Талдықорған: +1°C
$ 502.27
€ 597.15
₽ 6.57
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

Cабырмен сүрген ғұмыр

25.01.2026
ЖАНСАРАЙ, РУХАНИЯТ
Cабырмен сүрген ғұмыр
WhatsAppTelegramFacebook

Мәңгілік тоя алмайтын шәрбатына,
Екеуміз екі айырылдық Алматыдан.
Сен шығысқа кетіп ең, сондықтан да,
Күннен сені көрем деп таңды атырам…

Жастықтың оттай ыстық шағында, Алматыдан екі жаққа айырылған екі жүрек… Ақын Темірхан Медетбектің ғұмырлық жары Шолпан Қабдырашитқызына сағыныш болып жеткен өлең жолдары бүгін бір тағдырдың ғана емес, бір дәуірдің де сырлы шежіресіндей оқылады.

Бұл – жай ғана махаббат жыры емес. Бұл – сағыныштан басталып, өмірлік сертке айналған ұлы сезімнің алғашқы лебі. Осы өлең жолдарынан бастау алған тағдырлы жол жарты ғасырдан астам уақытқа созылған ортақ ғұмыр шежіресіне айналды. «Жақсының жары» айдарының жаңа бір беті ақын Темірхан Медетбектің жан жары – Шолпан ТӨЛЕГЕТАЙ жайлы болмақ.

– Мен – Шолпан Қабдырашитқызы. Өмірімді біреу емес, тағдырдың өзі жазып бергендей. Кейде артқа қарап отырып, бір адамның ғұмырына осыншама ауырлық пен осыншама үміт қалай сыйып кеткеніне өзім де таңғаламын, – дейді ол өткенін тебірене еске алып.

Әкесі Қабдырашит – отбасындағы төрт ағайындының тұңғышы. Інілерінің бірі Ғабдулғани сонау Жапон соғысынан бастап жеті жыл бойы майдан даласында болып, елге аман-есен оралған. Бірақ бейбіт күннің өзі оларға тыныштық сыйламапты. Елге келген соң атасымен бірге қырманда қалған дәндерді жинап алады. Біреулер соны көрсетіп, ақыр соңында сотталып кетеді.

– «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, жеті жыл түрмеде отырса да елге тірі оралып, отбасын құрды, – дейді кейіпкеріміз.

Әкесі ескіше оқып, хат таныған, Құранды білгенімен діндар болмаған. Мұның себебін сұрағанда: «Қолымыз қанға малынған», – деп қысқа қайыратын. Қартайған шағында тромбасы үзіліп, аяғын кесу керек дегенде: «Кәрі шағымда аяғымды баспай қалай жүремін?» – деп кескізбей қойыпты. Содан көп ұзамай өмірден өткен.

– Қабдырашиттен тараған екі баламыз. Өзімнен кейінгі жалғыз бауырым – Мұхамед Өскемен қаласының маңындағы Глубокий ауданында тұрады, – дейді жақсының жары.

Анасы – Бағдат Көкенқызы. Байдың қызы болған. Нағашы ата-апасы 1928 жылғы бірінші тәркілеуге ілігіп, Сібірге жер аударылған. Соғыс кезінде шешесінің ағасы елге оралайық деп Қазақстанға қоныс аударады. Алайда көшіп келген соң мұндағы шолақ белсенділер қолындағы бар мүлкін тағы тартып алады.

– «Әкеміздің байлығынан азаптан өзге еш нәрсе көрмедік қой» дейтін еді анам, – деп жалғады әңгімесін Шолпан апа.

Нағашы ата-апасы ескіше де, орысша да хат танығандықтан шығар, анасы да өте білімді, сауатты адам болған.

– Біздің үйге келген сайын «Жұлдыз» журналын жинап алып кететін. Менің кітапқа құмарлығым, сірә, сол кісіден жұққан-ау, – дейді ол.

Айтуынша, әкесі анасынан бір мүшелге үлкен екен.

– Бірінші әйелінен – Бижамалдан бала болмапты. Соғыстан жараланып, 1943 жылы еліне қайтады. Келген соң 18 жастағы анама үйленіпті. Өткен күндерін есіне алғанда анам: «Біздің үйдегілер менен тезірек құтылу үшін күйеуге бере салған ғой», – деп күлетін еді. Ал 1946 жылы мен өмірге келдім. Әжем Меңкабану (татар қызы) есімімді кіші қызы Гүлжамалға ұқсастырып Нұржамал қойғысы келгенімен, әкем Шолпан қоямын депті.

