Сенесіздер ме, Жанымхан Жаналтаймен сұхбаттасқанда жанарымнан аққан жасты тоқтата алмадым. Сөйлесіп отырып егілдім. Патшалық Ресейдің отарлау саясаты, кеңестік биліктің озбырлығына шыдамаған қазақ «Елім-айлап» Қытайға ауған еді. Ал Шығыс Түркістанды ежелден мекендеген қандастарымыз Қытай коммунистерінің қысымына шыдамай Барсакелмес атанған Гималайдан жаяу-жалпы өткен. Ондағысы – басқаға бодан болмау. Не болса да қиырдағы қандасына жетіп жығылу. Мұсылмандықтан айырылмау. Сөзім дәлелсіз болмасын деп мақаламды Жанымханнан естіген деректермен сабақтамақпын. Жанымхан бауырымыздың атасы – Жанымхан Тілеубайұлы Қытай Халық Республикасының құрамындағы Шығыс Түркістан республикасын құру үшін бас көтерген адам. 1946 жылы құрылған Шыңжаң Өлкелік үкіметінде Қаржы министрі болып қызмет атқарған. Жанымхан Тілеубайұлы 1946 – 1949 жылдары көптеген қағаз ақшаға төте әріппен қолын қойған. Бұл қазақ тарихында заманауи ақшада қолы болған тұңғыш Қаржы министрі.
Тақыр жерге шөп шықпайды. Біз сұхбаттасып отырған Жанымхан Жаналтайұлы сол Жанымханның шөбересі. Ол Стамбұлдағы Гүнешли ауданында туып-өскен. Англияда білім алған. Алматыдағы Қазақстан – Америка университетін IT мамандығы бойынша тамамдаған. Оқу бітірген соң «Самұрық – Қазына» холдингіне жұмысқа орналасып, онда 9 жыл қызмет атқарған. Кейіннен Астанадағы халықаралық қаржы орталығының ІТ бөлімін басқарады. Бүгінде Жанымханның Қазақстанда «Ozara Services» атты консалтингтік компаниясы бар. Қаржы орталығына клиенттер арқылы 500 миллион доллар актив тартылған. Бұл – ел экономикасына құйылған инвестиция. Осылайша қиырдағы қандасымыз Стамбұлда тұрып-ақ еліне пайдасын тигізіп жатыр.
«Қазақкент Алтай Дернегі» қауымдастығының басшысы Жанымхан Түркия қазақтарының үшінші буыны. Ол төртінші буынның қандастық қасиетін ұмытып кетпеуі үшін еңбектенуде. Стамбұлдағы қазақ жастарын жинап алып: «Сендерге футбол клубын ашып берейін бе, жоқ домбыра үйірмесін ашайын ба?», – деп сұрайды. Сонда қазақ жеріне табаны тиіп көрмеген Алаш ұрпақтары «Домбыра, домбыра» деп айқайлап жібереді. Бұған қуанған Жанымхан Гүнешли ауданының әкіміне барып, балаларды домбыраға үйрететін орын тауып беруін сұрайды. Аудан басшысы қазақ бауырының сөзін жерге қалдырмайды. Содан сабақты жүргізетін ұстаз тауып, балалардан «Домбыраларың бар ма?» деп сұрайды. Барлығы бар деп жауап береді. Ертеңінде балалар үйірмеге келгенде бір өреннің құшағындағы домбыраны көрген Жанымханның тамағына өксік тығылады. Ұл бала 1940 жылы Гималай асып барған бабасының ескі, қырық жамау домбырасын скотчтап, шашылып қалмасын деп кеудесіне қысып әкеліпті. Әлгіге қарап тұрып: «Барлығыңа домбыра тауып береміз. Әзірше осылай амалдай тұрыңдар. Қам жемеңдер. Сабақтан қалмаңдар», – деп тіліне оралған «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзді іштей қайталап, жанарына үйірілген жасты балаларға көрсетпеу үшін бұрылып кетеді.
