Талдықорған: +1°C
$ 503.17
€ 600.89
₽ 6.63
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

Асатаяқты академик (Естелік-эссе)

28.09.2025
ЖАНСАРАЙ
Асатаяқты академик (Естелік-эссе)
WhatsAppTelegramFacebook

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Ел Президенті еңбекқорлық, еңбек адамы туралы сөйлеген сөзінде былай деген болатын: «Еңбекқорлық – ең асыл қасиеттің бірі. Мен әр сөзімде осы мәселеге ерекше мән беремін. Маңдай термен келген адал еңбектің қадірін білетін жұрт озық ойлы ұлт болады. Халқымызда «Еңбегіне қарай – құрметі» деген жақсы сөз бар. Еңбек адамы – ел адамы. Еңбек адамы, ең алдымен, туған елінің жарқын келешегі үшін аянбай жұмыс істейтін адам. Сондықтан қазір біз елімізде жұмысшы мамандарын кеңінен дәріптеп, оларға ерекше қошемет-құрмет көрсетіп жатырмыз».

Бүгінгі таңда бізде еңбек адамына белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адам деп қарайтын көзқарас жоқ емес. Ал шын мәнінде кеше де, бүгін де ел ішінде қызметі көзге көрінбейтін қаншама адамдар болды, әлі де баршылық. Олар – қарапайым ғана нағыз еңбек адамдары. Олардың да істегені, істеп жүргені – еңбек. Міне, біздің сөз етіп отырған Кісенбай Бижанов есімді кейіпкеріміз де кезінде Социалистік Еңбек Ері атағын алмаса да адал еңбегімен, ерен ақылымен ел аузына ілігіп, халықтың қошемет-құрметіне, сүйіспеншілігіне бөленген адам. «Ауыл академигі» атанған кейіпкеріміздің өнегелі өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі.

Алпаш еске алып отырған Кісенбай ақсақал туралы әңгімесін ең әсерлі сәттен бастады.
– Обкомның бірінші хатшысы Әріпбай Алыбаев ағамыз мінген жүрдек көліктерді біз кеңшардың шекарасынан күтіп алдық та, жайлау төсіне қарай тарттық. Сол тұста ердің жасы елуді еңсеріп қалған Әрекең өте бір ширақ, мемлекеттің жұмысына жанын салатын, жұрттан жауапкершілікті талап ететін адамды тек еңбегіне қарай бағалайтын, кісілігі мол, ешбір кеудемсоқтығы жоқ, қарамағындағыларға әділеттілікпен қарауға тырысатын азамат еді. Біз сияқты артынан ерген жастарға, елге қызмет етіп жүрген әріптестеріне, жалпы, жас мамандарға Әрекеңнің шарапаты көп тигенін атап өтпесем болмас.
Сол жолғы Әрекеңмен сапарлас болған аудан басшыларының ішінде аудандық атқару комитетінің басшысы Сәкен Жуандықов пен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Асылмұрат Тұрғанбековтің болғаны есімде бар. Сөз реті кеп тұрғанда айта кетейін, Асекең жоғары білімді зоотехник, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, кейінірек Талдықорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Одан беріде Жоғарғы Кеңес депутаты, Талдықорған облысы басшысының бірінші орынбасары тәрізді үлкен лауазымды қызметтерді атқарды. Ал, зейнетке шыққанға дейінгі соңғы жылдары Алматы қаласының жер мекемесінде басшылық қызметте болды. Асекеңмен төрт-бес жылдай қоян-қолтық жұмыс істедік қой.

Жайлау төрінде жиналған малшылар қауымына жақындай бере Әрекең мінген көлік кілт тоқтады. Біз де тоқтай қалып, жапатармағай көліктен түстік. Асықпай, сабырлы қалыппен көліктен түскен облыстың бірінші басшысы айналасына байыппен қарап, ойлы жүзбен көкжиекке көз тікті. Біз де үлкен кісінің алдын кеспей, ойын бөлмей бір мезет кідірдік. Осы мезетте «не ойлап тұр екен, облыс шаруашылығы жайлы толғанысқа түсті ме?» деп өзімізше долбарлап қоямыз. Ол артық еті жоқ, шымыр денесімен көпшілікке бұрылғасын ширақ басып, малшыларға жақындай түсті де бас изеп сәлемдесіп, амандық-саулық сұраса бастады. Мен шаруашылықтың партия ұйымының басшысы ретінде Әрекеңнің қасында жүріп, әр шопанды қысқаша таныс- тырып, шынайы құрмет айтумен бірге жіберген қателік-кемшілігіне де тоқталдым. Әрекең маған мойнын бұрып: «Азамат екенсің. Сендей іскер азаматтар жерде шашылып жатқан жоқ. Жарайсың!», – деп мақтап, ойын түйіндей бергенде кенеттен саңқ ете қалған дауысқа жалт қарады. Менің ішім қылп ете қалды.

Топ ішінен суырыла шыққан жасы үлкен шопанымыз Кісенбай аға бас киімін қамшының ұшымен көтеріп қойып:
– «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөз бар қазақ- та, – деп жөткірініп қойды. – Жыл қорытындысы жаман емес. Әсілі, әр жылдың малшыларға шашар шуағы бар. Марапат алмаған әріптестерім келер жылы етек-жеңін жиып, еңбегін еселей түсер. Алпаш та аянып қалмас. Табанды, талапшыл партия хатшысы көпшіліктің алдында кейбіреулердің мінін айтып, қызарта қойған жоқ. Әлбетте, басшылардың алдында уәде бергенде сөзбен көмбей, ісіміздің нақты нәтижесін алға тарталық. Атам қазақтың ежелден айтып келе жатқан «мал – баққанға бітеді» деген ұлағатын ұмытпайық, әріптестер.

