«Даналықпен ойдағыны қаратар,
Жақсылықты ел-жұртына жаратар.
Ұлылардың қанат берген ұлтына,
Қонысы да бола білген Қаратал.
Өзіңе арнап жазылар-ау жыр тағы,
Басылар-ау кезеңнің де бұрқағы.
Ескелді мен Балпық, Айту, Жолбарыс,
Қарымбайлар аман болса ұрпағы.
Туған мұнда тұлғалылар, алыптар,
Қыраны да биіктерге қалықтар.
Қиналса да еңселерін түсірмей,
Еңбек ете алатұғын халық бар», – деп жырлаған сыршыл да сырбаз ақын Сатыбалды Қазтаев ағамның «Қараталдың бір киесі бар шығар» деген өлеңін өзім асқан сүйіспеншілік сезіммен жатқа айтып жүремін. «Қаратал – күндіз күміс, түнде – алтын» демекші, сол арынды өзеннің атымен аталатын берекелі ауданнан қаншама тұғырлы тұлғалар, ақын-жазушылар, ел басына күн туғанда елі мен жерін қорғаған батырлар мен бейбіт еңбек майданында маңдай терін сорғалата еңбек еткен ер-азаматтар шыққан.
Осы Қыдыр қонған қасиетті де құтты өлкеде туып, туған жерге туын тігіп, татар дәмі таусылғанша ел игілігі жолында жан аямай еңбек еткен ер-азаматтардың арасында күні кеше ғана арамызда жадырай күліп, жай отындай жарқылдап жүретін абзал жан Оразғали Абақұлы Жалдыбаев еді. «Еді» деп өткен шақта жаздырып қойған құдіреті күшті құдайым-ай десеңші! Тап осылай деп Орекең туралы естелік жазам деп кім ойлаған?
«Оразғали қайтыс болыпты» деген қаралы хабарды естігенде өз құлағыма өзім сенбей, біреу басымнан қос қолдап ұрып жібергендей сілейіп тұрып қалдым. «Сұмдық екен мынау… Мүмкін емес. Мүмкін емес!» деген ой миымда сан рет қайталанып, өне бойым аяз қарығандай дірілдеп, қалшылдап кеттім.
Күні кеше ғана менің авторлығыммен Жалдыбаевтар әулеті туралы баспадан шыққан «Орындалған әке арманы» атты кітабы қолына тигенде балаша мәз-мәйрам болып қуанышты жүзбен: «Бәрекелді, рахмет! Ұрпақтарыңның қызығын көр!» деп арқамнан қаға құшақтағаны есіме түсті. Осы ойдың жетегінде оның бар өмір жолы көз алдымнан кино таспасындай жылжып өте берді…
Қазіргі нарықтық экономика таңында жеке бизнесін ашып, іскерлігінің арқасында кәсіпкерліктің көзін тапқан азаматтардың қатарында «Жалдыбаев» шаруа қожалығының басшысы, кәсіпкер-меценат, Қаратал ауданының Құрметті азаматы Оразғали Жалдыбаев та бар.
Оразғали Абақұлы еліміз нарықтық экономика тәртібіне көшкен тұста замана ағымын дұрыс пайымдай білді. Кәсіпкерлік іске қаржы құйып, соған ден қойған еді. Бизнестің көпсалалы бағытын меценаттық абыройлы іспен ұштастыра жүргізіп отырған ордабұзар атпал азамат Оразғали Абақұлының тіршілігі көпке үлгі-өнеге етерлік.
Әкесі Абақтың: «Маманның жаманы болуы мүмкін, бірақ жұмыстың жаманы жоқ. Тек ерінбей, шелектеп тер төге білсең, көп кешікпей-ақ еңбегіңнің жемісін де, жеңісін де көресің», – деген әкелік өсиетін жастайынан санасына сіңіріп, сол ұстанымды бойына берік қалыптастырған Орекең бақытын алыстан іздемеді. Оразғали Абақұлы техникум тамамдағаннан кейін автодүкен меңгерушісі болып еңбек етті. Жаз жайлау, қыс қыстауға шауып, малшылар ғана емес, диқан, құрылысшы, сушысы бар, аудандағы еңбекші қауымның да, жоғары басшылықтың да жүктеген жоспарлы тапсырмаларын ыңғайына қарай тиянақты орындай білді. Бұл жерде оған есеппен, іскерлікпен, уақытпен санаспай еңбек ете білу тәжірибесі көп көмегін тигізді. Тек ол ғана емес, Кеңес әскері қатарында әскери борышын атқарған кездегі құрылыс батальонында бойына сіңірген «өнері» де көмекке келді.
