Өмір ұзақтығымен емес, мазмұнымен өлшенеді. Бес күн жалғанда өнегелі өмір жолымен жүрген айтулы азаматтардың артында қалған өшпес іздері мен өлмес істерін ұрпақтарға ұлағат ету – бізге парыз. Осындай ардақ тұтар жанның бірі – қатар жүрген қимас досымыз Мұрат Орынбайұлы еді.
Уақыт шіркін ұшқан құстай зымырап өтіп барады. Ортамыздан ерте кетіп, өмірден озуына байланысты нұрсұлтандық жолдастары зайыбы Индиянаның, төрт балапаны Дулат-Эльмира, Әсел-Ұлан, Болат-Айгүл, Әсемнің қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз.
Аяулы досымыз Мұрат Орынбайұлы Сәлімбаев 1958 жылы 19 тамызда Іле ауданы, КазЦИК ауылында дүниеге келген. 1965 жылы Боралдай кентінің №79 орта мектеп табалдырығын аттап, 1973 жылы осы мектептің 8-сыныбын бітірген. Сол жылы Алматы қаласындағы Темір жол техникумына түсіп, 1976 жылы «механик» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Оқуын тамамдаған соң Петропавл-Камчатский өлкесінде Сүңгуір қайық теңіз флотында әскери борышын өтеп келді. Еңбек жолын Боралдай қант зауытында жылутехник қызметінен бастап, сан алуан жауапты қызмет атқарды. Он жылдан астам Боралдай механикалық-жөндеу зауытында «аға шебер»лауазымынан бастап, зауыт жанындағы ағаш-өңдеу комбинатының директоры болып басшылық қызмет атқарды. Кейін Іле ауданы, Боралдай кенті әкімінің орынбасары лауазымынан бастап, ұзақ жыл бойы әкім болып мемлекеттік саясатты жүзеге асырды. Осылайша, біздің Мұрат досымыз өмірінің ақырына дейін халықтың тұрмыстық әл-ауқатын көтеру жолында жанын аямай тер төгіп, еңбек етті. Халықтың игілігі үшін адал атқарған қызметі үшін аудандық, облыстық әкімдіктердің Алғыс хаттарымен, мақтау қағаздарымен, мемлекеттік және ведомствалық наградалармен марапатталды.
Мұрат Орынбайұлы өзінің 62 жылдан астам ғұмырында зайыбы, төрт баласы, тоғыз немересімен бақытты отбасында адал жар, қамқор әке, жанашыр ата бола білді. Айтып келмейтін ажал беймезгіл уақытта біртуар азамат, адал досымызды ортамыздан алып кетті. Алланың ісіне шара жоқ. Марқұмның жары мен балаларына, туыс-бауырларына барлық достары қайғысына ортақтасып көңіл айтады. Досымыздың жаны жаннатта болсын. Отбасына амандық тілейміз. Адал жар, мейірімді де қамқор әке-ата бола білген арда азамат сабырлы, ақкөңіл, еңбекқор, достыққа берік жанның бейнесі достарының есінде мәңгілікке қалады.
Бағым КӨПТІЛЕУОВА