Жарықтық қой малы тез өседі ғой. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген. Осыдан бес-алты жыл бұрын барлық мал қыстың қатты борандарына шыдай алмай қырылып, қойшылардың көбі шырылдап, қу таяқтарын ұстап қалған кездері болғанын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Сол уақытта үкімет амалын тауып, жекеменшіктен мал жиды, екі-үш жыл етке өткізген жоқ. Әйтеуір, осындай әдістерді қолданып, үш-төрт жылда мал басын қайтадан қалпына келтірді. Сол секілді, жоғары жақ қолға алса, шаруаның іске асуы қазір-ақ.

Жерді де пайдаланудың жөні бар. Күнгейге малды әлі жаюға болмайды. Өйткен себебі, көк қуалап, қой азады. Оны қойдың құмалағынан байқау аса қиын емес. Қойдың құмалағы жартыкештеніп түседі. Теріскейдің ескі шөбі белуардан, ол тойымды болады. Ал, тойымды қойдың құмалағы домаланып, толық күйінде түседі. Сай сағасында ерімеген қар жатыр әлі. Оған малды әсте жолатпаңдар, өйткені, оның құрты бар. Ол өте зиян. Не көп бізде, сулы сайлар жеткілікті. Мөлдір бұлақтарға суғарсаңыз, тіптен тамаша.

Жайылымда жүрген малдың іші кеуіп немесе желіні қатып қалса, бірден көмек көрсетпесе, өліп кетеді. Сол үшін малшыларға малды емдеуге қажетті құралдардың қол астында болуы шарт. Мәселен, саулық қоздағанда желінсау ауруына шалдығады. Сондайда істікпен тез шаншымаса, желіні ісініп, тіпті, малдың өліп кетуі де мүмкін. Қылтықтарын немесе құрттарын алатын қысқаштар да қажет. Ал, «троакар» деген ине секілді зат қойдың іші кебуінен құтқарады. Көктемде жаңбырдан кейінгі шығатын шөптерді жеген малдың іші ісініп, кеуіп, құлап қалады емес пе? Мал байғұс демала алмай өкпесі, жүрегі қысылады. Сол кезде осы инені аш бүйірден тығып алса, малдың ішіндегі ауа сыртқа шығып, ауруынан айығып кетеді, – деп келелі істің тетігін шешкендей болды.

Кісенбай ағаның аузынан шыққан «троакар» деген сөзге таңданбасқа лажым қалмады. Троакардың ветеринарияда қолданылатынын білемін ғой. Бірақ, қарапайым қойшының оны күнделікті өмірде көзбен көріп, қолмен ұстап жүрген дүниедей жайбарақат айтқаны еріксіз таңғалдырды. Жалғыз мен ғана емес, обкомның бірінші хатшысы да, аудан басшылары да оның сөйлеген сөзіне тәнті боп тұрғаны байқалды.

– Қой қорадағы күңкілдеріңді күншілдікке жалғас- тырмай мақсатты да, ізгі істеріңнің мерейін тасытыңдар, – деп, өзінің әңгімесін ұйып тыңдаған әріптес- теріне арнаған сөзін ұрандата аяқтады Кісенбай аға.

Облыс басшысы оның ойындағысын орнықты түрде жеткізген сөзіне риза кейіппен басын изеп қойып, көпшілікке қарап:

– Жылдың төрт мезгілінде де тыным таппай, маңдайы күнге күйіп, табаны тасқа тиіп, тер төгетін нағыз мал бағушы еңбеккерлердің, мына сіздердің еңбектеріңіз қашанда ерен, – деді көтеріңкі дауыспен. – Ал, дала өрісіндегі шаруалардың өмірі жылжыған жылдармен жалғаса берері сөзсіз. Бірақ, төккен тер, нағыз қайнаған қызу жұмыстың басы-қасында өткен әрбір сәт ұмытыла қоймасы да белгілі. Қызу еңбектің басында өткен әр күндеріңіз қарбаласқа толы. Бейнеті мен қиындығы көп жұмыс қой, әрине. Үкімет пен партия малшының алдына басты мақсат қойған. Ол – мал басын шығынға бермей, өз төлімен өсіру. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Біліп қана қоймай «мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп дана халқымыз тауып айтқандай, әр жылдың қорытындысында өнімді артығымен орындап, мал басын аман сақтағаныңыз үшін кейбіріңіз ауыспалы Қызыл Туды еншілеп отырсыз. Бұл – партия ұйымының басшысы Алпаш жолдас, сіздің де басқару жүйеңіздің жетістігі, – деп малшы қауымның мерейін өсіріп қойды.
– Кісі сүйсінетін көп әңгіме айтылды. Жаңа сөйлеген ағамыз үлкен парасат иесі ғана емес, ауыл академигі ғой. Ойлаңызшы, жұрт оқып академик болса, бұл кісі оқымай-ақ академик, – деді.
– Дәл айттыңыз, біздің Кәкең іштен оқып туған кісі ғой, – деді Кісенбай ағаның бөлімше басқарушы Тоқтамыс деген құрдасы өзімсініп.
– Рас, рас, – десті басқа қойшылар да, бас изесіп.
Осыдан кейін обкомның бірінші хатшысы жарқын жүзбен жиналған малшылар қауымына алғысын білдіріп қош айтысты да, көлігіне қарай беттеді.
Алпаштың мазмұнды әңгімесін ой елегінен өткізіп отырған мен:
– Алпеке, жаңылмасам, Әріпбай Алыбаев осы Талдықорған облысынан кейін Ет және сүт өнеркәсібі министрі болған жоқ па? – деп сұрадым.
– Дұрыс айтасыз, Әрекең біздің облысты алты жылдай басқарып, кейін зейнеткерлікке шыққанға дейін еліміздің Ет және сүт өнеркәсібі министрі болып үлкен лауазымды қызмет атқарды, – деді Алпаш өзінің тәлімгерін мақтан тұтып. – Бірақ, дербес зейнеткерлік демалысқа шыққасын да оның үлкен ғалымдық әрі ұйымдастырушылық, басшылық қабілетін ескеріп, Қазақ шабындық-жайылым институтын басқаруға шақырды. Мен мысалға өзім білетін жайттарды ғана айтайын. Әріпбай аға Талдықорған облысын басқарып тұрғанда Панфилов ауданында мал тұқымын асылдандыру ісін қолға алып, шаруашылықтарда қой бордақылау кешендерін салғызып, істің нәтижелі жүргізілуін тікелей өз бақылауында ұстаған-ды. Осы аудандағы екі мәрте Еңбек Ері Николай Головацкий басқарған «Октябрьдің 40 жылдығы» ұжымшарында ұйымдасқан «Армандастар» жастар бригадасында бордақыға қойылған қой саны жүз мыңға жеткен.
– Ә, оны білем ғой, – деп іліп әкеттім мен. – «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеген кезімде Головацкийдің ұжымшарында болып, репортаж жасаған едім. Расында да, Әріпбай ағаның ғылыми еңбегі де ұшан-теңіз ғой. Мен ол кісі Қазақ шабындық-жайылым институтын басқарып отырған кезде өзімен талай сұқбаттасқанмын.

