Жамбыл ауданының қасиетті топырағында, кие дарып, бақ қонған Ақындар мен батырлар елінде дүниеге келген талантты тұлғалар мен қарымды қаламгерлер көптеп саналады. Сол қатарда Алматы облысы мен Талдықорған қаласының, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері журналист Күмісжан Байжанды сеніммен атаймыз.
Бір таңғаларлық жайт – белгілі ақын-жазушылардың көпшілігі малды ауылда өсіпті. Өмірбаянына көз салсаң не қойшы, не түйеші, жылқышының баласы болып келеді.
Басқа жағынан алғанда оған соншалықты таңғалуға да болмайды. Қой бағып жүріп ой баққан, соған орай ұшы-қиырсыз кеңістікке көз жіберіп толғанатындай, ал түнгі мезгілде жұлдыздары жымыңдаған аспан жүзіне көз салып қиялдайтындай мүмкіндігі бар ауыл балалары қайтып ақын, жазушы болмасын?
Осы қисынға сүйеніп баяндайтын болсақ, болашақ журналист Күмісжан Құдайбергенқызының балалық шағы да малды ауылда өтіпті. Содан кейін де ол бұл мамандықтың қыр-сырын бір кісідей біліп, ес білгеннен тұмса табиғатпен сырласып, еңбекке шынығып өсті. Шопандық кәсіптің, түптеп келгенде жалпы өмір деген тылсым тіршіліктің қызығынан бұрын қиындығының көп екенін сол бала кезінде-ақ жан-тәнімен сезінген.
Қазақ хандығының негізі қаланған Қозыбасы тауының етегіндегі Үңгіртас ауылында 1950 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген сәбиді күтіп тұрған сынақтар көп еді. Нақтырақ айтатын болсақ, нәресте екі жасқа толар-толмастан әкесі Құдайберген дүниеден өтті. Соған қарағанда майдан даласында алған жарақаттары дәл осы кезде сыр берген болуы керек.
Ауылдық жерде қомақты жалақы төленетіндей жұмыс қайдан табылсын, анасы Рысбала сәбиін тарықтырмау үшін өз алдына отар алып, шопандық кәсіппен айналысуға бел буады. Осылайша балдырған қыз, жоғарыда айтып өткеніміздей, мектептен қолы бос каникул кездерінде малшылық кәсіптің де қыр-сырына қанығып өсті. Баладан жалғыз болғандықтан анасының негізгі көмекшісі де, жаны күйзелгенде басу айтар ақылшысы да, қажығанда күш-қайрат берер демеушісі де өзі болды.
Қызықты әңгіме Күмісжан тәтемнің есімін қоюға байланысты айтылады. Әлденеше жыл әскер қатарында болып, Отан үшін от кешкен майдангер әкесі Құдайберген болашақ жары Рысбаламен қырық жасында танысып, шаңырақ көтеріпті. Зарығып күткен сәбиі дүниеге келген кезде қуанышы қойнына сыймай ағайын-туысты шақырып кішігірім той жасайды. Дастарқан үстінде әлемге өлім сепкен сұм соғыстан қажып келіп, ондағы алған жарақаттарынан жаны қиналып жүрген кезінде көрген қызының атын Болдырған деп қоятынын жариялайды.
Басқа ағайындары қарсы болмағанымен бұл есім келіні Әдишаға ұнай қоймайды. Ауылдық Кеңесте қызмет атқаруына байланысты талай-талай «метірке» жазып, сәбилердің есімін тіркеп жүрген ол қайнағасына «Бұл есіммен қызыңыз құрбы-құрдастарына мазақ болады. Одан да сәбиді Алтынқыз деп атайық» деген ұсыныс жасайды.
Жақсы есімді көңілі қаншама қалап тұрғанымен назардан, қазақша айтқанда көз тиюінен қорыққан әкесі ойлана келе сәби атын сәл жұмсартып Күмісжан деген есімге тоқтайды. Әдиша жеңгесі болса оны өзі дүниеден өткенше Алтынқыз деп атаудан танбапты.
Анасының жаңағыдай қауырт жұмыстан қолы босай қоймайтыны белгілі. Жаз жайлауда болса, қыста алыстағы мал жайылымына көшеді. Соған орай кішкентай Алтынқыз бірінші сыныптан бастап Үңгіртастағы мектеп-интернатта оқыды.