Салмақты сынақтардан алған тәжірибенің нәтижесі емес пе, ал дегенде 1988 жылы автодүкен меңгерушісі қызметін тастап, нарық талабына орай «Анар» сауда-саттық кооперативін ашты. Бұл кооператив Қаратал ауданы бойынша ең бірінші құрылған нарықтық нысан еді. Өзінің бұл бастамасы жөнінде Оразғали Абақұлы: «Нарық заманындағы алғашқы тіршілігімді сол жылы Москвадан көтерме бағамен әйелдердің шұлықтарын сатып алып, аудандағы ОРС сауда мекемесіне өткізуден бастаған едім. Сонда Ресейдің астанасындағы ЦСКА стадионында өтетін Бүкілодақтық жәрмеңкеден жаңағы айтқан әйелдер шұлығын накладной бойынша көтерме бағамен аламын да, сол бағаға бар болғаны 7% үстеме қосатынмын. Ол кезде ондай тауарлар бізде қат, іздеп жүріп таппайсың. ОРС базасының қыз-келіншектері мен сапардан оралысыммен: «О, Оразгали Абакович приехал!» деп, жүгіре келе құшақтай қарсы алып, әкелері тойдан сарқыт әкелгендей қуанып қалатын. Қуанбай қайтсін, мен ұшақпен қаншама жол жүріп, қаншама шығынмен әлектеніп әкелген арзан тауарым оларға екі еседей «навар» беріп тұрса. «Азға қанағат» деген принциппен тауарға қосқан болмашы ғана бағаның өзінен, Москваға жиі бару арқылы, кәдімгідей пайда тауып, сауда мекемем әжептәуір көтерілді. Бұл кәсіппен қоса, ол кезде Үштөбе ет комбинатының дүрілдеп, атағы жер жарып тұрған кезі, комбинаттан көтерме бағамен ет сатып алып, Ташкентке, «өз ағам – өзбектерге» өткізуді қолға алдым. Мен сияқты бәсекелес кәсіпкерлер көбейіп, жоғарыдағы «дәулердің» бизнестері жүрмей қалды ма екен, аяқ астынан Парламент «алыпсатарлықпен» байығандар көбейіп кетті» деген желеумен мен сияқты кәсіпкерлерге тұсау салу үшін заң шығарып қойды. Сонымен, көп-көрім көтеріліп, талай адамға жұмыс беріп, Үкіметке тиісті салығын өз уақытында кідіріссіз төлеп отырған кооперативімді жабуға тура келді», – деп алғашқы бизнесінің тарихын айтып берген болатын.
Иә, тумысынан бос қарап отыруды өзіне мін санайтын Орекең Құдай қосқан қосағы, кеңесші-экономисі Раушан Жарқынбайқызымен ақылдаса келе жаңа кәсіпкерлік нысаны – ауылшаруашылығы бизнесімен айналысуға бел буды. Өйткені, сол кезде Қазақстан Республикасы Парламенті «Ауылшаруашылық кәсіпкерлігін» дамыту туралы жаңа Заң қабылдаған болатын. Сонымен, 1990 жылы «Мұным қалай болар екен?» деп қорықпай, жасқанбай, «Жалдыбаев» атты шаруа қожалығын құрып, заң тәртібімен тіркеуден өткізіп алды. Көп кешікпей ашық тендерге түсіп, Қаратал ауданының Айту би ауылдық округі аумағында жатқан «Қалиман тоғай» жайылымынан жалпы көлемі 2000 гектардан астам жер учаскесіне ие болды.
Бұл нысан аудан орталығы – Үштөбе қаласынан 30 шақырым жерде орналасқан еді. Оның табиғи шабындығы 160 гектар, суармалысы 20 гектар, қалғаны жайылымдық жер болатын.
«Ұрыста – тұрыс жоқ» демекші, Орекең «нар тәуекел!» деп білек түре іске қызу кірісті де кетті.
Мұндағы суармалы жерге, негізінен, бақша дақылдары егіліп, өнімдері аудан орталығынан өздері ашқан фирмалық дүкендерге сатылымға түсті. Қарапайым халықтың қалтасы көтеру үшін барлық ауылшаруашылығы өнімдеріне сату бағасын базар нарқынан төмен қойып, біріншіден, тұтынушыларға қолайлы жағдай тудырса, екіншіден, өнімнің сапасы сақталып, сол сапалы өнімді тез арада өткізіп, түскен қаржыны бизнестің айналымына түсіріп отырды.
Сол кезде «Жалдыбаев» шаруа қожалығында 250 бас қой, бір үйір жылқы, 180 бас сиыр бар болатын. Сонымен қатар, Алатаудың ақбас ірі қара мал тұқымын көбейту мақсатында 6 бас асыл тұқымды бұқа сатып алып, малдың өсіп-өнуіне бар жағдай туғызды. Бұлардан өндірілетін экологиялық жағынан таза да сапалы ет, қымыз бен сүт өнімдері жоғарыда атап өткен фирмалық дүкендерде өте төмен баға арқылы өз тұтынушыларына жетіп жатты.