Ендігі айтайын дегенім, Әріпбай ағаның әлгі айтқан «ауыл академигі» деген сөзі көптен бері әдеби қолданысқа айналып кетті ғой. Осы тіркесті «кім шығарған, кімге арнаған сөз екен?» деп жиі ойға түсуші едім. «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» деген Абайдың әйгілі сөзін өз ыңғайыма бұрып алып, «осы жұрт «ауыл академигі» атанған Кісенбайды біле ме екен? Оған бұл атақты өзі алғаш ойдан шығарып берген Әріпбай Алыбаев екенін біле ме екен?» деп толғанып отырған жайым бар.
– Иә, бұл толғанатындай-ақ жайт, – деп басын шұлғыды Алпаш. – Мен сізге тағы бір қызығын айтайын. Арада көп жылдар өткенде, Кісенбай ағамен әңгімелесіп отырғанымызда, сөзден сөз шығып, Әріпбай ағаны еске түсірдік. Осы тұста Кісенбай ағаның жады өте күшті болғанын, өзі естіген-көрген әлдебір оқиғаның сол қалпында бүге-шүгесіне дейін айтып бере алатын айрықша қабілетін атап өтуім керек.
Әрекеңмен алғашқы кездесуді еске түсіріп отырған ол:
– Әріпбай құрдасым осыдан біраз уақыт бұрын біздің үйде қонақта болды, – деді жайбарақат.
– Қойыңызшы?! – деппін ғой мен. Қатты таңғалғаннан аузымнан еріксіз шығып кетсе керек.
– Оның несіне таңғаласың? – деді ол шамырқанғандай.
– Жұмысбасты кісі сізді қалай іздеп келіп жүр дегенім ғой, – деп жуып-шайғандай болдым сасқанымнан.
– Жұмысбасты кісі де жұмыр басты пенде ғой, менде бір жұмысы бар болғаннан кейін іздеп келген, онда тұрған не бар? – деді Кісенбай аға күліп. Сосын байсалды қалыппен:
– Екеуміз жақынырақ танысып, жөн сұрасып, ұзақ-ұзақ әңгімелестік, – деп сөзін жалғастырды. – Қанипаның қонақжай көңілмен, шипалы қолмен жайған дастарқан мәзіріне көңілі толып, жақсылап ауқаттанған соң Әрекең батасын беріп, қал-жағдай, мал жайын біліп асықпай отырып жөн сұрасты. Мен өзім қырық жылдан астам уақыт ұстаған Шопан атаның құтты таяғын ұлым Асхатқа тапсырғанымды айттым. Оның біраз жыл қасымда көмекші болған кезінде неше жыл қатарынан «социалистік жарыстың жеңімпазы» болғанымды жеткіздім. Ол сәл кідіріп екеуміздің түйдей құрдас екенімізді іштей есептеп білді де: «Сіз деп несіне сызыламыз, Кәке? Кәнеки, сырлас адамдардай сенге көшейік, мен сені сынағалы келген жоқпын, сыр бөлісуге келдім», – деді ағынан жарылып. Оның тез тіл табысуға септігі тиер деген осы ойын құп көріп, мен де сенге көштім.
– Әреке, сен де зейнеткерлік демалысқа шыққан боларсың? – деп сұрап едім, басын әнтек изеп:
– Иә, дербес зейнеткерлік демалысқа шықтым ғой. Бірақ, Димекең мені шақырып алып: «Әріпбай, сенің әлі күш-қайратың бар. Мен саған дәл осы сәттен бастап Қазақ шабындық-жайылым институтын басқаруды тапсырамын, қалай қарайсың?» – деп сұрады. «Сенім артсаңыз болды», – деп нық жауап бердім, – деді.
– «Еңбегіне қарай – құрметі» демекші, Димекең сенің ұзақ жыл қалтқысыз жұмыс істегеніңді бағалап, сенім артқан ғой. Қызметің құтты болсын, Әреке! – деп оны жаңа қызметімен құттықтап, қолын қысып едім, ризалық кейіппен алғысын білдірді.
– Әсілі, Димекең маған ширек ғасырдан астам уақыт бұрын сенім артқан десем, дұрысырақ болады, – деді Әрекең ойлы жүзбен. – Әсіресе, менің Павлодар облыстық партия ұйымының екінші хатшысы қызметіне бекігеннен кейінгі тұста еңбекке білек сыбана кіріскенім – өзім үшін орны бөлек тарихтай көрінеді. Өйткені, ол кез Павлодар облысында топырақты жел суырып (эрозияға ұшырап), бүкіл облысты шаң басып, экономикасы құлдырап, тың игерушілер кете бастаған тағдыршешті уақыт еді. Димекең сонда менің келісімімді сұрамай-ақ бірден Орталық Комитет бюросының қаулысын шығарып, үлкен жауапкершілік артты. Сол сәттен бастап эрозия күні-түні миымнан шықпай, осы мәселені зерттеген ғылыми әдебиетті түгел қопарып шықтым. Эрозияға қарсы күресте дүниежүзілік тәжірибені ескеріп, нақтырақ айтқанда, отызыншы жылдардағы Канаданың тәсілін зерделей үйреніп, оны облыстың жағдайында іске асырдым. Шортандыдағы Астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе отырып біраз шаруа тындырдым. Сөйтіп, бес-алты жылдың ішінде топырақ эрозиясын тоқтатуға қол жеткіздік. Димекең Павлодар облысына 1967 жылдың көктемінде келді. Сонда оның басты көңіл аударғаны топырақ эрозиясының мәселесі болды. Бұл кезде облыста жеңіл өнеркәсіп те, ауыр өнеркәсіп те әжептәуір дамып қалған. Бірақ, Димекең өнеркәсіпке назар аудармай, эрозия болған аудан мен шаруашылықтарды түгел аралап шығып, канадалық тәжірибенің нақты өндірістік тәжірибеге айналғанын көзімен көрді.
– Әреке, сен өзіңнің кандидаттық диссертацияңды осы эрозия бойынша қорғап па едің? – деп сұрадым мен қызығушылық танытып.
– Жоқ, Кәке, – деп басын шайқады ол. – Қой шаруашылығы бойынша қорғадым. Нақтылай түссем, менің диссертациямның орысша тақырыбы – «Некоторые вопросы системы овцеводства Павлодарской области». Бір қызығы, жұрттың көбі менің ғылыми ізденістерімді егін шаруашылығымен тығыз байланыстырады. Мұндай жаңсақ пікірдің туындауына менің Шығыс Қазақтан облысында екінші хатшы болғанымда көтерген тың бастамаларым әсер еткен болуы керек. Сол тұста мен Министрлер Кеңесінің төрағасы Мәсімхан Бейсе- баевқа: «Қант қызылшасының жоспарын шығыстан алып, басқа облысқа берсе, Шығыс Қазақстан өзіне керегінше күнбағыс дәнін өсірер еді, соған мамандандыруға екі-үш ауданды бөлер едік», – деп ұсыныс жасағам-ды. Көп ұзамай-ақ бұл пікір жоспарлау комитетіне жетіп, оның арнайы қызметкерлері облысқа келіп, зерттеп, менің айтқанымды орынды деген байлам жасады. Содан кейін Үкімет шешімімен Шығыс Қазақстан облысынан қант қызылшасының жоспарын алып, оның орнына күнбағыс өсіру жүктелді. Сондағы май зауыты жыл бойы жұмыс істейтін дәрежеге жетті. Осылайша, мәселе оңтайлы шешімін тапты.
– Бәрекелді, Әреке! Мұның құптарлық екен. Осының өзі диссертацияға бергісіз ғылыми ізденіс емес пе? – дедім мен сүйсініп.
Әріпбай қойын дәптері мен қаламын шығарып:
– Кәке, осыдан он жылдан астам бұрынғы жиында сөйлеген сөздеріңнің әсері көкейімнен кетпейді, – деп жөткірінді. – «Қойшы болу – қой соңында салпақтау емес» дегенді ұқтырғандайсың. Байқағаным, атакәсіптің қыр-сырын баяндағанда арқаланып кетеді екенсің. Шопан атаның құтты таяғын ұстаған, бар ырыс-несібесін момақан қойдан тапқан жансың ғой. Саған сол кезде ауыл академигі деп ат қоюым тегін емес. Малды күтіп, бағуға қандай бір өзгерістер енгізуге болатыны жөнінде өзіңмен бір оңашада пікірлескім келіп еді. Сені іздеп келгендегі бұйымтайым осы.
– Апырай, Әреке, сен менен шын академик жасағың келе ме? – деп әзілдедім мен.
– Академикті жасамайды, академик боп туады, – деп күлді ол.
Содан кейін мен байыпты түрде білгенімді баяндай бастадым, ол болса кейбір нәрселерді қойын дәптеріне түртіп алып отырды. Арасында ол аты шыққан шопандардың тәжірибесінен мысал келтіріп қояды. Бір қызығы, олардың кейбірін біз тәжірибемізде қолданып жүрген болып шықтық. Атап айтқанда, бұрынғының шаруалары бекіткен «қой қыста су ішсе, көк ішек болып ауруға шалдығады» деген қағиданы бұзып, қыста құнарлы шөп пен жем жеген малдың шөлдегіш келетінін бұрыннан-ақ білетінбіз.