Алтайдан шығып, мың өліп, мың тірілген қазақ 12 жыл жан алып-жан берісіп, көшіп-қонып жүрсе де домбыраны мұсылман еліне аман жеткізіпті. Одан балалары тағы 74 жыл қастерлеп, сақтаған. Жыламай көр. Жүрегің тас болса да егілесің. «Ішімнен «Жанымхан деген атым барда, кеудемде қазақтың қаны барда балаларға бір-бір домбыра әперемін деп түйіндім»,– дейді елжанды азамат. Балаларға дәріс беретін мұғалімге айлықты «Отандастар қоры» төлейді. Қазақтың елжанды, рухты қыз-жігіттері сатып алынатын домбыраға қаржы қарастырады. Содан Қазақстанға келіп, сапалы домбыра жасайтын адам іздейді. Оған Түркиядағы қазақ жастары хабарласып, Алматыда мықты домбыра шебері тұратынын айтады. Айтылған мекенжайға барса шебер Түркияда туып-өскен, домбыра жасайтын қазақ Өмір Қаяның шәкірті болып шығады. Тәуелсіздік алған соң атажұртқа қоныс аударып, домбыра жасаумен айналысқан Өмір аға шәкіртіне бар білгенін үйретіп кеткен екен. Түркия қазағынан тәлім алған шебер Стамбұл жастарына домбыра жасады. Шебер 120 мың теңге тұратын домбыраны жарты бағасына берді. Бұлар 40 домбыраға тапсырыс бергенімен 80 күмбірлеген домбыра Түркиядағы қазақ балаларының қолына тиеді. «Қазақстанды көрмеген баланың сынық домбыраны құшағына қысып ұстап жүргені жанымды тебірентті. Егер соны көрмегенде домбыра іздемес пе едік?! Сол балалар бүгінде оркестр құрып алды», – дейді қандасымыз кеудесін кере қуанып. Енді екеуара әңгімені сұхбат түрінде баяндайын.

– Жанымхан, өткен уақытқа шегініс жасасақ. Ата-аналарыңыз Түркияға қалай барған? Қандай күй кешкен?
– Әке-шешеміз Түркияға ресми түрде 1952 жылы келген. Шығыс Түркістаннан 1930 –1944 жылы кеткен. Қытайдың коммунистік партиясы 1930 жылдан бастап қазақтарды басып-жаншып, қысым көрсете бастаған. Кейбір қазақ басшыларын қызметтен қуған. Содан қазақтар басы осылай басталса болашағымыз қандай болмақ деген ойға келіп, бодандыққа қарсылық білдіріп, көтеріліске шыққан. Қазақтармен бірге мұсылман дүнгендер де қытайға қарсы бас көтерген. Өкінішке қарай, басқалар қазақтардай табандылық таныта алмаған. Содан аталарымыз Қытай еліне қарсы тұруға қауқары жоқ екенін біліп, бала-шағаны қырып алармыз деп басқа жаққа көшуге бел буады. Алғашқы көш 1940 жылы қозғалған.
Алтайдан Гималай асып, таудың суығына, Такламакан шөлінің ыстығына шыдай алмай жол бойы қырылған. Олар Гималайдың шыңына жеткенде оттегінің жетіспеуінен «ыс» деген кеселге шалдыққан. Бұл – адам күп болып ісіп, бір тәулікте өмірмен қоштасатын дерт. Алтайдан Анадолыға жеткен көштің қоныстанғанына 74 жыл. Бұл – ұзақ та қайғылы көш. Көшті 7 басшы кезек-кезек басқарып, 12 жылда халықты Түркияға жеткізіп, қоныстандырған. Тарихи деректерде қаралы керуеннің құрамында 18 мыңнан 46 мыңға дейін адам болған. Ауа райының қолайсыздығына шыдамаған көп адам жолда шейіт болған. Шейіт дейтін себебіміз, олар ұлттық қасиеттерін сақтап қалу жолында жанын пида етті. Ауа райы қолайсыз елдерде тұрғанда келіншектер бала көтере алмаған. Қазақтар Пәкістанға тұрақтағанда АҚШ елшілігі қазақтарды өз жеріне шақырып, барлық жағдай жасайтындарын айтады. Бірақ, қазақтар түбі бір Ататүрік еліне ғана баратындарын жеткізген. Көшбасшылар Түркия елшілігіне өздерін қабылдауды сұрап хат жазады. Бұл – көштің соңы азып-тозып, күң-құл болып кетпеуі үшін көшбасшылар мен рубасыларының мақсатты түрде жұмыс істегенінің дәлелі.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Премьер-Министрі Аднан Мендерестің рухына тағзым етті. Оның қазақтарға жасаған жақсылығын таратып айтсаңыз?