Малшылардың балаларына арнап салынған, Жұмабай Жадрин деген ұлағатты ұстаз басқарған бұл оқу орнының атағы ол кезде бүкіл Одақ аумағына дүркіреп тұрған болатын. Соған орай материалдық-техникалық жағынан жабдықталуы да жоғары деңгейде, беретін білімі де терең еді. Содан кейін де аталған мектеп-интернаттан талай-талай мықты азаматтар сапалы білім, саналы тәрбие алып шықты. Осы жерде сәл ғана алға озып кетіп, бала Күмісжан оқыған бір ғана сыныптың өзінен кейін жазушылар Жұмабай Шаштайұлы мен Нағашыбек Капалбековтің, кезінде «Азия» халықаралық газетінің бас редакторы болған Молдахан Мұқатаев пен әдебиеттанушы-сыншы Рафат Әбдіғұловтың, «Жетісу» газетінде қызмет істеген Баян Нұрқалиеваның шыққанын атай кеткеніміз жөн шығар.
Жас қыздың журналистикаға деген құштарлығы да осы кезден басталды. Соның әсері болар, бесінші-алтыншы сыныптарда аудандық «Екпінді еңбек» газетіне шағын хабарламалар жазып, онысы жарық көрген кездерінде төбесі көкке екі елі ғана жетпей жүрді. Ондай жазғандарын жаңағыдай құрдастарымен талқылап, пікір алысудың өзі бір қызық әңгіме.
Көркем әдебиетке, жазуға деген мұндай құштарлық оны мектеп бітіре салысымен Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне әкелді. Қабылдау емтихандарын сәтті тапсырып, беделді оқу орнының студенті атанды. Бұл 1969 жылдың жүзі болатын.
Күмісжан тәтеммен таныстығым Күрті аудандық «Шұғыла» газетіне қызметке келген 1985 жылы басталды. Осы газетте журналистік еңбек жолын бастаған жас маман бұл кезде басылым бас редакторының орынбасары қызметін атқарады екен. Аудан шаруашылықтарын, онда қызмет істейтін азаматтарды бес саусағындай білетін, бұл кезде газет жұмысын да жетік меңгеріп қалған тәжірибелі журналист осы кезеңде бізге – жас журналистерге көп көмек көрсетті. Ақыл-кеңесін аямай, қажет кезде жігерімізді жанып тиісті бағыт-бағдар беріп отырды. Кейбір шешуші сәттерде жігіттік намысымызды қайрап, қиындыққа қайыспай қарсы тұруға баулыды. Ал жұмыстан қолымыз қалт ете қалған кездері тәтемнің әріптестік қана емес, нағыз бауырлық жанашырлығын, қамқорлығын сезіндік десем де ешбір асырып айтқандық бола қоймайды.
Сол кездегі «Шұғылада» Марат Қашқынбаев пен Жолболды Ысқақ, Исатай Қамбаров, Ескермес Сәрсенбаев, Алтынбай Сиқымбеков тәрізді орда бұзар отыздың ар жақ, бер жағындағы азаматтар жұмыс істедік. Ең үлкеніміз деген Сәдуақас Бигелдиев ағамыздың өзінің жасы елуге де тола қоймаған. Өтесін Құбиев пен Айтуған Шәйімов, Күмісжан Байжан, Бақтығали Садық, Қажымұқан Мырзабековтер бізден санаулы жас қана үлкен, «он жас – ол да құрдас» дейтіндей қылыштай қылшылдаған шақтарында.
Иә, «Шұғыладағы» шуақты күндер естен кетпейді. Редакциядағы жалғыз жазу машинкасына таласа-тармаса күні бойы мақала жазамыз. Одан қала берсе дойбыны қолға алып, ала тақта үстінде айқасқа түсеміз.
Жас болған соң ойын-тойға да көп барамыз. Ондай кездері бесіктегі сәбилерімізді тәтеміз бен Саламат жездеміздің қарауына қалдырып, алаңдамай кете береміз. Түнгі бірде немесе екілерде келеміз бе, тәтеміз сәбилердің жаялығын құрғатып, тамаққа тойдырып жылатпай күтіп отырады. Тәтемізді осы күнге дейін айрықша ардақ тұтып, құрметтеп жүретініміз де осындай үлкен адамгершілігінің, жастарға деген жанашырлығының нәтижесі болар деп ойлаймын.