Кісенбай ағаның әңгімесін аузым ашыла тыңдап отырған мен:
– Пәлі, аға, мен Әрекең екеуіңізді жаңа қырла- рыңыздан танығандай боп отырмын, – дедім тамсанып.
– Мен де Әріпбай құрдасымның ашық, ақжарқын мінезіне, кісімсуді білмейтін қарапайымдылығына тәнті болдым, – деп түйіндеді ол.
– Әріпбай ағаның түрі сұсты болып көрінгенімен кісімен сөйлескенде жайдары, жарқын жан екені аңғарылады, рас, – деп сөзге қосылды Асқат. – Мен кейін оның «Замана толғауы» атты кітабын жата-жастана оқып, терең ойларына тамсандым. Әкем екеуінің оңашада айтқан әңгімесіне куә болсам да, айтқан сөздерін ести алмадым, әрине. Бірақ, екеуінің жарқылдай күлісіп отырғанын байқап, жарасып отырғанына қызыға қарадым.

Мен ағалы-інілідей сыйласатын Алпаш пен Асқаттың нұрлы жүздеріне барлай қарап отырып, бір сәт ойға батып кеттім. «Өмір жолында күтпеген кездесулер бола береді екен, ә? Күні кеше ғана осы бір ғажап жандардың шаңырағының астында емен-жарқын әңгіме болады деп ойлаппын ба?».
Өзін Алпашпын деп таныстырған сәттен-ақ жүзінен шуақ шашқан жігіт ағасы ел жайлы, ауыл жайлы толғай тартты. Табалдырығын алғаш аттаған мен сыр- лы әңгімені сүйсіне тыңдап, беймәлім азаматтардың абыройлы тіршілігіне қанық бола бастадым.
Ағынан жарылған Асхат:
– Аға, міне, үйге түсіңіз, – деп жан-жүрегімен кісіге құрметі бар екенін білдіріп жатыр.
– Жоқ, Асхат, қонағыңды қолқа салып, мен сұрайын. Кісенбай әкең – менің де әкем. Сырлас ақылшым еді ғой, – деп Алпаш маған табалдырығын аттаттырды.
Отбасы аман-саулық сұрап, ескі таныстарындай төр ұсынып, қазақтың ежелгі дәстүрімен ұл-қыздары құрақ ұшып жүр.
– Иә, айтса айтқандай, Асхат, Кісенбай әкең өмір-бақи малшы болып, еңбек демалысына бір-ақ шықты, – деп еске алды Алпаш. – «Ақыл ауысады, ырыс жұғысады» демекші, Кісенбай аға мал шаруашылығының аса білгірі еді. Ұшан-теңіз ойының түбіне жету мүмкін емес. Аудан, облыс басшылары келгенде, сол азаматтармен терезесі тең кісідей тілдесетін. Әңгіме сарынын елдің тұрмыс-тіршілігімен жалғастырып, өз басындағы мәселелер емес, ел мәселелерін, сол ауылдың тіршілігін жүйелеп жеткізіп, олқылықтарды түзеуге басшылардың алдына мәселе етіп қоятын. Себебі, ол кісінің баққан малында бір мін жоқ. Сөзіне берік, мал басы күйлі. Ол кезде жоспар бойынша жүз қойдан жүз қозы деген бар. Жүн қырқудан да жүлделі. Бағуы жақсы қой қашанда өнімді…
Әлқиссасы осылай басталған таныстық бірте-бірте туыстыққа айналып бара жатқандай.
– Бірде Кісенбай аға мені мынадай оқыс сұрағымен таңғалдырды, – деп жалғастырды Алпаш. – Мен тіпті оның әдебиетті, поэзияны осыншалықты терең түсінеді деп ойлаған да жоқпын.
– Алпаш, сен Еркін Ібітановтың «Қойшылар» атты поэмасы не туралы екенін білесің бе? – деп сұрады ол маған сынай қарап.
– Аға, поэманың өз аты да айтып тұрған жоқ па? Қойшылар туралы поэма ғой, – деп риясыз күлдім мен, тіптен ойымда ештеңе жоқ.
– Жоқ, – деп кесіп айтты ол турашыл мінезіне салып. Бұл – әсте қойшылар туралы жазылған жеңіл-желпі шығарма емес. Біле-білсең, бұл – қазақтың ұлттық өмірін сыр ғып шерткен үлкен толғаныс. Төрт түлік малды кәсіп еткен елдің кешегісі мен бүгінгісін көз алдыңызға елестетіп отырып, терең ой түйеді. Ата, әке, бала деп аталатын үш ұрпақтың сипатын ақындық шеберлікпен бейнелейді. Міне, қара, ақын ата ұрпақ туралы былай дейді:

Ол менің үлкен атам, қайран бабам!
Жотасында билеуші тайраңдаған.
Сөйтіп жүріп бейшара, қараңызшы,
Мендей ұрпақ қалдырды (қайран қалам!), – деп, қилы-қилы қыспаққа ұрынған бабалар толқынының ортақ бейнесін көз алдымызға келтіреді.
Ал, одан кейін келген әке ұрпақ енді басқа кезеңнің, басқа заманның адамына айналды. Бірақ, сонда да «ата көріп, оқ жонғанын» тастаған жоқ. Шопан атанды. Сондай-ақ, әке – Ұлы Отан соғысына қатысып, адамзатты қанқұйлы фашизмнен қорғаған жеңімпаз солдат. Бұл енді – еліміздегі әрбір отбасыны айналып өтпеген қасірет десек те болады. Солай емес пе?

Поэманың соңғы бөлімі «Өзім» деп аталғанымен мұнда сөз ақынның жеке өз басы туралы емес, бала ұрпақ туралы болып отыр. «Минут сайын есейген алыптаймын» деп толғанады поэма кейіпкері.

Енді ойымды түйіндейін. Еркін ақын поэмада қазақ баласына «оқыма, тоқыма, тек қой бағып өт, мал соңында салпақтап тіршілік ет, қойшылықты ғана арманда» деп ақыл айтып отырған жоқ. Ол «өзгерудің, өркендеудің қандай дамуларын басыңнан өткізсең де, атадан қалған кәсіптің қадіріне жет, пайдасын көр, соның киесін сезін» деп отыр.

