«Адамгершілік – білім берудің алтын қазығы» деген сөздің түп мағынасы терең. Адамгершілік – рухани тәрбие. Ол адам бойындағы асыл қасиет. Бұл адамды мейірімділікке, Отанын, отбасын сүюге, елге адал қызмет етуге жетелейді. Халықтың нақылымен сусындаған, аталар сөзімен өсіп-өнген, даналар өсиетінен тәрбие алып, ұлылар өнегесіне тағзым еткен халықтың ұрпағымыз. Елге еңбегі сіңген, халқына қалтқысыз қызмет еткен, адамгершілігі мен парасаты мол азаматтың бірі – Қазақ-станның ауылшаруашылығы саласын өркендетуге мол үлес қосқан халық ағарту ісінің озық қызметкері, Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы Нәукен Суанбаев. Атпал азамат көзі тірі болғанда биыл 100 жасқа толар еді.
Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны болады. Бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өзінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу. Ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Нәукен Суанбаев ең алдымен кісілік келбеті жарқын, көңілі ашық, пейілі дариядай, өзіне жүктелген қандай жауапкершілігі зор міндеттерді мүлтіксіз іске асырған білікті басшы, ұстанымы мықты нағыз ұстаз болды. Қайраткер ғалымның терең білімі мен қуат-күші, рухани келбеті мен мықты ерік-жігері жүрегінде екені тұлғалық болмыс-бітімінен, тіршілігінде атқарған жүйелі де нәтижелі ісінен айқын аңғарылып тұратын.
Нәукен Суанбаев 1922 жылы 8 наурызда Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Қызылжар ауылында есепші болып бастаған. 1942 жылы әскерге шақырту алып, өз борышын атқаруға аттанады. Ұлы Отан соғысы кезінде ауыр жарақат алып, еліне мүгедек болып оралады.
Нәукен Суанбаев Қазақ ауылшаруашылығында ұзақ жылдар қызмет атқарған. 1944-1951 жылдар аралығында «Қызылжар» ұжымшарының бас есепшісі, «Доланалы» ұжымшарының басқарма бастығы, Кербұлақ (бұрынғы Гвардия) ауданында партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарып, 16 жыл «Амангелді» ұжымшарының басқарма бастығы болды. Одан кейінгі жылдары да білікті азамат ретінде жастармен мол тәжірибесін бөлісті.
«Амангелді» ұжымшары, орталығы Қоянкөз ауылы болған елді мекенде отыз шақты ескі үй ғана қарауытатын. Еңбекті жаны сүйген Нәукен ағамыз өзінің тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында шаруашылық саласында үлкен жетістіктерге жетіп, экономикалық тұрғыдан табыс еселеніп өскен. Сол шақта ауылдың дамуына да өзіндік үлесін қосты.
«Білім – таусылмайтын кен, ақыл – аздырмайтын ем» деп айтқан ата-бабаларымыздың сөзін жалау етіп, оқу-білімге ұмтылып, ғылымды игеруге талпынып, ауылшаруашылығын мамандық ретінде таңдаған қаншама жасқа Нәукен Суанбаев айқын бағыт көрсетіп, үлкен өмірге жолдама алып берді. Ауылдың әл-ауқатын көтеріп, ұжымшар қаражаты есебінен күрделі құрылыстар жасап, 400 орынды мектеп және 2 қабатты 90 орынды балабақша салып, 1964 жылы қолданысқа берілген. Қосымша 300-дей стандартты үйлерді еңбеккерлерге арнап тұрғызды. Осылайша Қоянкөз ауылы облыс, республика қатарындағы алдыңғы шаруашылықтар қатарынан көрінді.
Нәукен Суанбаев зерделі ұстаз ретінде әр адамның жанына білім дәнін септі. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қанатын қатайтып ұшыра білді. Бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, өмір сүруге тәрбиелеп, телегей тер төкті.
Кейіпкеріміз 1967-1983 жылдар аралығында «Жоламан» қой кеңшарының директоры қызметін атқарған. Осы жылдар ішінде кеңшар жұмысын жандандырып, асыл тұқымды қойларды өсіріп, экономикасын барынша көтеріп, ең ірі, алдыңғы қатарлы ауылшаруашылықтардың біріне айналдырды. Жоламанда ірі құрылыс жұмыстары жасалып, 10 жылдық мектеп және балабақша бой көтерген. Кейіннен Мәдениет үйі, аурухана, монша, машина-трактор шеберханасының құрылыстары салынып, көшелерге асфальт төселіп, су жүргізілді. Осылайша ауылда барлығы да қарқынды дамыды. Бұл, әрине, Нәукен ағаның еңбекқорлығы мен қажырлы еңбегінің арқасында.
Нәукен Суанбаевтың өнегелі өмірі негізінен ауылшаруашылығымен байланысты болды. Дана халқымызда қалыптасқан түсінік ауыл – алтын бесік, ұлт ұясы, мемлекеттік бірлікті, тұтастықты қалыптастырудың алғышарты. Ауыл – ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің, тұмса табиғат пен қазақы ән мен күйдің, береке мен молшылықтың ошағы. Осы бір құндылықтар алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілердің сабақтастығы арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып кете береді. Нәукен аға қарапайым ауыл ортасында қалыптасқан, өз уақытының тарпаң тартысты талабынан озық, саналы өмірі мен қызметін жемісті нәтижелерге бағыттап, ұтқыр ұйымдастырушы бола білген қайраткер тұлға.