Бірақ, Парламент аяқастынан заң шығарып, Орекең сияқты кәсіпкерлердің аяғына тұсау салып, бизнестері тағы да жабылып тынды.
Парламент ауылшаруашылығын өркендету және қолдау тұрғысындағы жаңа заң шығарғанда «Ер кезегі үшке дейін» деген қазақтың тәмсілін еске түсіріп, өзінің амалсыздан сатып жіберген Қалимантоғай жеріндегі шаруашылық нысанын қайта сатып алды. Өйткені, оның өзінің іскерлігіне, әр шаруаны ретімен дұрыс ұйымдастырып, әрі қарай жүргізе білу және еңбекқорлық қабілетіне деген сенімі күшті еді. Яғни, өзіне деген селкеусіз сеніммен білек түріп, «бисмиллә» деп іске кірісті.
…Оразғали Абақұлы – әмбебап кәсіпкер ғана емес, мейірім, қайырымдылық істерімен аты шыққан Атымтай азамат.
Ел иығына ауыр салмақты аямай салған сонау тоқсаныншы жылдардағы экономикалық тоқырау кезі бәрімізге таныс. Сол тұста Оразғали Үштөбе қаласының Қонаев көшесіндегі күтім көрмегендіктен тозуға айналған бес қабатты кірпіш үйді қарамағына алуға бел буды. Суы, жарығы мен жылуы жоқ болғандықтан бұл ғимараттың иелері – әркім әр жаққа бас сауғалап көшіп кеткен еді. Кейбірі, тіпті, сонау Ресей асып жоғалған болатын. Сол мекенжайы белгісіз пәтер иелерін іздеп тауып, келісім баға бойынша сатып алған Оразғали Абақұлы бұл ғимаратты заң шеңберінде өз атына жекешелендіріп алды. Азып-тоза бастаған үйге қаншама қаржы салып жөндетті, жылу жүргізіп, кәріз жүйесін іске қосты. Сол үй мен оған үшбұрыш түрінде жапсарлана қосылған бес қабатты үйдің тұрғындарынан құралған тұрғын үй кооперативін (КСК) құрып, қыруар шаруа жасады. Мына нарық заманында көк тиын жалақы алмай жұмыс істеген кімге қызық болсын?! Бірақ сол кезде тұрғындардың жыларман тұрмыс-жағдайы жалақы жинап беруді көтермегендіктен, қайырымдылық, мұсылманшылық, яғни, имандылық жолымен «Құдайдан қайтсын» деген ой-ниетпен Орекеңе сондай үлкен азаматтық, яғни, меценаттық іс жасауға тура келген болатын.
Түнеу жылдары Үштөбе қаласында балалар үйі жұмыс істеп тұрған еді. Оразғали Абақұлы осы балалар үйіне, соғыс ардагерлеріне, мүгедектер мен тұрмысы төмен отбасыларына тұрақты түрде көмектесіп жүрген. Сол сияқты Қызылағаш ауылында болған су тасқыны кезінде меценаттық көмек жасады. Тізе берсек, бұдан басқа да қайырымдылық істері баршылық.
«Еңбек – ер атандырар» дейді дана халқымыз. Арда туған, абыройлы да абзал азамат Оразғали Жалдыбаевтың халық үшін еткен өлшеусіз еңбегі, мейірімділік пен қайырымдылық, яғни, меценаттық істері, қай жерде, қай салада еңбек етсе де азаматтар арасындағы ынтымақ пен бірліктің дәнекері болып жүрген тірліктері Үкімет, облыс пен аудан басшылығы тарапынан елеусіз қалған емес.
Ұрпақтарынан көріп отырған рахат, қызығына тоймай, «Құдай, бергеніңе шүкір» деп жатса да, тұрса да Тәңіріне тәубе айтып отырудан жалықпайтын шуақты шаңырақтың отағасы Оразғали Абақұлының ойда жоқтағы ауыр қазасы естіген елдің қабырғасын қайыстырып, «әттең, жалған дүние-ай!» дегізгені анық. Аққан жұлдыздай зымырап өтіп жатқан уақыт-ай, қаралы хабарды естігеніміз кеше ғана сияқты еді, міне, одан бері де қырық күн зырылдап өте шығыпты…
Орекеңнің отбасы мен оның туған ағасы Әбдіманат ағаға: «Ардақты, абзал азаматымыздың топырағы торқа, иманы жолдас болсын. Ол көре алмай кеткен қызық, рахатты сүйікті жары Раушан мен ұрпақтары көрсін», – деген тілек айтамыз. Біздей шарасыз пенденің қолынан басқа не келе қойсын?..
Ғабдул-Сәбит ЮСУПОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қаратал ауданының
Құрметті азаматы
Алматы қаласы