Ата-анам Шығыс Қазақстанның Қытаймен шектесетін Аршаты деген жерде тұрған. Тұрмыстары өте жақсы болыпты. Кейін Большой Нарын (қазіргі Үлкен Нарын) ауданына қоныс тебеді. Ал мен өмірге келген осы ауданға қарасты Жаңатал деген ауыл кейін су көтеріліп, астында қалыпты. Содан таудың бөктеріндегі Көктерек деген ауылға көштік. Осы елді мекендегі сегізжылдық мектепті бітірдім. Одан кейін әкемнің інісі Ғабдулғани тұратын Самар ауданына қарасты Палатцы деген жерге қоныс аудардық. Бірақ мұнда қазақ мектебі болмағандықтан, Самардағы әкемнің қарындасының үйінде тұрып оқыдым. 

Қизамаш деген тәтеміздің қызы бізге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Өте білімді, көп оқитын адам еді. Сол кісінің тәлімімен білімге, кітапқа деген құштарлығым артты. 10-сыныпта оқып жүргенде Қадыр Мырзалиевтің «Ой орманы» атты өлеңдер жинағы шықты. Соны жастанып оқыдым. Одан кейін Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә», «Алғашқы ұстаз», «Қызыл орамалды шынарым» секілді повестерін және басқа да әдеби шығармаларды түн ортасына дейін оқитынмын. Мені көріп Қизамаш тәтем: «Әлі отырсың ба?» – деуші еді.

Ал 3-4-сыныпта оқып жүргенімде шамның жарығымен Жолдыбала атама батырлар жырын оқып беретін едім. Бұл жырды өзі жатқа білетін, бірақ мен оқысын десе керек. Жалпы ол кісі қазақтың қисса-дастандарын жаңылмай айтатын.

Мектеп кітапханасынан Пушкиннің Наталья Гончароваға жазған хаттарына дейін оқыдым. Осының бәрі – білімге, кітапқа деген құмарлық қой, – деп ағынан жарылды Шолпан Қабдырашитқызы.

Ол 1965 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтының тарих факультетіне түседі. Сол кезде Темірхан Медетбек екінші курста оқып, күрес секциясына қатысады екен.

– Менің курстастарым – Шапай, Шыңғыс, Оңдасын, Сабыр да сол секцияға қатысатын. Содан олар Темірханмен араласып, ақырында мені таныстырды. Басында бірге орталық кітапханаға барып жүрдік, – деп жалғады сөзін кейіпкеріміз. – Ол орысшаға аса жетік болмаса да алғашқы оқыған кітабы Виктор Гюгоның «Собор Парижской Богоматери» атты романы болды. Түсінбеген жерлері болса, мен айтып көмектесетінмін. Осылай бір-бірімізге бауыр баса бастадық.

Екінші курста ол мені өзімен әдеби кештерге ертіп баратын болды. Ең алғашқы барған әдеби кеш Мұхтар Әуезов жайлы еді. Сол кеште Әлкей Марғұлан тамаша сөздер айтып, қызықты мәліметке қанық болдық. Мұндай оқымысты адамды алғаш рет көрдім. Бұдан кейін де Темкеңе ілесіп талай поэзиялық кештерге бардым. Соның бірі – Кеңшілік Мырзабековтің кеші.

1966 жылдың қараша айында үйлендік. Екеуміздің арамыз бір ғана жас. Ол үшінші, мен екінші курста оқимын. Темкең менің курстастарыммен етене жақын араласты. Солардың ұйымдастыруымен Алматының екінші шағынауданындағы «Ромашка» кафесінде тойымыз өтті. Жігіттер ақша жинап, қажетті барлық затымызды сатып алып берді. Пәтерден-пәтерге көшіп жүріп, біразы қирап та қалды. Ал тойымызға екеуміздің де ата-анамыз келген жоқ. Менің әке-шешем тұрмысқа ерте шықты деп ренжіген ғой.