Кербұлақ ауданынан түлеп ұшып, ауылшаруашылығының дамуына үлес қосып, үлкен еңбекке араласып, ғылымды игеріп, биік белестерді бағындырды. Ұжымшар бастығы, кеңшар директоры лауазымдарын атқарып, ел сенімін ақтады. Зиялы азамат, білікті басшы, ізденімпаз ғалым ретінде ауылшаруашылығының уақыт талабына сай дамуына тікелей ықпал жасап, тиісті шешімдер қабылдап, соған сәйкес қолда бар мүмкіндіктерді жұмсай білген Нәукен шынында да нағыз еңбекқор адам еді. Қай қызметте де қатаң тәртіп пен жекебастың тазалығын сақтап, жастарға қамқор болып, ғалымдар мен қарапайым шаруаға дейін қолдау білдірді.
Нәукен Суанбаевтың еліміздегі ауылшаруашылық саласының өркендеуіне қосқан үлесін ерекше атап өту керек. Көп жылдар осы саладағы шебер ұйымдастырушылардың, көрнекті басшылардың бірі болды. Соның арқасында есімі тек қана республикада емес, бүкіл Кеңес одағы көлемінде танылды. Қазақстанда тың және тыңайтылған жерлерді игеру ісіне тікелей араласып, күрделі де жауапкершілігі мол жұмыстарды іске асырған ауылшаруашылығының қара нары еді. Нәукен ағамыз жұмысының себеп-салдарын терең талдауға салды. Туған елдің ауылшаруашылығына тигізетін пәрменді ықпалын ауылды көркейту мәселесіне бағыттады. Миллиондаған гектар жерді қопарып тастау бір жылдық қана науқан емес, біртұтас қаралып, кезекпен іске асатын, ұзақ уақытқа есептелген қоғамдық, мемлекеттік шаруа екенін, оның Қазақстан жер-суына байланысты ерекшеліктері болатынын, ғасырлар бойы жинақталған тәжірибені мұқият еске алу, ғалымдар мен мамандар, егіншілер мен малшылар кеңесіне құлақ асу керектігіне шешім қабылдайтын орындардың көзін жеткізуге көп күш салды. Ауылшаруашылығы саласын өркендетуде маман тәрбиесіне көп көңіл бөлді. 15 жоғары білімді, 20 орта білімді маманды шаруашылық есебінен оқытып, даярлады. Соның ішінде өзінің қол астында жұмыс істеген 12 маманнан облыс, аудан көлемінде шаруашылық басшылар шықты. Ауылшаруашылығы басында шыңдалған майталмандар мен жас мамандарды өз маңына топтастырып, үлкен мектеп қалыптастырды.
Ауылшаруашылығы маманы тек бір саланың ғана шеңберінде шектеліп калмауы керек. Ол ауыл халқымен бірлікте қызмет атқаратын, түйсік-танымы ауқымды, жұртты өз бастамасына ілестіре алатын, ұйымдастырушылық қабілеті жан-жақты болуы шарт. Соны ойластырған жас мамандардың әлеуметтік танымының кең де толымды болуын іске асыру жолында әр мәселеден мәлімет беретін секциялар ашуды қолға алып, жастардың білімін жетілдірумен қатар рухани-әлеуметтік мәселелеріне барынша көңіл бөлді.
Ағамыз парасатты тұлға екенін еліне таныта білді. Ол адам бойындағы биік қасиеттерге білімімен, ғылымымен келетінін аңғартты. Бүкіл ауылшаруашылығына игілікті ықпалын молынан тигізген ауылшаруашылық саласын басқарды. Отан алдындағы қажырлы еңбегінің және ағарту саласында сіңірген еңбектері бағаланып, Отан соғысы, Даңқ орденімен, 3 мәрте Қызыл Ту орденімен, «Халықтар» достығы және осындай жиырмадан астам түрлі дәрежедегі медальдармен, 3 мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Болмысы бекзат, жүрегі кең, білімі терең Нәукен Суанбаев өмірінің соңына дейін өз ұстанымдарына адал болып, тынымсыз еңбек етіп, соңына сүбелі ғылыми мұра қалдырды. Ғалымның аграрлық салада атқарған зерделі еңбектері ғылыми ортада мойындалып, жоғары бағасын алып, әр жылдары құрметті атақтар мен марапаттарға ие болды.
Отбасылық өмірде Нәукен ағамыз асыл жар, ардақты әке бола білді. Шәуен Батырбекқызымен шаңырақ көтеріп, 2 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген. Балалары жоғары маман иелері атанып, түрлі салада қызмет атқарған. Бүгінгі таңда әке жолын жалғастырған балалары зейнеткер атанып отыр.
Нәукен Суанбаев ауылшаруашылық саласын көтерумен қатар еліміздің іргелі мемлекет болып қалыптасуына қызмет еткен ұлтжанды азамат еді. Білім мен еңбекті өнегелі тәрбиемен ұштастыра білген тәлімі мол ұстаздың өмір жолы кейінгі жастарға үлгі-өнеге.
Бейсенбай ЖАНАБЕРЛИЕВ





