Халқымызды азаттық пен бостандыққа жеткізетін ұзақ жолдың биік белесі болған Желтоқсан көтерілісінен кейін 5 жылдан соң КСРО-ның тұғыры теңселіп, шаңырағы шайқалды. Отаршыл жүйе біржола күйреді. Сол күндері қазақ жастары әділетсіздікке қасқайып қарсы тұрып жүрек жұтқан ерлік танытты. Солардың қатарында «Алакөл Желтоқсан ардагерлері» аймақтық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләззат Ермазанова да бар.
– 16 желтоқсан күні кешке Алматыда тұратын әпкемнің үйіне қонаққа бардым. Радиода болған оқиға туралы хабарлап жатты. Оны естіп, болып жатқан жағдайды біраз талқыладық. Ертесі таңертең сағат 10-дар шамасында әпкем және бір дос қызым бар, үшеуміз алаңға келдік. Ойымызда ешқандай алаңдаушылық жоқ. Алаңда жоғары оқу орындарында оқитын балалар бір-бірімізді көріп, жағдай сұрастық. Сол жерде жерлесім Бағлан Жайлаубаевты кездестіріп, бірге ұрандатып, «Менің Қазақстаным!», «Атамекен» әндерін қосыла айттық. Көп өтпей қатарымызға Сания Рахимова, Қайрат Сәрсенбеков, Алмагүл Түлекова бастаған алакөлдік қыз-жігіттер қосылды. Бәрі де: «Қазақстанды басқаратын бір қазақ табылмады ма?» деген сұрақ төңірегінде әңгіме өрбітіп, талқы жүргізіп жатты.
Кешке қарай дүрбелең туды. Алаңдағы жастарды әскер қоршап алды. Көзді ашытатын түтін жіберді. Суық су шашылды. Бір кезде аласапыран басталды да кетті. Жаныма жарқ етіп бір нәрсе түсті де жарылды. Бетпе-бет келген бір әскери адам дубинкасымен қағып жіберді. Құлап бара жатқанымды білемін. Бір кезде есімді сәл жиғанда бір топ қазақ жігіті соққы алып, жараланғандарды қалтарыс көшелермен тасып, таксиге отырғызып, қорғаштап жүргенін көрдім. Араларындағы бір жігіт әпкем екеумізді үйлердің арасымен сүйрелеп өткізіп, такси тауып, отырғызып жіберді. Құлағымда айғай-шу, көз алдымда сұрапыл, сүркейлі естелік қалды, – дейді Ләззат Мақатқызы.
Биыл Алматыда өткен желтоқсаншылардың жиынында Құрманғали деген азамат 17 желтоқсан күні басынан жарақаттанып ес-түссіз жатқан қыз бен әпкесін құтқарғаны туралы әңгімелейді. Тіпті, жас қыздың киім-кешегін, тұр-тұлғасын ұмытпапты. Ләззат өзінің құтқарушысымен осылай кездесіп, қайта танысады.
– Басымда жарақат болған соң бірнеше күн оқуға бара алмадым. Сосын маған тергеу басталды. Оның қайсы бірін айтасың. Өмірім аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Алаңда бірге болған жерлес қыз-жігіттер де азапты көрді. Қайрат Сәрсенбеков екеуміз тергеуге алынып, оқудан шығарылып, жауыңа да тілемейтін қысымның сан түрін бастан өткіздік. Бағымызға орай, Егемендік алып еңсеміз көтерілді, – дейді желтоқсаншы.
Дегенмен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары да артынан аңду кетпепті. Тіпті кейін әскери Мәдениет үйінде қызмет еткен тұста ҚР Қорғаныс министрлігіне дейін «Ұлтшылдар осындай жерде неге қызмет етеді?» деген мазмұнда арыз жазғандар болыпты. Бірақ ісі ақ, мақсаты айқын болғандықтан жапқан жаласы өтпепті. Қазір Бағлан Жайлаубаев пен Алмагүл Түлекова Қазақстан ауылындағы мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Қайрат Сәрсенбековтың жеке шаруашылығы бар. Тағы бір алакөлдік желтоқсаншы Сүлеймен Сасанов Алматыда кәсіпкерлікпен айналысады.
– Кейін Желтоқсанда зардап шеккендер ақтала бастағанда: «Біз қазақ халқының намысын қорғап, елдің бүтіндігін сақтау үшін көтеріліске қатыстық. Не үшін ақталуымыз керек?» деген оймен жүрдік. Бірақ заман талабына сай архив құжаттарынан деректер жинап, Бағлан, Қайрат үшеуіміз сотқа жүгініп, ақталдық. Ал алаңда ауыр жарақат алған Сүлеймен Сасанов пен Алмагүл Түлекова бастаған біраз саптасымыз әлі ақтала алмай келеді. Сол жағы жанымызды қинайды, – дейді Ләззат Мақатқызы.
«Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» дегендей, алакөлдік желтоқсаншылардың 1986 жылғы желтоқсандағы берекесі мен бірлігіне әлі күнге сызат түскен жоқ. Бүгінде олар Ләззат Мақатқызының басшылығында игілікті бастамаларды жүзеге асырып, жұрттың ықыласына бөленіп келеді. Әрбір ұсынысы мен бастамасына Алакөл ауданы әкімдігі қолдау көрсетіп тұрады. Оған дәлел ретінде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарға арналған ескерткіш алғаш Алакөл ауданында бой көтергенін айтуға болады. Алакөлдік желтоқсаншылар жыл сайын 16 желтоқсан күні сол ескерткіштің басында тағзым етіп, еске алу шарасын өткізеді. Ескерткіш маңын абаттандыру, сол жерде жастармен түрлі тақырыптағы кездесулер ұйымдастыру дәстүрге айналған. Алакөлдегі қайырымды істердің басында желтоқсаншылар жүреді.
Ләззат Мақатқызы өжеттігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында зейнеткерлікке шыққанға дейін Үшарал қаласындағы әскери гарнизонның әскери Мәдениет үйінің басшысы болып еңбек етті. 2018 жылы «LM» продюсерлік орталығын ашты. 2019 жылы «Жыл өнер адамы» номинациясы, 2021 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Мінсіз қызметі үшін ҚР Қарулы күштерінің және ҚР Қорғаныс минис- трлігінің Алғыс хаты мен медалін кеудесіне тақты. 2024 жылы Республика күні мерекесінде Алакөл ауданының Құрметті азаматы атанды. Сондай-ақ, төрт бала тәрбиелеп өсірген мейі- рімді ана. Ұрпақтарының болашағы үшін күнді түнге жалғап, еңбектеніп жүрген абзал жан.
Қажет АНДАС