– 1952 жылы Түркияның Премьер-Министрі Аднан Мендерес қазақтарды Түркияға заңды түрде қабылдады. Қазақтар алдымен Стамбұлдағы Зейтінбұрны, Сиркежи және Тузла иммигранттық қонақ үйлерінде екі жыл тұрады. Олар тілдік және кәсіптік білім алды. Аднан Мендерес қазақтардан қандай жерге қоныстанғысы келетіндерін сұрайды.
Қазақтар Шығыс Түркістандағыдай таулы, кең жазықты аймақта өмір сүргісі келетінін айтыпты. Оларға мал жаятын дала керек болған. Түркияның астанасы Анкарадан 320 шақырым жердегі аумақтан оларға 164 үй салып береді. Қарапайым халық оны «Мендерес үйлері» деп атайды. Қазақ өзіне жақсылық жасаған адамды ешуақытта ескерусіз, атаусыз қалдырмаған. Сөйтіп, ауылдың аты Алтай болса да қарапайым халық ол мекенді «Мендерес үйлері» деп атап, туысқанымыз деп қабылдаған адамға құрмет көрсетеді. Үй салынғаннан кейін Аднан Мендерес халықтың жағдайын білуге тағы да барған екен. Аруағыңнан айналайын Аднан бауырымыздың арқасында бүгінде Түркия қазақтарының саны 30 мыңға жуықтады. Ол кезде қазақтарды ешкім білмейтін еді. Қазақстан мемлекет ретінде танылмаған. Сонда да Атажұрттан келген бауырларымыз деп Түріктер төрінен жер беріп, ата-бабамыздың кәсібін ашып, нәсібін табуға мүмкіндік тудырған. Мұсылмандық деген осы емес пе?! Бабаларымыз Алтайдан Анадолыға дейін 10 000 шақырым жолды жүріп өткен. Сол жолы 1850 адам қабылданған. Содан кейін бауырларын сағалап тағы көптеген қандасымыз Түркияға көшіп келеді.
– Қазақтардың Түркияға қоныстанғанына 74 жыл. Осы жылдарда олардың тарихы қалай қалыптасты?
– Қазақ даласынан келген босқындар Анадолыдағы Бозтау маңындағы Маниса Салихли, Хасантау маңындағы Нигде Алтай ауылы, Невшехир Аксарай және Ержиестауы етегіндегі Кайсери Девели сияқты аймақтарға қоныстанған.
Сөйтіп Түріктер бізге суықта пана, ыстықта сая болды. Біз өсіп келе жатқанда түріктермен текетіресіп қалсақ немесе бірнәрсе бөліске салынса Түріктің үлкендері бізді жақтайтын. «Бұлар бізге Орта Азиядан, бабаларымыздың табанының ізі қалған жерден, қасиетті мекеннен келген. Жол – қазақтікі» дейтін. Олар қазақ деген елді білмейтіндіктен кейде «Түркістаннанбыз» деп айтатынбыз.
Кейіннен 1961 жылы Түркия мен Германия арасында «Түрік-Неміс еңбек келісімі» жасалады. Нәтижесінде 1962 жылы қазақтар Түркиядан Германияға жұмыс іздеп кетті. Сол жылдары Түркия жұмыс күшіне мұқтаж басқа Батыс Еуропа елдерімен осындай келісімдер жасасқан еді. Осы келісімдер аясында 1980 жылдардың басына дейін қазақтар Түркиядан Швеция, Франция, Австрия, Норвегия, Дания және Швейцария сияқты Батыс Еуропа елдеріне қоныс аударды. Соның ішінде Германияға барғандар көп болды. Қазір онда бес мыңдай Түркия қазағы тұрады.
– Бабаларымыз Анадолы жеріне барған соң қандай кәсіппен шұғылданған?
– Олар көшпенділіктен отырықшылыққа тез ауысты. Теріден қолғап, бас киім, мәсі, тақия тігіп, сауда жасапты. Кейіннен шағын цехтар ашып, ақша таба бастады. Бірнеше отбасы табыстарын ортаға салып, тігін цехтарын ашты. Балалар түрікше білім алды. Олар 15-20 жылда қалыпты өмір сүре бастады.