Егер астарындағы сырды ұғар болсаң, ақын бүгінгі ұрпаққа көп нәрсені айтып, ескерткен. Поэманың ең басты құндылығы да осында емес пе? Яғни, автордың нені қозғап, нені таңдағанында емес, ақынның ақындығын таныта алған ерекшелігінде.
– Аға, сіз бейне бір әдеби сыншы ретінде талдап отырсыз ғой, – дедім мен. – Мен бұлайша терең талдай алмас та едім. Бір білерім, «Қойшылар» поэмасы әдебиет оқулығына қазақ поэзиясының таңдаулы шығармасының бірі ретінде енді. Іле-шала «Қойшылар» деп аталған жыр жинағы жарық көріп, ол қолдан қолға ауысып, кітап сөресінде тұрмай, қалың жұртты аралап кетті. «Қойшылар» поэмасын сіз сияқты жатқа айтатын оқырмандар пайда болды. Ақын үшін бұдан артық қуаныш, бұдан артық бақыт бар ма?!
– Дұрыс айтасың, Алпаш, кез келген қаламгер үшін оқырмандардың ыстық ықыласына бөленуден артық дәреже жоқ. Одан артық сыйлық жоқ. Өйткені, олар кімнің жырын ұнатса – сол ақын, кімнің әңгімесін ұнатса – сол жазушы. Оқырмандар ешқашан алданбайды. Әсілі, оқырманды сендіру, оқырманды көндіру деген дүниедегі ең қиын шаруа болса керек, – деп ойын түйіндеді Кісенбай аға.
Осыдан кейін мен «Қойшылар» атты поэманы кітап- ханада отырып оқып, аға айтқан пікірді ой елегінен өткізіп, іштей оның дұрыстығын мойындадым.
Асқат күлімсірей түсіп, әкесі туралы естелік айтуға кіріскенде зейін қойып, құлақ түрдік.
– Алпаш аға, әкемнің көп оқитыны рас, – деді ол басын шұлғып. – Ол қоржынына әркез бір кітап, не болмаса, бір қалың жорнал салып жүретін. Жылда қазақшасы бар, орысшасы бар, неше түрлі газет-жорналдарды қап-қабымен жаздырып алушы еді. Қазақша «Жұлдыз» жорналын айтпағанда, «Огонёк», «Наука и жизнь», «Знание – сила» деген орысша жорналдарды сүйіп оқитын. Одан басқа, ай сайын келіп тұратын автолавкадан алдымен сұрайтыны кітап еді. Бізге де ылғи «кітап оқыңдар, балаларым, кітап – жан азығы, жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей» деп ақыл айтып отыратын.
Осы сәтте Асхат:
– Алпаш аға, мен енді сізге де қатысты бір оқиғаны әңгімелеп берейін, – деді жылы жымиып. – «Кісенбай аға, жуырда Талдықорған қаласында Жетісу өлкесінің жақсысы мен жайсаңдары бас қосқан салтанатты жиыны өтеді. Естуімше, Олжас Сүлейменов бастаған нар тұлғалар қатысады. Сол кездесуде сізге де сөз бері- леді», – деді партия жетекшісі Алпаш Беков.
– Әзірмін, айналайын. Тұрсынов облыс басшысы болып келгелі үлкен арбаның доңғалағы шиқылдамай, сықырламай, өрге тартып келеді. Барсам, барайын. «Жақсыны көрмекке» деген. Реті келсе, қол алысып, танысқанға не жетсін, – деп әкем шалқи сөйледі.
Дәл сол мезетте обкомға бірінші хатшы боп келген Сағынбек Тұрсынов жар құлағы жастыққа тимей, әр шаруашылыққа бір төбе көрсетіп тыным таппай, белсене іске кіріскен-тұғын. Ауылдың кемшіліктерін хатқа түсіріп, аудан, облыс көлемінде шешімін таппаса, республика басшыларына мәселе етіп қойып, батылдық танытқан басшы атанып жүрген кезі.
Әкем сол бір үлкен жиынды маған былайша суреттеп әңгімелеген еді.
– Салтанатты кездесудің төріне шықтым. «А, еңбегім, жарылқай гөр», – деп іштей өзіме-өзім разымын. Өз басым өмірімде көрмеген небір академик, доктор, қоғам қайраткерлерінің аты аталғанда, қатар отырып, «өзім де бекер адам емеспін-ау» деп масаттанып, «жұрт көзіне көрінбесе де, қарапайым ғана, бірақ, нағыз еңбек жеткізеді-ау» деген сеніммен тұжырым жасадым. «Мыналар да еңбектің арқасында жеткен адамдар-ау», – деп бір ойға түйіп қойдым. Тұрсынов сөйлегенде, жұрт тына қалды. Ол майда сөйлеп, істелген шаруаларды тізбектей атап өтіп, алдағы асып өтер бел-белестерге тоқтады. Сол мақсаттарды жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етіп жүрген небір майталман малшыларды атап өтіп, «Бижанов Кісенбай» деп менің де аты-жөнімді айтқанда, «жарайсыз, аға» деп қолымды алған басшым Алпаштың жанарынан шуақ отын көрдім.

Өзіме сөз бергенде мінберге жеткенше неден бастап, немен аяқтауды көкейге түйдім. Әншейінде ауылдастарымның маған «сөзге шешенсің, не нәрсені айтсаң да, жүйелеп айтасың» дегендері рас болса, сөйлеп көрейін деп жан-жағыма көз салдым. Менен бұрын сөйлеген кісілер қағазға қарап шұқшиған. Қағазсыз шыққан мен қалың жұртқа тіке қарағанымда сарай іші тына қалды. Ел игілігі үшін атсалысып жүрген азаматтардың ісіне жеміс тілей отырып, еңбекші, малшы қауымына «еліміздің, мемлекетіміздің жолына гүл шашылсын» деген ақ тілекпен сөзімді аяқтағанда, бүкіл зал орнынан тұрып, дуылдай қол соқты. Масаттанып, мастанып, мейірленіп те қалдым. Орныма қайтып келгенімде көрші отырғандар қолымды алып жатты. Жиыннан кейін облыс басшысы Сағынбек Тұрсынов:
– Кәке, өте жақсы айттыңыз. Жайлауыңыз қай жерде? Уақыт тауып, арнайы барамын, – деді.
– Жайлауым Ақтастыдан жоғары, ауылдастарым Кісенбай жайлауы деп атап кеткен жер. Жаз жайлау жайлы қонысым сонда, келіңіз, құшақ жая қарсы алам, – деп сөзімнің соңын өлеңдетіп жібердім.

Шешетін көңіл байлауын,
Жайлауым, ай-хой, жайлауым!
Шыңғырған құлын желіде
Кете алмай үзіп байлауын.