Үйленгеннен кейін Темірхан «Социалистік Қазақстан» газетіне корректор болып жұмысқа орналасты. Басымызда баспанамыз жоқ, пәтер жалдап тұрдық. Бірде таңертең есік алдына қара «Волга» кеп тұр. «Темірханды шұғыл жұмысқа алып келіңдер деп» көлік жіберген екен. Үкіметтік «Волганың» келгенін көрген көршілер аң-таң болып қалыпты. Сөйтсе, газетке шыққан «Эфиопия мен СССР арасындағы қарым-қатынастар» деген мақала тақырыбындағы «қатынастар» сөзі қате басылып, «қатынсатар» болып кеткен екен. Газеттің бас редакторы Ұзақ Бағаев ешқандай шара қолданбай-ақ: «Өз еркіңмен арызыңды жазып шыға ғой», – депті. Мұнан кейін телевидениеге жұмысқа орналасып, екі жылдай еңбек етті, – дейді ол.

1967 жылы тұңғыш ұлдары дүниеге келеді.

– Баламыз қырқынан шықпай жатып Темірханның анасы қайтыс болып кетті. Енемді соңғы сапарға шығарып салып Алматыға қайтып келгенімізбен, үйдегі әкесінің жайы болмай қалып, төсек тартып жатып қалды. Содан Темірхан екеуміз төрт айдай қасында болдық. Келін болсам да өз әкемдей күтіп, қарадым. Түркістанда өзбектер көп тұрады ғой. Сондағы өзбек көршілер атамның асты-үстіне түсіп жүргенімді көріп: «Әулетке берілген келін», – деп мақтайды екен. Бір қызығы, атам бірдеңе сұраса, біздің атымызды емес, екі жыл бұрын қайтыс болған кемпірінің есімін айтып шақыратын-ды. Көп ұзамай ол кісі де өмірден озды.

Ары-бері шапқылап жүргенде Темірханды жұмыстан шығарып жіберді. Бұл 1969 жыл болатын. Алматыда баспанамыз жоқ, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген кез. Тіркеуде де жоқпыз, онсыз жұмысқа ешкім алмайды. Ауылда тұратын менің ата-анам шамалары келгенше отыз мыңдай ақша жібереді. Темірханның алдында үш апайы болды, бірақ өздері де балалы-шағалы. Сөйтіп жүргенде Салымжан Еркебаев деген Оралдың жігіті Маңғыстауға баратын болып, мұны Темірханға айтыпты. Содан ол да сол жаққа баруды ұйғарыпты. Үш-төрт айдың ішінде мені екі баламмен төркінге апарып тастап, Маңғыстауға аттанды. Он айдан кейін келіп, бізді алып кетті.

Бұл жаққа келгенде де газет-журналдарға өлеңдері жарияланып жүріпті. Сол кезде айтыс өтіп, соған қатысып, Ералиев (қазіргі Құрық) кентінен екі бөлмелі үй ұтып алған. Бізді осы пәтерге алып келді. Мұнда келген соң ақшамызды жинап, Алматыдан пәтер аламыз деген ой болды. Алайда оның еліне, менің еліме қатынап жүріп, тапқан ақшасы жолмен кетіп қалатын еді. Жиырма бес жыл Маңғыстауда тұрдық қой, – деп ақтарылды ақынның жары.

Шерхан Мұртаза Темірханды «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстаудағы меншікті тілшісі етіп жұмысқа алады. Бұдан кейін ол республикалық телерадиокешеніне ауысып, оны Маңғыстаудағы телевидениеге тартыпты.

– Үш ұлымыз – Дәуір, Батыр, Ербол – онжылдықты Маңғыстауда бітірсе, Заңғарымыз сегізінші сыныптан кейін Алматы қаласындағы Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне оқуға кетті.

1996 жылдың маусым айында Темірхан Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болып сайланып, Алматыға қоныс аудардық. Алайда баспана жағы қиындау болды. Сонда маңғыстаулық достарының бірі – Меңдеш Салықов, мұнай-газдың бас директоры еді. Ол жиналыс ашып, шешім шығарып, ақша бөлгізіп, Алматыдан төрт бөлмелі үй алып берді. Сол досы талай кітабының шығуына да көмектесті. Қазір ол Оралда тұрады.