Күмісжан Құдайбергенқызы 1986 жылы өзінің туып-өскен жері – Жамбыл ауданына қоныс аударып, сондағы «Екпінді еңбек» газетіне бас редактор қызметіне тағайындалды. Қанша айтқанмен жаңа жер, бейтаныс адамдар деп тайсақтамай жұмысқа жастыққа тән жігермен, өзгеше құлшыныспен кірісті. Шаруаны журналист кадрларды іріктеуден бастап, оларға қатаң талап та қойды, тиісті жағдай жасауды да өз міндеті санады. Іргелі аудан шаруашылығының жетістіктерін ғана тізбектемей, өмір болған соң орын алмай тұрмайтын кемшіліктерін де көрсетуді, олқылықты ашық сынауды мақсат етіп қойды. Атқарылған осындай жұмыстардың нәтижесінде бұл кезде «Атамекен» деген жаңа атауға ие болған газет жаңа бір мазмұнға ие болып, ықпалды басылымға айналды.
Мұндай принципті позицияның барлық басшыларға бірдей ұнай бермейтіні өз-өзінен белгілі. Бұл орайдағы әңгімеге аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы мұрындық болып, әр күн сайынғы телефон «тоқпағымен» тіпті жұмыс істетпеуге айналған. Алайда оның айтқанына бас шұлғи берсе, Күмісжан тәтем Күмісжан бола ма, бір күні мәселені бірінші хатшының алдында бір-ақ шығарды. Мәселенің мән-жайына қаныққан аудан басшысы орынбасарына «Аудандық газеттің әрбір ұсақ-түйек шаруасына араласа берме. Жазу жайын Күмісжан сенен артық білмесе кем білмейді» деген нақты тапсырма береді.
Осылайша басы артық әңгімеден құлағы тыншыған бас редактор газет жұмысымен қатар көп ретте шет-шегі көріне бермейтін қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Аудан басшылығының жанындағы алқалы органның мүшесі, аудандық кеңестің депутаты ретінде көптеген келелі істердің шешімін табуына ұйтқы болды.
Бір мезгілде газет қызметкерлеріне жағдай жасауды да ұмыт қалдырған жоқ. Банктермен жанды байланыс жасап, қаншама қызметкеріне сол жылдары жаппай көшіп жатқан неміс ағайындардың үйлерін ішіндегі жиһазымен қоса несиеге алып берді. Арада көп уақыт өтпей-ақ ондай несие ауыртпалығынан да жеңіл құтылған журналистердің басшылыққа деген ризашылықтары шексіз болатын.
Күмісжан Құдайбергенқызының журналистік қарым-қабілеті «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарып жүргенде жарқырай көрінді. Сол жылдары ірілендірілген облыс аумағында болып жатқан жарқын жаңалықтар мен жүзеге асып жатқан іргелі істер республикалық басылым беттерінде күн сайын дерлік көрініс тауып жатты. Тіпті бір нөмірінде бірнеше мақаласы жарияланып, меншікті тілшінің тынымсыз тіршілігінен, қайнаған күш-жігерінен хабар беріп жататын. Ардақты әріптесімізге Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте тапсырылғаны да осындай тынымсыз еңбегіне берілген әділ баға іспетті.
Қарымды қаламгер жалғыз журналистика саласымен шектеліп қалған жоқ. Өзі туып-өскен өңір тіршілігінің қай саласына да белсене араласып, аламаннан аты озған замандастарының өнегелі өмір жолдары мен ғибратты ғұмырларын кітаптарына арқау етті. Оның қаламынан туындаған «Жақсылардың парызы», «Көз ілмейтін көңіл», «Кие», «Туған жер – тұмарың», «Бәтима Ана», «Дара жол», т.б. кітаптарын оқырман қауым жылы қабылдады. «Жамбыл елінің жайсаңдары» атты етжеңді жинақ болса өзі туып-өскен Ақындар мен батырлар елінің атпал азаматтары жайлы деректерден құралған энциклопедиялық туынды деуге тұратындай дүние.
Жаны жайсаң, адамгершілігі мол әпкеміз тіршілікте әлдебір себептермен тығырыққа тіреліп, қиналып қалған адамдарға қайтсем бір көмегімді тигізем деп қашанда тебіреніп-толғанып жүретін. Көпшіліктің, соның ішінде басшылықта жүрген азаматтардың арасында да қайтпас қайсарлығымен, табандылығымен танылған қаламгер көп ретте діттеген мақсатына жетпей қоймайтын еді. Осы орайда айтатын болсақ, ол кісінің шығармашылық саласында жүрген іні-қарындастарына жасаған жақсылығының да ұшан-теңіз екенін айтпай болмайды. Ондай жақсылығын ешқашан міндет те қылған емес.
