы, Астана, Орал қаласындағы ауылшаруашылық институттарының ғалымдары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары мен қоғам қайраткерлерінің баяндамалары, Алматы және Жамбыл облысы әкімдерінің құттықтауы конференцияның мәртебесін асқақтатты.
Қосай ұрпақтарының табандылығымен Жолбарыс әулие ескерткішін орнату, Кемел Тоқаевтың жүз жылдығына арналған ізгілік шараларында қазақ ұлты жақсы-жайсаңдарының бас қосуы ірілігімізді, елдігімізді паш етті емес пе? Біле білсек ел бірлігі осындайда бекиді, әрі мойындалады.
Алайда мұндай үлгі тұтарлық қарекет қайсыбір азаматтарға ұнамайды екен. Қопабаевтың Жалайыри атануы біразының шамына тигендей. Қисыны қиыспайтын әңгіменің шылауына ермеген Өмірәліні жақтыра қоймайтын жандар әлі де ұшырасады. Түрлі-түсті бірлестік пен қор құрғандары ел-елді аралап, уағыз айтып, ас беріп, қаржы қорын қампайту ниетімен біраз азаматтардың басын біріктіруде. Мұны жоққа шығара алмаймыз. Тек ағайын арасы суымаса екен дейміз. Елдік ұғымы аясында іштарлық танытпай, істеріне сәттілік тілегеніміз жарасымды.
Орыс халқынан шыққан бір ұлы адамның три вещи «труд, честность, достижение» определяет человека дегенін оқығаным бар. Ал Қадырғали Жалайыр ескерткішінің сол қол қанатында қашалған:
Халықтың мұраты саялы мемлекет құру.
Патшаның патшалығы халқымен,
халқының дәулеті патшамен бірге, – деген тұжырымның құндылығы заман талабымен ұштасып келеді, мәңгілік өмір тұрғысынан үндесе бермек. «Сабақтастық, әділдік, өрлеу» атты ұғымның мыңдаған жылдық тарихын жаңғыртып отырған Қасым- Жомарт Кемелұлын шын мәнінде кемел жан деп мойындасақ, оның бағыт-бағдарын орындауда бүкілхалықтық қолдау көрсету – қазақстандықтардың парасат-пайымына байланысты. «Елің қуатты болса, бағың тұрақты болады» дегендей, ата Заңға бағынбай бірде-бір мемлекет тұрақты табыстарға жетіп, баянды бақытқа бөлене алмасы ақиқат.
2007 жылы мамыр айында 1995 жылы қабылданған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жауапты жұмысшы тобының құрамына мемлекеттік құқық қорғау органдарының басшылары, бірнеше заңгер-ғалымдар тартылса, соның бірі – Өмірәлі жампоз еді. Замана тынысына сай мазмұнды өзгеріске ұшыраған 2007, 2017 жылғы Конституцияларға толықтырулар мен өзгерістер енгізу барысындағы жұмыс тобының да белсенді мүшесі ретінде ел мүддесін қорғайтын ұстанымына беріктігін танытты.
Толысқан сұңғыла қайраткердің елге сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірәлі Жалайыри «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына 25 жыл» мерейтойлық медальдары, «Қазақстан Республикасының Білім беру үздігі» төсбелгісі, «Құрмет» және «Парасат» ордені, Ресей Федерациясының «Пайда, Құрмет және Даңқ» ордені, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісі, Қырғыз мемлекеттік заң академиясының «УКУК» медалі, «Конституциялық заңдылыққа қосқан үлесі үшін» медалі, «Қазақстанның құрметті заңгері» төсбелгісі, «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалдарымен марапатталды.
Халқының ақиық қыраны өрелі Өмекеңнің ғылымға, руханиятымызға қосар айтулы үлестері әлі де алда деп білеміз. Жаны жайсаң, жарқылы байтақ бауырымыздың тұғыры биіктей бергей!
Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,
Алматы, Жетісу облыстарының Құрметті азаматы