Кейін төрт бөлмелі үйімізді сатып, кеңейттік. Ал Маңғыстаудағы үйді сатып, Көркемсурет училищесінде оқып жатқан ұл үйленіп, соған Алматыдан үш бөлмелі үй алып бердік.

Не дейін… Мен өзімді батыр әйелмін деп ешқашан ойлаған емеспін. Тек Темірхан Медетбекке адал жар болуға тырыстым. Жақсының жары болу – атаққа бөлену емес. Жақсының жүгін бірге көтеру. Жоқшылық та, сергелдең де, көз жасы да – бәрі бір тағдырдың сабағы болыпты. Бүгін артқа қарасам, бәрі де бекер емес екен. Тағдыр мені осы жолға дайындаған секілді.

Тарих факультетіне түссем де, оны аяқтамадым. Кейін Целиноградтың есеп-несие техникумын сырттай бітіріп, өмір бойы бас есепші болып еңбек еттім, – деген Шолпан апа әңгіме желісінде ата-енесі жайлы да айтты.

– Енем Жадыра Байдалықызы мен атам Медетбек Жауғашбайұлы өте тамаша адамдар еді. Мен келін болып түскенде ауылдағы әйелдер басыма үлкен бір шәліні жауып сала салды. Біз жақта ондай жоқ қой. Орамалдың астында көзімді сығымдап жылап отырмын. Сонда енем келіп: «Менің келінім орамал тақпайды», – деп шәліні алып тастады.

Келін деген атым болмаса, қолдарында тұрған жоқпын. Екеуміз де студентпіз. Олар біздің үйге де келген емес.

Темкеңнің әкесі үш ағайынды екен. Әлімбек пен Фәзілбек деген бауырлары болыпты. Әлімбек соғыста мерт болып, соның екі баласын Темкеңнің ата-анасы тәрбиеледі.

Темірхан өлеңді тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезінде жаза бастаған. 19 жасында «Лениншіл жас» газетіне өлеңдері жарияланды. Алғаш Алматыға келгенде Әбу Сәрсенбаевты іздеп барып, сол кісі өлеңдерін ұнатқан екен. Ол жетектеп «Лениншіл жас» газетіне апарып, бөлім басшысы болған Әбіш Кекілбаевпен, Жазушылар одағындағы Жұмекен Нәжмеденов, Қадыр Мырзалиев ағаларымен таныстырған.

Кейін Жұмекен Нәжімеденовпен жақсы араласты. Бала-шағамызбен сол кісінің үйінде қонақтап жататын едік. Сол тұстары ақын-жазушылардың үйіне барғандар білдірмей кітап алып кетеді екен. Оның кітаптары зал бөлмесіндегі сөреде тізіліп тұратын.

Бірде біз үйіне барып, жиналып шыққалы жатқанда Жұмекен ағамыз кітаптарға сүзіле қарап тұр екен. Мұны білетін мен: «Аға, біздің кітап ұрлайтын әдетіміз жоқ», – деп күлімсіредім. Ол болса қысылыңқырап қалып: «Жоқ, қалқам, мен Темірханға кітап берейін деп қарап тұр едім», – деді. Содан Темкеңе бельгиялық ақын Эмиль Верхарнның кітабын берді.

Темірханның қай қыры мені өзіне тартты дейсің ғой. Темкең өте тентек жігіт болды. Қыздар да сондай балаларды жақсы көреді емес пе?! Содан кейін ол мені үнемі әдеби кештерге ертіп апарып жүретінді. Тарих факультетінде оқығандардың әдебиетпен сорпасы қосылмайды ғой. Бірақ мен бала кезден әдеби ортаны жақсы көріп өстім.

Бірде біздің оқу орнында Қажым Жұмалиев деген профессор Әбу Сәрсенбаевтың алпыс жылдық мерейтойына орай ақынмен кездесу кешін ұйымдастырды. Сол кеште Қажым ағай мені дауыстап шақырып: «Мына гүлді ақын ағаңа табыстайсың», – деп шоқ гүлді қолыма ұстатты. Ол кісі мені танитындай сабақ бермейді, алайда тағдырдың өзі үйлестіріп тұрғандай ма деймін әлі күнге дейін… – деп тебірене сөйледі. Сәл үнсіздіктен соң:

– Темкең жазуға отырғанда күй таңдамады. Үйге қонақ шақырып қойсаң да, жазуын бітпейінше келе қоймайтынды. Ол тек жақсы ақын ғана емес, адал жар, жақсы әке болды. Отбасына деген көңілі қашанда биік еді, әркезде уақытын бөлетінді.