Тұрсыновтың қатарында оның орынбасары Ибрагим Түктібаев, Олжас Сүлейменов пен тағы бір бейтаныс кісілер тұрған.
– Шіркін, Қазақстанның малшылары мына сіздің деңгейіңізде болса, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың «қой басын елу миллионға жеткіземіз» деген ұлы бастамасы жуық жылдарда орындалар еді-ау, – деді Ибрагим дән ризалықпен қолымды қысып тұрып.
– Великая наша степь должна гордиться своими героями, – деді Олжас асқақтата сөйлеп. Айдарымнан жел есіп, оларға алғысымды білдірдім.
– Әсілі, Кісенбай аға өзінің жаз жайлауындай жаны жайдары, кең, қолы ашық, жомарт кісі еді, – деп қосты Алпаш. – Бірде «қой санаймыз» деп басшылар келгенде ол қонақжайлығын танытып: «Қонағым болыңдар, қой сойып берейін», – дейді ғой. Сөйтсе, басшылардың бірі: «Қойыңды қашан сойып үлгересің?» – деп сұрайды. «Он үш минөтте», – десе, «өй, қоя ғой, ол мүмкін емес», – деп сенбейді. Сонда Кәкең: «Ал, сағаттарыңа қараң- дар», – деп, он екі минөтте сойып, қазанға салғы- зады ғой.
– Қой санау демекші, әкем мал басын бесеуден санайтын, – деді Асхат әкесінің ерекше бір қасиетін еске алып. – Бірде қой санақшылар оны сынап көрейік деп он қойды бөліп алып қалды да санаттырды. Қой өтіп болғанда: «Асқат, он қойың жетпейді», – деді әкем дауыстап. «Ой, пәлі-ай, сізді бір жаңылтпақшы боп бөлек алып қалып едік, есепке жүйрік екенсіз», – деп, жағасын ұстады әлгілер. Ол ол ма, әкем мал танығыш еді. Біреудің малы қосылып кетсе, бөтен екенін бірден танып, иесіне қайтарып беретін.
– Кәкеңнің үлкен тұлғасы қалыпқа құйғандай, күрессе кез келгенді алып ұратын балуан еді ғой, – деп жалғастыра түсті Алпаш. – Ауылдастары «біздің Қажымұқан» деп орынды мақтаныш тұтатын. Оразиман есімді қатты қалжыңдасатын құрдасы бар еді. Бірде сол: «Әй, Қажымұқаным, бір табақ ет жеуге шамаң келе ме?» – деп тиісті. «Бір табағың не, мен бір қойдың етін жеймін», – дейді Кәкең. Содан екеуі бәстесіп, Оразиман бір семіз тоқтысын сойып, асып береді. Кәкең етті қырғызша туратып, қос қолдап асап жеп, бір өзі бір қойдың етін тауысқанда, құрдасының көзі атыздай болады. Артынша Кәкең көлшік суға барып түскенде, судың беті бір елі боп майланып шыға келіпті.
Алпаш естелікке еліте түсіп:
– Ағаның бидай өңінен шуақ шашылғандай нұрлы, – деді ойлы жүзбен. – Ат үстінде асауға құрық салуға әзір жас адамдай қомды, қарулы. Ауылға барып қайтуға мінетін есік пен төрдей қарақасқасы жаңа үйретілген асаудай ауыздығымен алысқан сергек арғымақ. Тақымын қысса, қашқан киікті іліп әкететіндей пәрменді. Тоқтамыс құрдасы «Кісенбай іші пысып, күздекте серке соямын, жалғыз келме деп кетті» деді.
– Алпаш, қалай қолыңыз тисе, жаубүйрек жеп қайталық, – деді бірде Тоқтамыс. – Үй арасы жақын, күн де бір шуағын шашып тұр. Жуырда-ақ табиғат өз дегенін істейді. Ертең келіңіз, Ақтастыда күтемін.
– Мал аралау ойымызда бар еді, жолға өзім де шығайын деп едім. Тек Кісенбайдың отарын емес, сол айналадағы бар малшыға атбұрамын, – деп ойымды білдірдім.
– Онда жақсы болды, – деді Тоқтамыс атын тебініп.
Ертесіне жолай қара жолдың шаңын шығарып, қара қасқа айғырын ауыздығымен алыстырып, ат үстінде қаршығадай қомданып отырған Кісенбай ағаны таныдық. Жолболсынды айтысып, мәре-сәре боп жатырмыз.
– Шілікті қыстауымды көріп келемін, – деді Кісенбай аға. – Қора-қопсымды жөнге салған. Қар жауары алыс емес. Рақмет басшыларға. Көңіл тоғайып, мал түссе, тойынатын жағдай баршылық. Ауыл малдарының тісі тимеген сай-сала бабында екен.
– Оны қоя қойыңыз, сіздің үйге келеміз, – дедім мен.
– Не деген жақсы жандарсыңдар! Семіз серкем қонағың қашан келеді деп маңырап тұр. Бөгелетін жайым жоқ. Не тұрыс, тарттық ендеше, – деп, қара қасқасын желдіртіп ала жөнелді.
Әкесі туралы жылы естелігін Асқат жалғастырды.