Бір қуанарлығы, қазақтар ешкімге алақан жаймаған. Өкіметке масыл болмаған. Өз еңбектерімен аяғынан тік тұрып кетті. Қазақтар мал және мал өнімі атакәсібі болғандықтан тері илеуді жақсы меңгерген. Түркияда тері бизнесін біздің қазақтар бастаған десек қателеспейміз. Бұлар бірінші буын. Екінші буын сонда білім алғандар. Мен үшінші буынға жатамын. Біз қазақ жастарының елжандылық қасиетін оятып, тәуелсіз ел екенімізді айтып, жастарды қазақшаландыруға еңбек етіп жатырмыз. Домбыра үйретудеміз. «Қазақ кент» деген шағынаудан бар. Түркияда ұлттық мәселені ойлау бізге нәсіп болды. Стамбұлда бүгінде 10 мыңдай қазақ тұрады. Түрік пен қазақтың түбі бір екені біте қайнасып кеткенінен-ақ белгілі. Бүгінде мемлекеттер арасы жақсы.
– Қазақстанның тәуелсіздік алуы Түркия қазақтарына қалай әсер етті? Руханиятында өзгерістер болды ма?
– Қазақстанның тәуелсіздігін Түркия бірінші болып мойындағаны баршаға мәлім. Анадолыдағы қазақтар қуаныштан бөркін аспанға атты. Ертеңгі күнге сенім артты. Көк туды елден алдыра бастады. Шаралар өткізгенде Көк туымызды желбіретіп, Әнұранымызды айтып, жанарымыз жасқа толатын. «Көкту» атты қауымдастықтар құрылды. Бұл ата-бабаның қанымен берілген арманның орындалғанын жан-дүниемізбен сезінуіміз еді.
Түркия басшысы Тұрғыт Өзалдың жар салуымен Түркияның Қазақстанның тәуелсіздігін әлемге паш етуі кеудеге мақтаныш оятты. Содан бері екі бауырлас елдің достық қарым-қатынасы күн санап нығайып келеді. Бүгінде қазақтар атамекеніне жиі қатынайды. Іскер байланыстар орнатты. Бұл Отансыз жетім баланың күйін кешкен түрік қазақтары үшін өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуаныш еді. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы аясында Зейтінбұрныда бір көшеге Абай есімі берілді. Түркия Республикасының қазіргі президенті Режеп Тайып Ердоғанмен бірге көшенің тұсаукесер рәсімін жасадық. Кейіннен Түркияның біраз қалаларында Абай, Абылай хан, Қабанбай батыр, Нұрсұлтан Назарбаев ескерткіштері, Мұстафа Өзтүрік саябағы ашылды. Қазақстан Тәуелсіздік алғанға дейін Түркия қазақтары Анадолы жеріне Ауғанстан, Иран, Иордания, Сауд Арабиясы, Шығыс Түркістаннан келген қандастарға көмек қолын созды. Олардың біразы Түркияға қоныс аударды. Біз Түркияның мәдени шараларына біркісідей атсалысамыз. Тұран Баһадүр деген бауырымыз тері өңдеп, ұлттық киімдер тігуде алдына жан салмайды. Түріктер тарихи фильмдеріне киімді көбінесе Тұран бауырымызға тіккізеді. Оның тауарына Араб Әмірліктері, Ресей, Канада, Австралия, Украина және Еуропадан сұраныстар түсуде.
– «Қазақкент Алтай Дернегі» қоғамдық ұйымы Түркиядағы қазақтарды бір-біріне жақындастырып, елдестіріп жүргенін білеміз. Бүгінде атқарылып жатқан шараларға тоқталсаңыз.