Ал ең алғашқы кітабы 25 жасында жарық көрді. Маған арнап та талай өлең жазды. Дегенмен кейінгі жылдары өлеңді онша жазбай жүрді. «Жазсам ойларымды қайта қайталайтындаймын», – дейтін. Содан мен оған: «өмірде бар жақсы мен жаманды көріп, көңілге көп дүниені түйдің. Сол ойларыңды естелік етіп жазсаңшы» – дедім. Сол кітабы өткен жылы 80 жылдық мерейтойына орай жарық көрді.

Екеуміз жастай үйленгендіктен, өлеңдерінің алғашқы оқырманы да, тыңдарманы да болдым. Сол кездегі жатталып қалған өлеңдері әлі күнге дейін есімде. 22-23 жасында жазған «Тынышыңды алам, дүние» атты өлеңін оқып берейін, – деген ол жыр жолдарын тұшына оқыды. Біраз кідірістен соң:

– Екеуміз бірге 58 жыл, 6 ай ғұмыр кештік. Құдайға шүкір, келін түсіріп, немере, немереден шөбере де сүйдік. Темкең соның бәрін көзі тірісінде көріп кетті. Қазіргі уақытта ағаларың туралы жазылған естеліктерді жинастырып, жылдық асына қарсы кітап етіп шығарсам деп отырмын, – деп түйді сөзін Шолпан Төлегетай.

Осы бір тағдырлы ғұмырдың, үнсіз төзімнің, адал серіктіктің поэтикалық айғағындай болып, Темірхан Медетбектің жарына арнаған өлеңі де бар:
Шолпан!
Сен маған –
Қайда барсам да!
Көлеңкем құсап
Еріп жүрдің.
Не істесем де
Көніп жүрдің.
Омыртқам сынғандай
Ойсырап қалған кезімде
Жебедің.
Қаңсырап қалған кезімде
Демедің.
Тәнтімін!
Сен мені жаныңдай
Жақын көрдің.
Теңдесі некен-саяқ
Ақын көрдің.
Арыстандай ақырып,
Жолбарыстай бүктетіліп
Ширыққан кезімде
Сен маған басу айттың.
Адасқан кезімде
Бетіме шыжғырып
Ашып айттың.
От пен ошағыма,
Сендей қосағыма –
Екі дүниеде ризамын.
Бұл жолдарда – ақынның жүрек сөзі ғана емес, «жақсының жары» атанған бір қазақ әйелінің тағдыр алдындағы үнсіз ерлігі, махаббат алдындағы адалдығы, өмір алдындағы сабыры жатыр.

Жастықтағы сағыныштан басталған махаббат өмірлік сертке айналып, бір дәуірдің сырлы шежіресіне ұласқан.

Бұл – ақынның жырына арқау болған көрінбейтін, бірақ ең берік тіректің тағдырлы тарихы. Бұл – жақсының жары болудың шынайы мәні.

 

Сарби ӘЙТЕНОВА

Қатысты жаңалықтар

Қазақстанның тестілеу жүйесі жаңа деңгейге көтеріледі: ҰТО мен ETS стратегиялық келісімге келді

Қазақстанның тестілеу жүйесі жаңа деңгейге көтеріледі: ҰТО мен ETS стратегиялық келісімге келді

28.01.2026
Жасанды интеллект: Pinterest-те жаппай қысқарту болмақ

Жасанды интеллект: Pinterest-те жаппай қысқарту болмақ

28.01.2026
Қазақстан мен Германия: Стратегиялық әріптестіктің жаңа технологиялық белесі

Қазақстан мен Германия: Стратегиялық әріптестіктің жаңа технологиялық белесі

28.01.2026
Әскерде тағы бір сарбаз қаза тапты

Әскерде тағы бір сарбаз қаза тапты

28.01.2026
Қазақстан мен «ExxonMobil»: Энергетикалық серіктестіктің жаңа кезеңі

Қазақстан мен «ExxonMobil»: Энергетикалық серіктестіктің жаңа кезеңі

28.01.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.