Ескелді ауданының Екпінді ауылында туып-өсіп, қазақ ғылымын ғана емес, әлем ғалымдарын мойындатқан академик Еділ Ерғожин тірі болса 80 жасқа толар еді. Өткен жылы өмірден озған ғалымды еске алу шарасы өзі оқып, білім алған қара шаңырақ – Жетісу орта мектебінде өтті. Оған кезінде Еділ Ерғожаұлы ширек ғасырға жуық басқарып, еңбегін арнаған Әбікен Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының ғалымдары, Жетісу орта мектебінің ұстаздары мен оқушылары қатысты.
Еске алу шарасы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Еділ Ерғожинға арналып қойылған ескерткіш-бюстке гүл шоқтарын қойып, ғалым рухына құран бағыштаудан басталды. Бұдан соң мектеп ішіне енген қонақтар өлкетану мұражайын тамашалады.
Жетісу орта мектебінің атап айтар бір ерекшелігі – қасиетті қара шаңырақтан бес бірдей академик қанаттанып ұшып, елімізге, облысымызға танымал 60-қа жуық тұлғалар білім алған. Өлкетану мұражайында мектептен түлеп ұшқан, ауыл мақтанышына айналған осынау тұлғалардың суреттері қойылып, есімдері жазылыпты. Одан бөлек мектеп тарихы мен жетістіктері бедерленген.
Келесі кезекте химия пәнінің мұғалімі Сәуле Андасбаева академиктің алдағы бағытына негіз қалаған химия кабинетімен, ондағы беріліп жатқан білім негіздерімен таныстырды. Бүгінде химия кабинеті қайта жабдықтауды талап етеді, осы орайда ұстаз интербелсенді тақтаны ауыстырып, құрал-жабдықтарды жаңалаудың қажеттігі туып тұрғанын жеткізді.
Мектептің акт залында ұйымдас- тырылған негізгі шараны Төлеңгіт ауылдық округінің әкімі Алмас Шайыхов ашып, Еділ Ерғожаұлының ауылға деген сүйіспеншілігі ерекше болғанын, әрдайым ауыл жұртымен қарым-қатынас ұстап, жай-күйін біліп отырғанын, осындай қайталанбас өр тұлғаның айтқан әңгімесін тыңдап, бірге жүрудің өзі бір бақыт болғанын жеткізді.
Жетісу орта мектебінің директоры Бағлан Жапабаев та ғалымның оқушылардың біліміне үнемі алаңдаушылық танытып, жиі хабарласып тұрғандығын, жарқ еткен жалынды шәкірттерге дұрыс жол сілтеп, ғылымға бағыттау керек екенін айтып отыратынын, жас буынмен жиі кездесіп, бағыт-бағдар беріп келгенін еске алды.
Ескелді аудандық мәслихатының хатшысы Қанат Сатанов ғалымның ауылдың жағдайына жиі алаңдап, дамыту бағытында біраз істер атқарғанын, барлық егістіктерге су жетпейтін болғандықтан сумен жабдықтау жобасын да жасағанын тілге тиек етті.
Алматыдан ат арытып келген құрметті қонақтар қатарында Ә. Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының бас ғылыми қызметкері, химия ғалымдарының докторы, профессор Несіпхан Бектенов сөз алды.
– Еділ Ерғожаұлы – үлкен тұлға, әлемді химия, технология саласында мойындатқан ғалым. Ол кісімен қырық жылдан аса бірге қызмет еттік. Ғылыми жұмыстарда қатал талаптар қоятын. Көптеген халықаралық конференцияға қатысты. Онда шетелдік ғалымдар жазылған еңбекті талдайды. Сондайда ғалымның еңбектері жоғары бағаланып отырды. Ол кісі ағылшын, неміс, француз тілдерінде көлемді мақалалар жазды. Ғалым ғана емес, көптеген шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Осы орайда Еділ Ерғожин мектебін ашсақ, элективті курстар жүргізсек деген үлкен мақсатымыз бар, – деді ол.
Ә. Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының бас директоры, химия ғалымдарының кандидаты Дәметкен Еділқызы да сөз сөйлеп, әкесінің ғылымға сіңірген еңбегі мен туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігін еске алды.
– Әкемізге шетелде қызмет етуге жиі ұсыныстар түсетін. Бірақ, оның бәрінен ойланбастан бас тартатын. «Туған Отанымда қызмет етпесем мен кіммін, шетелге кетсем демалыста ауылға кім барады?» дейтін. Туған ауылын жанындай жақсы көретін. Сондықтан да ауылға көмек көрсету, мектеппен үнемі байланыс жасап тұру – біздің міндетіміз. Өзім 26 жыл шетелде қызмет еттім, 6 шет тілін білемін. Сондықтан да оқушыларға шет тілін үйреніңдер, белгілі бір сала, бағытты таңдап, өздеріңді шыңдаңдар. Ал біз қолымыздан келген көмекті аямаймыз, – деді ол.
Шара барысында мектеп оқушылары Еділ аталарына арнаған өлеңдерін оқып, ән айтып, күй күмбірлетті. Еділ Ерғожаұлына арналған бейнефильм де көрсетілді.
Алма ЕСЕНБАЙ