ЖАНАШЫР
(Күмісжан Байжанға)Жаз боп кетер жадырап бір күлсеңіз,
Інілерге сияқтысыз дара шың.
Жарасады дүркіретіп жүрсеңіз
Талдықорған – Ұзынағаш арасын.Жүзіндейсіз қылпылдаған қылыштың,
Айналып та көрген жоқсыз ауырды.
Қамын ойлап алаңдайсыз туыстың,
Жайын айтып шырылдайсыз бауырдың.Жанашырлық сиреп барады бүгінде,
Шешімі оңай табылмайтын түйін бұл.
Қанша адамды жұбаттыңыз сүрінген,
Қанша адамға көмегіңіз тиіп жүр.Жан емессіз қиындықтан жасқанар,
Сізді іздейді қалған жандар панасыз.
«Егемен» бар, кітап жазу, басқа бар,
Барлығына уақытты табасыз.Маңыңыздан жүре алмайды есерлер,
Қырыңызға ілінгенге обал-ақ.
Небір қиын мәселені шешерде,
Жігіттерді кеткендейсіз он орап.Балаң кезде-ақ тағдырыңыз түнерді,
Қарсы жүзіп үйрендіңіз ағысқа.
Сізге қарап қамшылаймын жігерді,
Сізге қарап тырысамын намысқа.Барымды айттым,
Бұдан басқа не дейін?..
Биіктесін, тәте, белес-беліңіз.
Ақ тілегім – қуаныштар көбейіп,
Жамбыл атам жасы – жүзге келіңіз!
Осыдан аз ғана уақыт бұрын Ұзынағаш ауылындағы №1мектеп-лицейде ҚР Мәдениет қайраткері, Алматы облысы мен Талдықорған қаласының, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері, қаламгер, публицист Күмісжан Байжан атындағы кабинет ашылды. Мұны бүгінде 75 дейтін мерейлі жасқа келген Күмісжан Құдайбергенқызына аудан жұртшылығы атынан көрсетілген үлкен құрмет, ілтипат, жерлестер ризашылығының бір көрінісі десек болады.
Жамбыл ауданы ғана емес, бүкіл Жетісу өңірі жұртшылығының ыстық ықыласы мен құрметіне бөленген жазушы, журналист күнделікті тіршілікте орны бөлек отанасы, қамқор әже қатарында. Ішкі істер органының ардагері Саламат ағамызбен өткен ғасырдың сонау жетпісінші жылдары бас қосып, комсомолдық той жасап үйленген жарасымды жұп ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, бүгінде қылықтары балдай тәтті немерелерге қамқор ата-әже атанып отыр. Ұл-қыздары өмірден өз орындарын тауып, мамандықтарына сай жемісті қызмет атқарып жүр.
Жарасымды жұп дегеннен шығады, осы жерде Саламат жездеміздің атына өзгеше мадақ айта кеткіміз келеді. Өңір журналистерінің барлығын дерлік түстеп танып, олардың жазғандарына да баға бере жүретін көзі қарақты Сәкең тәтемізді Жетісу жерінің қай түкпіріндегі шараға да кешіктірмей жеткізіп, алып қайтуды өзінің абыройлы міндеті санайды. Басқа сөзбен айтқанда тәтем болған жерден ағамыздың да төбесі көрініп, тілектестерін қуантып жүреді.
Өмірде бұрынғы қауіпсіздік қызметкерінің болмайтыны тәрізді бұрынғы журналист те болмайды. Бұл – өмірлік шындық. Сол айтқандай, Күмісжан тәтеміз қазіргі кезде де қаламын қолынан түсірмей журналистік жемісті жолын лайықты жалғастырып келеді. Қаламынан туындаған дүниелері кезінде өзі қызмет атқарған «Атамекен» мен «Егемен Қазақстан» газеттерінде ғана емес, облыстық «Жетісу» мен «Алатау арайы», басқа да республикалық басылымдарда жиі жарияланып тұрады.
Бүгінде сан жылғы журналистік еңбегінің зейнетін көріп, шаңырақ шаттығы мен жұртшылық құрметіне бөленіп отырған ардагер журналистке қарымыңыз талмасын, қаламыңыздан мазмұнды мақалалар туындай берсін деген ақ тілегімізді арнаймыз.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті жазушысы