– Жер сұлулығы осында ғой, шіркін, – деп әсем суреттемеден бастады ол. – Қарағайы қыздың жүгіндей көз тартады. Су бойын жағалай өскен тал, қайың бұл өлкеге ерекше қызықтыртады. Малшылармен қатар әр-әр жерде еңбекқор омарташылар отырады. Олар да – жаз пейілінен масаттана бал сорған араларын мың бір гүлі бар алтынға бергісіз алқапқа жайып салып, мастанып отырғандар. Әкем бірде татар досын ертіп, көрші шопандарға қыс бойы жейтін балын беріп отырып, балдың құрамындағы әр тамшысы адам ағзасына қасиетті дәрі екенін айтудан жалықпайтын Наильдікіне барды.
– Нәке, бармысың? Ат үстінен ара таламасын деп сіркіреген жаңбырды күттік, – деді әкем. – Мына Гакив Галимович Хусаинов деген азамат – менің досым. Осы досыма жылда маған беретін балыңды беріп тұр.
– Аттан түссеңші, – деп назданды Наиль. – Әңгімеңді содан кейін айт. Сендер қанша кәпір десеңдер де қазақтың жоралғысы бойыма сіңген. Қазақ жерінің ауасын жұтам, суын ішем, жаздай балаларыңнан беріп жіберген қымыз ішем. Қызымды қазақ жігітіне тұрмысқа бердім. Өзіңді бас құдалыққа апардым. Сұрым келіспесе де мен де қазақпын. Сенің досың – менің досым. Кәне, аттан түсіңдер…
Сол Гакив Галимович әкеме бір қойын бағуға қосқан еді. Бір күні ол жап-жақсы қызметінен түсіп, көрші ауылға кетті. Үш жыл өткенде әкем оған үш қойын апарып бергенде таң-тамаша болып, әкемнің адалдығына, ақ көңілділігіне разы болғаны соншалық, көзіне жас үйіріліп:
– Сені бірге туған бауырым десем де болғандай. Кейбір жігіттер маған сәлем де бермейді. Көріп тұрып көрмегенсіп жанап өткенде жүрегім жылап қоя береді. Ал, сен болсаң мен ұмытып кеткен қойымды үш жылда үшеу ғып әкеп тұрсың, – деді.
Өмір өз ырғағымен өтіп жатты. Бір күні таң атпай Гакив Галимович келіп тұр.
– Кісенбай, үйге кіргізесің бе? Қанипаның шәйін ішуге келіп тұрмын. Қалай, мал-жаның аман ба? – деп сұрады.
– Опырай, ә? Қазақ сәлем бергенде, «мал-жан аман ба?» деп сұраудан бастаушы еді. Саған разымын, – деді әкем.
– Тұра тұр, рақметті кейін айтасың, – деп оның сөзін бөліп жіберді Гакив Галимович. – Біз әйеліміз екеуміз Теректідегі үйді саған қалдырсақ деп шештік. «Победа» ұжымшарына енді қайтып келмейміз. Қызмет бабымен ауданға ауысып бара жатырмын – деді.
– Әй, тамыр, олай болмайды, мен ақысын бе- рейін, – деп әкем алға ұмсына беріп еді, Гакив Галимович сөзін бөліп:
– Кісенбай, сенде бала-шаға баршылық. Үлкен ұлың Асқатты сол үйге кіргізіп қой. Соны түсін, тамыр, и никаких разговоров, – деп, кілт тоқтатты.
Әкем не айтарын білмей:
– Қанипаш, мына Гакивті құр шай беріп қайтармақпысың? Қазаныңды көтерсейші, – деді. Дауысындағы жүрек тебірентерлік аздаған діріл білініп-ақ қалды, – деп ұлы Асхат та бір күрсініп, сөзін түйіндеді.
Баласының сөзін жалғаған Алпаш үлкен істің түйінін тарқатты:
Биыл, құдай қаласа, Кісенбай атамыздың жүз жылдық мерейтойын, яки асын ауылдастары болып өткізсек деген ойдамыз, – деді жоспарымен бөлісіп. – Мен басқарма басшысы ретінде ауылдастарыма ақыл қосып едім, бәрі де қуана-қуана қолдады. Кісенбай ағаның ауылдағы балалары Асхат бастап, Қадиша, Күләнда, Хамитжан, Құралай, Гүлнар қостап, ақылдаса отырып, «бұл келелі әңгімені қаладағы бауырымыз Керімжанға жеткізейік, басқарма басшысы Алпаш ағаның ойын құптайтыны қақ» десті. Кісенбай аға осы үйелмелі-сүйелмелі он бала-шағасын асырап, оқытып-тоқытып, кісі санатына қосты ғой. Сөйтіп, осы хабар тиген Керімжан дереу жолға шығып, маған жолығуға асықты. Келе сала менімен пікірлесіп, кезінде күрделі жөндеуден өткізген ескі салтанат сарайының іші-сыртын қайта қалпына келтірді. Асыл атасының қара шаңырағына ие болып отырған немересі Ержанның үйін де жұртқа ұялмай көрсететіндей жөндеуге кірісіп кетті. Ауыл ажарына да көп көңіл бөлуге тырысты.
«Беу, шіркін, ауыл адамдары қанша дегенмен ұйымшыл ғой» деген ой келді маған. Сырттан барған соң бәріне назар аударып, көз салып, құлақ қойып жүресің. «Жақсы әкенің аты – балаға қырық жыл азық» дегендей, өзінің көзі кетсе де Кісенбай ақсақалдың аяулы есімі ауылда әлі де айрықша құрметпен аталатынына көзім жетті.

