Бүгін қазақтың ғажайып тұлғасы, жазушы Медеу Сәрсекенің туған күні. Көзі тірі болса тұғырлы 90 жылдығын елімен бірге атап өтер еді. Қазақ әдебиетінің тарихында есімі алтын әріппен жазылған жазушы ғана емес, ұлттық ғылымның алыптарын әлемге танытқан ізденімпаз зерттеуші, шындық пен деректің туын жықпаған қайраткер қаламгер туралы осы орайда аз-кем толғануды жөн санадық.
«Медеу Сәрсеке – қазақ әдебиетіндегі деректі прозаның нағыз шебері. Оның Қаныш Сәтбаев туралы жазған еңбектері – ұлтымыздың ғылыми тарихын түгендеп берген ұлы ерлікпен тең», – деп классик жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев нақты баға бергендей, Медеу Сәрсекенің шығармашылық мұрасы – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған, деректілік пен көркемдікті шебер ұштастырған бірегей құбылыс.
Иә, әдебиетте «құбылыс» деген ғажайып баға бар. Бұл – сүрлеу-соқпағы бөлек, өзіндік қолтаңбасымен, дара даңғылымен келген таланттарға, өз пайымындағы жолды түзген дегдарларға қарата айтылатын сөз. Бұл орайда Медеу Сәрсекенің қаламгерлік қолтаңбасы өзіне дейінгі дәстүрлі прозадан оқшауланып, ғылыми ізденіс пен тарихи шындықтың салтанат құруымен ерекшеленеді.
Жазушының әдебиет айдынына келуі ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының интеллектуалдық өсу кезеңімен тұспа-тұс келді. Техникалық білім мен жазушылық талантты қатарұстаған автор алғашқы қадамын қиял-ғажайып (фантастика) жанрынан бастап, «Ғажайып сәуле», «Көріпкел» секілді туындыларымен ұлттық әдебиеттегі жаңа бағыттың іргетасын қалады. Алайда Медеу Сәрсекенің нағыз шығармашылық шыңы мен азаматтық бейнесі оның ғұмырнамалық зерттеулерінде, әсіресе академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың бейнесін сомдау жолында айқын көрінді. Ол ширек ғасырдан астам уақытын архивтерді ақтаруға, тірі куәгерлерден естеліктер жинауға және тарихи әділдікті қалпына келтіруге арнады. Осы ерен еңбектің нәтижесінде дүниеге келген «Қаныш Сәтбаев» романы қазақ руханиятындағы шоқтығы биік шығармаға айналып, ғалымның әлемдік тұлғасын паш етті. Автор бұл туындысында тек бір адамның өмір тарихын ғана емес, тұтас бір дәуірдің, қазақ ғылымының қалыптасу жолындағы ауыр белестермен идеологиялық тартыстардың шынайы картинасын жасады.
Осы орайда кейіпкеріміздің ғұмырбаяндық дерегіне аз-кем үңілсек, сонау 1936 жылдың 2-ші қаңтарында Шығыс Қазақстан облысының Абыралы өңірінде дүниеге келген ол, өзінің сексен жылдан астам ғұмырын ұлттық руханияттың өшпес мұраларын түгендеуге арнады. Орта мектепті алтын медальмен бітіріп, Алматыдағы Кен-металлургия институтын инженер-металлург мамандығы бойынша тәмамдады.
Медеу Сәрсекенің әдебиетке келуі – кездейсоқтық емес, үлкен дайындық пен білімнің жемісі еді. Жоғарыда атап өткеніміздей, жазушының шығармашылық жолы қазақ әдебиетінде сирек кездесетін ғылыми-фантастика жанрынан басталған еді. 1959-1965 жылдар аралығында жарық көрген «Ғажайып сәуле», «Көрінбестің көлеңкесі» және «Жетінші толқын» сияқты туындылары авторды ғылыми-қиял жанрының өзгеше өкілі ретінде танытты. Деректерге сүйенсек, оның «Жетінші толқын» хикаяты орыс тілінде 100 мың данамен таралып, бүкіл Одақ көлемінде мойындалуы – қазақ қаламгері үшін сол кезеңдегі зор жетістік болатын.
Ол қаламынан туған «Жарылыс» және «Көмбе» романдары арқылы өндірістік ортадағы әлеуметтік қақтығыстарды, ғылыми-техникалық прогресс заманындағы адам болмысын ашып көрсетті. Әсіресе, «Жарылыс» романының тағдыры өте күрделі болды. Идеологиялық қысым мен цензураның салдарынан қазақ тіліндегі нұсқасы «Жаңғырық» деп өзгертіліп, 150 беті қырқылып тасталса да, Мәскеудегі «Советский писатель» баспасынан толық көлемде жарық көріп, автордың есімін Одақ аренасына шығарды. Бұл шығарма кейіннен М. Лермонтов атындағы академиялық орыс театрында сахналанған соң, Мәскеу мен Алматының талғампаз көрермендерінің жоғары бағасын алды.
Медеу Сәрсекенің шығармашылық ерлігі мен басты асуы – академик Қаныш Сәтбаевтың ғұмырнамасын жазуында. Академик Әлкей Марғұланның ақылымен басталған бұл ізденіс жолы 12 жылға созылды. Жазушы Қаныш атамыздың ізімен Мәскеу, Том, Ленинград, Ташкент және Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі архивтерді ақтарып, 400-ден астам куәгердің естелігін жинады. Осы қажырлы еңбектің нәтижесінде жарық көрген «Қаныш Сәтбаев» романы әлемге әйгілі «ЖЗЛ» (Жизнь Замечательных Людей) топтамасымен Мәскеуден бірнеше рет басылып шықты. Жалпы алғанда, Сәтбаев туралы еңбектері 15 рет қайта басылып, 340 мың данамен тараған.
Жазушы мұнымен тоқтамай, Е. Бөкетов пен Е. Бекмаханов сынды біртуар тұлғалардың да «ноқталанған» тағдырын зерттеп, олар туралы деректі романдар жазды. «ЖЗЛ» сериясында қазақ зиялыларынан бар болғаны он шақты тұлға енсе, соның үшеуінің («Сәтбаев», «Бөкетов», «Бекмаханов») авторы Медеу Сәрсеке екені оның әлемдік деңгейдегі биографиялық жанрдың шебері екенін дәлелдейді.
Драматургия саласында да Медеу Сапаұлы өнімді еңбек етті. «Заңды неке» комедиясының 600 реттен астам сахналануы, «Тендерге түскен әйел» драмасының М. Әуезов атындағы академиялық театр репертуарында табысты жүруі – оның драматургиялық шеберлігінің айғағы. Соныменқатар, автор өмірінің соңғы кезеңінде «Семей қасіреті» атты 900 беттік ауқымды еңбегін жазып, ядролық полигонның ащы шындығын ашып берді. Бұл еңбек – жазушының туған жеріне деген перзенттік махаббаты мен азаматтық ерлігінің көрінісі.
Рас, қазақтың біртуары – Медеу Сәрсеке еңбегіне қарай лайықты құрметке де бөлене білген жан. Ол «Құрмет» орденінің иегері, Семей қаласы мен Баянауыл ауданының құрметті азаматы, еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарының құрметті профессоры. Оның 8 томдық шығармалар жинағы – бүгінгі оқырманның рухани сұранысын өтеп отырған, мемлекеттік маңызы бар асыл қазына екені даусыз.
АРДА БИ





