Екінші дүниежүзілік соғыстың салған сойқанын адам баласы ұмытпайды. Бас көтерер ер-азамат топ-тобымен майданға алынып, Отан үшін отқа түсуге дайын тұрды. Қан майданға қасқая аттанған жауынгерлердің қатарында менің атам Мәлік Дүйсебаев та бар еді.
Бала күнімде керегеде ілулі тұрған орден, медальдарды көргенде бойымды мақтаныш кернейтін. Өйткені, әкемнің атам және бауырларының ерлігі жайлы әңгімелері көңілге қуаныш ұялатып, көкіректі шаттыққа толтыратын. 1941 жылы бір үйден ағайынды үш жігіт соғысқа алыныпты. Атамның өзінен кейінгі інісі Қанафия Дүйсебаев Алакөл өңірінен шыққан тұңғыш соғыс ұшқышы болып ерлік көрсетсе, кіші інісі Зияда Дүйсебаев Панфилов дивизиясының политругі қызметін абыроймен атқарған.
1902 жылы қазіргі Алакөл ауданы, Лепсі ауылында дүниеге келген атам Мәлік Дүйсебаев бастауыш біліммен Көкжар ауылының қоғамдық өміріне араласа жүріп, 1916–1930 жылдар аралығында әртүрлі жұмыс істеген. Одан кейін ұжымшар қызметкерлері мен басқарма төрағаларының қысқамерзімді курсын бітіріп, 1933-1935 жылдары Қарабұлақ ауылдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарған. Алакөл ауданы, «Көмек» ұжымшарында ферма меңгерушісі болған соң Алматы қаласына ауысып, партия қатарына өтеді. 1941 жылы қызмет бабымен өскен ауылы Жамбылға келіп, сол жылы әскер қатарына шақырылады.
Соғысқа бастан-аяқ артиллеристер полкінде зеңбірекші болып қатысқан атам «Батыс майданы», «3-ші Украин майданы», «2-ші Украин майданы», «2-ші Беларусь майданы», «Әскердің солтүстік тобы» деп аталған майдандардың алдыңғы шебіндегі соғыстарға куә болады. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, оқ пен оттың ортасындағы ерлігіне «Ерлігі үшін» медалімен, Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады. 1944 жылы екінші рет «Ерлігі үшін» медалін, 1945 жылы «Кенигсбергті алғаны үшін» медалін кеудесіне қадайды. Одан бөлек, «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің жиырма жылдығы» медальдарымен марапатталады. Сонымен қатар, жау қолында қалған Могилев, Шклов, Быхов, Гродно қалалары мен Асовец, Ломжа, Браунсберг қамалдарын, Днепр өзенін және Кенигсберг қаласының оңтүстік-батыс бөлігін неміс басқыншыларынан босатуға қатысқаны үшін әскери басшылықтан көптеген марапат пен алғысқа ие болған. 1945 жылы Жеңіс күніне орай Иосиф Сталиннің бұйрығымен атама «Алғыс» жарияланады. Онда атамның көрсеткен ерліктеріне мадақ айта келіп: «Қызыл алаңда Сіз үшін бес рет салют атылады», – деп жазылған. Сол Алғыс хатты достарыма көрсетіп, мәтінін өзім оқып бергенмін.
Ауылға аман-есен оралып, «Тастұма» кеңшарында басқарма төрағасы, «Победа» ұжымшарында ферма меңгерушісі болып соғыстан кейінгі қиын күндерде елдің еңсесін тіктеуге үлес қосқан атам зейнеткерлікке шыққанға дейін «Ворошилов» ұжымшарында бригадир болып қызмет атқарды. 1974 жылы қайтыс болған атам Мәлік Дүйсебаевтың адамгершілігін, азаматтығын, жақсылығын көргендер әңгімесінен тастаған емес. Мен де Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығына орай Отан үшін отқа түсіп, жалынды жастығын құрбан еткен атаммен мақтанып, бала-шағама үлгі-өнеге ретінде айтып отырамын.
Саян ДҮЙСЕБАЕВ,
облыстық прокуратураның
аға прокуроры