– Қазақтарды тілін, дәстүрін, бауырмалдық қасиетін ұмыттырмай, ұлттық құндылықтарымызды арттыру үшін әртүрлі шаралар өткізуге тырысамыз. Қазір әртүрлі ағымдар, үрдістер жастардың санасын улап барады. Шетелдегі қазақтар сондай жағдайларға жұтылып кетпес үшін ұлттық мерекелерімізді, салт-дәстүрімізді барынша дәріптейміз. Түркияға келген қазақтардың төртінші буынын ұлттық сана-сезімге, елжандылыққа тәриелеудеміз. Балалардың тіл, домбыра үйренуге ынта-жігерін артыру үшін түрлі идеялар ойлап табамыз. Әйтпесе «Сен қазақсың, қазақша білуің керек» деген сөз қазіргі жастарға өтпейді. Еуропаның қасиеттерін сіңіріп алмасын деп балаларды барынша ұлттық дәстүрге қызықтырудың амалдарын қарастырамыз. Осылайша қазақ тілін үздік оқыған 10 баланы «Отандастар қоры» арқылы Бурабайға лагерьге жібердік. Түркияда жастар мен балаларға арналған ивент өткіздік. Көп жас жиналды. Сонда менің балам: «Әке, қарашы, бізге ұқсайтын адамдар көп екен» деп екі езуі екі құлағына жетіп қуанды. Қан дегенді қойсаңшы! Кіп-кішкентай жүрегі дүрсілдеп, қандастарын көргенде жанарында жарқыл пайда болды. Жастар бұрын селқос жүретін еді. Осындай шараларға барған сайын отансүйгіштігі оянып, артында қалың қазағы бар екенін сезініп, еңселенді.
– Жанымхан Жаналтайұлы, «Стамбұлда ұлттық мәселені ойлау бізге нәсіп болды» дедіңіз. Алдағы уақытта қазақ жастарының намысын ояту, ұлттық мәселелерді қолдау барысында қандай шаралар атқармақшысыздар?
– Гунешли ауданында 1200 үкіметтік емес қоғам жұмыс істейді. Түркияда жер сілкінісі болғанда ең көп гуманитарлық көмек жинаған біз екенбіз. Мұны білген жоқпыз. Әкімдік өкілдері ауызашар кезінде қазақтарға алғыс айтып, ризашылығын білдіргенде естідік. Түрік журналистері бізден көп сұхбат алды. Қазақтардың бауырмал екенін көрсеттік. «Қандастарымыз жарады» деп жарияға жар салды. Бүгінде жастарға ұлттық ойындар үйретуді қолға алмақпыз. Біздің балалардан мықты спортшы шығатыны белгілі. Бірақ, оларды Түркияның ұлттық құрамасына кіргізу мүмкін емес. Сондықтан мен жуырда Қазақстан ұлттық федерациясының басшылығымен кездесіп, көкейімдегі ойымды айттым. Олар маған Түркиядағы ұлттық федерацияның өкілі мәртебесін берді. Енді менің ол жерде сөзім жүретін болады.
Былтыр «Қазақспорт» әуесқой клубын аштық. Волейбол ойынында тәжірибесі мол, кәсіпқой команданы жаттықтыратын қазақ қызы Зейнеп бапкер боламын деп отыр. Әкімдікте спорт клубында еңбек ететін қазақ Халил баскетболдан бар білгенімді үйретемін деп құлшыныс білдіруде. Ойымыз іске асса осы екі клубты Түркияның үшінші лигасына шығармақпыз. Қазір Түркияда қазақтың абыройын көтеретін сол клубтың қамымен шапқылап жүрміз. Ендігі бір арманымыз – Қазақстаннан ағаштан жасалған, барлық жасауы бар қазақ үй әкелу. Сондай үй жасайтындар болса бізге хабарласса нұр үстіне нұр болатын еді. Стамбұлдың ортасына тігіп, қасындағы экраннан қазақтың Түркияға келудегі тарихи жолын баяндайтын бейнеролик жүргізіп қоймақшымыз. Ол жерде Көк туымыз да желбіреп тұрса дейміз. Бүгінде «Елім-ай» деп басталған көшпен жан-жаққа тараған қазағым 42 мемлекетте жүр екен. Солардың ұрпағы ұлтын, дәстүрін ұмытпауы үшін жұмыс жасай береміз.
– Жанымхан Жаналтайұлы, жан тебірентер әңгімеңізге рақмет! Тарыдай шашылған қазағым қай қиырда жүрсе де аман болсын!
Сұхбаттасқан Гүлжан Тұрсын