«Елдің атын ер шығарады» – дейді. Жаз – жайлау, қыс – қыстауда мал бағып, еңбекпен ер атанған Кісенбай қойшы бір ғана отбасының емес, бүтін ауылдың мақтанышына айналғаны кешегі қажырлы еңбегінің арқасы екені даусыз. Бүгінгі Мемлекет басшысының айтқаны да осындай еңбек адамын үлгі ету. Бұл тұрғыда Кісенбай Бижанов ауылға ғана емес, мұқым елге үлгі етерлік ЕҢБЕК АДАМЫ.

Жақыпжан Нұрғожаев,
жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері

Қатысты жаңалықтар

Ата Заңдағы референдум ұғымы мен атауына қатысты өзгерістер жасалды

Ата Заңдағы референдум ұғымы мен атауына қатысты өзгерістер жасалды

29.01.2026
Конституция мемлекеттік құрылыстың заманауи міндеттерін айқындайды

Конституция мемлекеттік құрылыстың заманауи міндеттерін айқындайды

29.01.2026
Конституцияның тікелей мақсаты – әділ ереже орнату, әділетті жүйе қалыптастыру

Конституцияның тікелей мақсаты – әділ ереже орнату, әділетті жүйе қалыптастыру

29.01.2026
Діннің мемлекеттен бөлінуі жаңа Конституцияда реттелетін болады

Діннің мемлекеттен бөлінуі жаңа Конституцияда реттелетін болады

29.01.2026
«Ауыл» партиясы тарихи реформаларды жүзеге асыруға дайын

«Ауыл» партиясы тарихи реформаларды жүзеге асыруға дайын

29.01.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.